
– Енисей, ізде! – деп Қуанышбек өзінің төрт аяқты серігіне бірнеше мәрте бұйрық бергенімен, қуатты табандары бар, кең жауырынды бельгиялық тұқымдас төбет өз иесіне таңғалған түрмен қарап тұрды. Себебі ол қожайынының өзінен нақты нені қалап тұрғанын түсіне алмай тұрған болатын.

Өзінің «шекарашылық қызметін» ол «беске» білетін. Осыған дейін де өзінің иісшілдігінің арқасында Енисей қаншама мәрте «Дабыл» тобын тура шекара бұзушыға бастап барды. Себебі шекарада бәрі анық әрі түсінікті еді. Бастысы, пайда болғанына көп уақыт бола қоймаған белгілі бір ізді дәл «анықтау» керек. Ал мына жерде жағдай мүлдем басқаша. Жан-жақтың бәрінде қалың қар және олай-бұлай жүріп жатқан адамдардың қарасы көп. Мұндайда нені іздеу керек, бастысы қалай?
Кинолог итінің алдында тізерлеген қалпы, оның тұмсығын екі қолдап ұстап тұрып, төбеттің ақылды көздеріне үңіле қарап: «Енисей, сен түсінші. Мына қалың қардың астында адамдар жатыр. Оларды тез арада табуымыз керек. Оларға біз екеумізден басқа ешкім де көмектесе алмайды. Кәне қымбаттым, іздей ғой. Біз міндеттіміз! Біз табуға тиіспіз!» – деді.
Бейнебір иесінің сөзін дәл түсінгендей, Енисей өзінің жирен жалын күдірейткен қалпы күртік қарды иіскелей бастады. Бұл оған үйреншікті іс болатын. Алайда қардың қалыңдығы ол секілді тәжірибелі төбет үшін де қиын шаруа болып шықты. Тек арада бір-екі сағат өткенде ғана барып, овчарка адамдардың иісін сезіп, үлкен қар үйіндісін алдыңғы екі аяғымен қаза бастады. Ефрейтор Қуанышбек Қарбозов та бірден саперлік күрекпен қарды қазуға кірісіп кетті.
Бес метрлік тереңдікте жауынгер жатқан болатын. Әлсіреп қалған әрі денесін әбден суық шалғанымен, ең бастысы ол әлі тірі еді. Мұны көрген шекарашының бойын қуаныш кернесе, адамды сәтті іздеп тапқанын білген Енисей де мақтаныш сезіммен құйрығын бұлғаңдатып қойды. Бір адамның өмірі аман қалды. Бірақ... қалың қардың астында әлі де 22 адам жатыр еді...
***
Келісімшарт қызметінің ефрейторы Қуанышбек Қарбозов өзінің тәуліктік кезекшіліктен әбден шаршап шыққанына қарамастан, өзіне бекітілген қызмет иті Енисеймен бірге «Дабыл» тобының құрамында шатқалға шұғыл аттанды.
Шекарада 2012 жылдан бері қызмет атқаратын осынау шекаралық жұп әрқашанда тамаша жетістіктерімен көзге түсетін. Қуанышбек талай мәрте өзінің сенімді көмекшісімен шекара бұзушыларды ұстады және контрабандаларды тауып алған болатын. Сондай-ақ Шекара қызметінің кинологтері арасындағы «Ең үздік іздеу тобы» аталымы бойынша «Оңтүстік» аймақтық басқармасы мен Тараз шекара отрядында өтіп тұратын жарыстарда бірнеше мәрте жеңімпаз атанған.
Ұтымды жұптың бай тәжірибесі мен кәсібилігін ескере отырып, олардың бұл жолы да алдарына қойылған қызметтеріне тән емес тапсырманың үдесінен шығып, әскери қызметкерлерді қар тұтқынынан дер уақытында құтқара алатынына ешкімде күмәнданған жоқ.
