
Ерлік дегеніміз «қалыпты өмірден», оның барлық
қуаныштары мен рахатынан ерікті түрде бас тарту.
Ю. Батурин «Властелины бесконечности»
2011 жылғы 5 желтоқсанда екі майор жерленді. Қоштасу өтетін ҰҚК Шекара академиясында шұбатылған кезек тұрды. Майор Долговқа, майор Алпысовқа және жалпы «А» қызметіне құрмет көрсету үшін келген адам легінде есеп болмады.
Роман мен Тахир парадтық мундирде жатты, олардың жүзінен жайбарақаттылық байқалып тұрды. Отан үшін иық тіресіп соғысқан аталары секілді, қазақ пен орыс қатар жатты.

Қаралы гүлдестелерінде «Батырларға мәңгілік тағзым», «Сіздер біздің жүрегімізде өмір сүретін боласыздар» деген жазулар болды. Әйелдері, балалары, жауынгер достары жылап, генералдар мен офицерлер көздеріне жас алды.
Боралдай кентіндегі операцияға қатысқаны үшін майор Долгов пен Алпысов қаза тапқан соң ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

«Self-made man» деген ағылшынша тіркес бар. Өзін-өзі қалыптастырған адам. Әдетте, ешкімнің көмегінсіз табысқа жеткен адамдарға қатысты айтылады. Табыстың көрсеткіші ретінде жай ғана қарапайым да түсінікті сөз қолданылады – байып кетті...
Долгов және Алпысов үлкен байлыққа кенелген жоқ. Бірақ жеткен биіктеріне өздері жетті. Шындығында олар өздерін өздері қалыптастырды.

Роман Ресейде туғанымен, әкесінің қызметі бойынша отбасы Қазақстанға көшіп келді. Балалық шағының көп бөлігін кітап оқумен өткізді, арасында бокспен айналысты. Ол заманда алматылық жасөспірімдер аудан-ауданға бөлініп жүретін – бұл романтика болып көрінетін. Ал Романға мұндай нәрсе қызық емес еді.
ҰҚК Әскери институтының Командалық факультеті оның талдау қабілетін, психологиялық талантын, тіпті театралдық дағдыларын дамытты. Ол тамаша актер және отырыстың сәні еді.

Ал содан кейін ең үздіктерін таңдап алу үшін училищеге «А» қызметінің адамдары келді. Ол бірден түсінді, күткені де осы болатын. Ерекше адамдар, құпия батырлар, мықтылардың мықтысы. Іріктеу қатаң өтті, шақырымдарға созылған кросс, тартылу, жекпе-жек бойынша күш сынасу. Ол бәріне шыдады, өтті.
«А» қызметіне келген соң Роман өзінің барлық қабілетін көрсетті, қысқа мерзім ішінде жауынгерлік топқа жетекшілік ете бастады. Жауынгер достарының арасындағы «Рауль» деген шақыру белгісі сенім мен құрметтің нышанындай болды.

Өмір өтіп жатты. Жұбайы Наталья оған періштедей Анастасия мен София есімді өзі шексіз сүйіп, өбектейтін екі қыз сыйлады.
Тахир арнаулы бөлімшеде сәл аздау қызмет етті. Батыл да батыр, өмірге құштар, елпілдеген жолдас еді.

Алматы қаласындағы Туризм және спорт академиясын бітіргеннен кейін әскери жолын бастады. Білекті боксшы өзінің қабілетін әскери қызметте көрсете білді. «А» қызметіне Бас барлау қызметінің дайындығы мол офицері ретінде келді. Шетелдегі отты нүктелерде болған талай операциялардың ортасынан өткен еді.
Қызметтестері Ирактағы операцияларды еске алғанды ұнататын, жай ғана қазақ баласы, өз елін лайықты көрсете білді, онысымен әрдайым мақтанатын. «Қазбат» өзінің борышын өтеп қайтты, ал оның батырлар тізімінде Тахирдің есімі мәңгілікке қалатындығы сөзсіз.
Романдікі секілді, Тахирдің де Темірлан және Томирис есімді екі құлыншағы өсіп келе жатты, олар әкелерінің кенеттен қызметке қарай құстай ұшатындығына әбден үйреніп алған-ды, ал Тахирді қызметке шақырған кезде әрдайым тамағына өксік тығылғандай болатын оның жұбайы Ләйлә туралы не айтарсың.

Қайғылы оқиға 3 желтоқсанда болды. Алматыдағы қарапайым сенбі күндерінің бірі еді. Қала мереке алдындағы қарбаласта болатын. Еліміз тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлауға дайындалып жатты, қырау басқан ағаштар мен көшедегі жаңа жылдық безендірулер сиқыршылар әлемін еске салғандай еді, ойша балалық шаққа саяхат жасап кеткеніңді байқамай да қаласың… Бұл күні «А» қызметінің жігіттері бірнеше айға созылған қауырт жұмыстан бір сәтке босап, үйлерінде демалып жатқан-ды.
Кешкі сағат сегіздер шамасында Қызметтің кезекші бөлімінде дабыл соғылып, жауынгерлік топтың Боралдай кентіндегі Шпак көшесіндегі 43-үйге бару керектігі туралы хабарланды. Роман мен Тахир жауынгерлік топтың құрамында алғашқылардың бірі болып аталған мекенжайға аттанды. Жолға шыққан көліктің ішінде шыбын ызыңы естілердей тыныштық орнады, тапсырманың күрделі болатындығын жігіттер түсінді, толқып отырғандықтары сезілді.
Осы кезде Романға жұбайы телефон соғып, Софаның балығы бар аквариумды сындырғандығын хабарлады. Кейінірек жігіттер айтқандай, бұл әлдебір нәрсенің белгісі еді. Рома да бірдеңені сезгендей: «Жігіттер аспай-саспай жұмыс істейміз, абайлап аламыз. Бізді үйде күтіп отыр...» - деді.

Боралдай кентіндегі әкімдікке жеткен кезде «Аян» есімді топ жетекшісі жедел топпен өзара хабарласып, ақпарат алады, яғни шағын үйде террорлық топпен байланысы бар ер азамат отбасымен бірге тұрып жатыр екен. Жедел ақпаратқа қарағанда ол адамның басқа қылмыскерлердің мекенжайларын білуі мүмкіндігі және оның «Оса» деген травматикалық тапаншасының кәдімгі оқ атуға лайықталып жасалғандығы айтылды.
Бірақ шағын үйде террорлық топтың барлық 5 адамы да бар екен. Қылмыскерлердің қолында екі Калашников автоматы, екі Макаров тапаншасы және екі РГД-5 гранатасы болды. Осы кезде ұйымдасқан қылмыстық топтың алтыншы мүшесі азық-түлік алу үшін дүкенге шығып кетіп, ҰҚК қызметкерлерінің келгендігін сол хабарлап үлгерген болса керек.

Жауынгерлік сапқа тұрған топ қызметкерлері аулаға қақпа арқылы еніп, ақырындап шағын үйдің есігіне жақындайды.
Айналада өлі тыныштық орнағандай еді, тек әрі-бері өткен машиналардың дыбысы мен радиостанцияның сырылы ғана естіліп тұрды. Барлығы ойша өз қимылдарын пысықтап, барлық назарын осыған аударды.
«Алға!» деген бұйрық берілді. Романың тобы кішкентай ағаш есікке таяды. Бірінші болып қолына қалқан ұстаған Тахир, содан кейін Рома жүрді.

Өзінен жарты метр жерде тұрған еркекті көріп, Тахир көзді ашып-жұмғанша қарғып барып, оны еденге алып ұрады. «Жат! Полиция!» деп айқайлайды.
Ол осылай команда берген кезде, басқа бөлмедегі қылмыскерлер қолдарындағы бар қаруларымен атысты бастап кеп жібереді. Тахир иығынан жарақаттанып, алға қарай құлайды. Радиостанция арқылы Тахирдің жараланғандығы хабарланады.
Романның алдынан терроршылар тікелей ататын кеңістік пайда болды. Енді Роман жауынгерлік саптың біріншісі болып шыға келді. Кері шегінбей, бетпе-бет келген қашықтықтан ата бастады, терроршылар да оқпен жауап қатып жатты.

Бөлмеде тығылып жатқан терроршыларды көрген жаралы Тахир соңғы күшін жинап айқай салады: «Автоматы бар үш адамды көріп тұрмын!».
Осы сәтте Роман артында тұрған қызметкерге «Ронин, ат!» деп бұйырады. Екі жауынгер де қылмыскерлермен бетпе-бет келіп үздіксіз атысты.
Жағдай асқынып кетті. «Гранатаны лақтыр!», «Ронин, Таханы алып шық, мен жаба тұрамын!» - деп Роман атысқа басшылық жасап жатты.

Оқтың қарша жауғандығы сонша, Тахирді бірден алып шығудың сәті түспеді.
Терроршылар «Аллах Акбар» деп айқайлап, бір-бірін қолдап, автоматтан тоқтаусыз атып жатты.
Роман тізерлей отырып қалды, мойнынан аққан қан бронды кеудешесіне тамып, денесі босап бара жатты, өлімші болып жарақаттанған еді.

«Ронин» қылмыскерлері бар бөлмеге бірінің артынан бірі үш граната лақтырады. Ал Роман қимылсыз жатты.
Бір сәт тыныштықты радиостанция үні бұзды: «Эвакуация! Рома – 200, Таха - 300». Мұны естіген жауынгерлердің көздерінен жас тамды.

Бұдан кейін жауынгерлер газды және гранатометтерді қолданып, шешуші шабуыл жасады, нәтижесінде 5 қылмыскердің көзі жойылды.
Ертеңіне таңертең жүректері қарс айырылған жауынгер достары Роман мен Тахирдің үйлеріне келді. Наталья мен Ләйлә бәрін айтпай-ақ түсінді.
Күйеулерінің кештеп оралуы әдетке айналғандай еді. Шаршағанмен көңілдері көтеріңкі болатын олар әйелдерін құшақтап, әңгімелерін де айтып үлгеретін. Бірге қуанатын. Дегенмен, үнемі толқып жүретін – күндердің күнінде қағылған есікті ашып қалғанда… арғы жағында форма киген адамдар тұрса… бүгінгі таңдағы секілді…