***
Шатқалда шығыс бағыттан ызғарлы, қатты екпінмен жел соғып тұрды. Бірақ бельгиялық тұқымдас төбет Енисей мен кинолог ефрейтор Қ.Қарбозовтан тұратын шекаралық жұп өздерінің сәтті бастамаларынан шабыттанып, суықтан тоңып, шаршағандарына қарамастан, іздеуді жалғастыра берді. Әрі құтқару жұмыстарының басталғанына біраз уақыт болғандықтан, шұғыл қимылдау қажет еді. Әрбір минут маңызды болатын. Қар құрсауында қалғандар қалың қардың астында тұншығып қалуы анық еді. Құтқарушылардың барлығында да тура бір ажалмен жарысқа түсіп жатқандай сезім болды.
Алайда шекарашы өзінің төрт аяқты серігімен қатты аяз бен ызғарлы желге қарамастан, ажалдың сұм тырнағынан жауынгерлерді біртіндеп суырып шығарып аман алып қалып жатты. Қар құрсауынан босатылған он алты жауынгердің оны ефрейтор Қ.Қарбозов пен оның шекарашы овчаркасының арқасында құтқарылған болатын.
Құтқарылған жігіттердің әке-аналары, жұбайлары мен балалары көздеріне жас алып, Қуанышбекке шынайы алғыстарын айтып, Енисейдің алдыңғы оң аяғын ұстап сілкілеп қойды. Шекарашы төбет те олардың әрқайсысына қызығушылықпен қарайды.
Барлығы да, егер де сол уақытта шатқалда Қуанышбек Қарбозов болмағанда қар көшкіні астында қайтыс болғандардың саны жетеу емес, одан әлдеқайда көп болатындығын жақсы түсініп тұр еді.
– Менің әкем үшін сізге үлкен рақмет! Оны құтқарғаныңызға рақмет, – деді қатты толқығаннан дауысы діріл қаққан жеті жасар балақай.
Қарбозов балаға қарады. Жанары жасқа толған балақайдың жүзінде ауыр мұңның табы әлі де сақтаулы еді. Ол баланы қолына алып, құшағына қысты. Сол-ақ екен бүлдіршіннің туған әкесінен айырылып қалам ба деген қорқыныш сезімін өзінің тұла бойымен сезінген шекарашының көздеріне сақиналанып жас тұнды. Ол баланы жерге түсірді де, өзі Енисейге еңкейіп, итінің құлағының түбін еркелете қасыды: «Оған рақмет айт. Сенің әкеңді сол тапты».
Шекарашы ит бейнебір бәрін түсінгендей, басын сәл қисайтқан қалпы, балақайға өзінің алдыңғы оң аяғын ұсынды...
***
Шекарашылық шеберлік пен өз міндетіне шынайы берілгендігі үшін ҰҚК Шекара қызметінің Әскери кеңесінің шешімімен ефрейтор Қуанышбек Қарбозов «2017 жылдың Үздік шекарашысы» болып танылды.
2017 жылдың 17 ақпанында Жамбыл облысындағы Көксай шатқалында 91678 әскери бөлімінің жауынгерлері жоспарлы әскери жаттығулар өткізіп жатқан уақытта күтпеген жерден қар көшкіні орын алды. Алдын ала мәлімет бойынша қар көшкінінің астында Қорғаныс Министрлігінің таулы-егерьлік полкінің 23 жауынгері қалып қойған.
Оқиға орнына шұғыл түрде 75 адам мен жеті техникадан тұратын құтқарушылар бөлімі жіберілді. Олардан бөлек, құтқару-іздестіру жұмыстарына таулы-егерьлік полктің 60-тан астам жауынгері жұмылдырылды. Алайда арада бірнеше сағат өтсе де, іздеу еш нәтиже бермеген.
Қайғылы оқиға орын алған жерге жақын аймақта шекара заставасы орналасқан болатын. Шекарашылар да дабыл белгісін қабылдай сала шұғыл түрде көмекке ұмтылды. Міне, соның нәтижесінде 22 жауынгердің жетеуінен басқасы аман қалды.