Қыр киігін сақтап қалу ортақ мұрат

Қыр киігін сақтап қалу ортақ мұрат

 

Он бесінші сәуірде «Ақбөкен» республикалық табиғатты қорғаудың көктемгі айлық акциясы басталды. Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Ішкі істер, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерімен бірлесіп, құрып кету қаупі төнген дала бөкендерін, әсіресе олардың өсімін молайту кезеңінде заңсыз атуға тосқауыл қояды.

 

 

Ақбөкендерді заңсыз аулауды ұнататындардың екі себебі бар, біріншісі ермек үшін болса, екінші себеп ретінде қосымша табыс көзі деп қарайтындары бар. Олар заманауи қару-жарақ, техника мен жабдықтарды сатып алуға ақшаларын аямайды. Пайда қуған браконьерлер заңды белшесінен басып, тіпті «Охотзоопромның» жануарлар дүниесін қорғаушы инспекторларына қару кезенуге дайын. 2019 жылы резонанс тудырған жағдай орын алды. Қайғылы оқиға салдарынан талай жыл табиғат аясын қорғап жүрген инспектор көз жұмды. Қасақана өлтірудің бұл фактісі ешкімді бей-жай қалдырмады. Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында браконьерлікті «ұйымдасқан қылмыстың аса қауіпті түріне айналғанын: браконьерлердің жақсы жабдықталып, қаруланғанын, өздерінің жазасыздығын сезінетінін» сынап өтіп, құзыретті органдарға қылмыстың бұл түрі үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.

Заңнамадағы өзгерістер браконьерлердің санын қысқартты, бірақ олардың қылмыстық әрекетін тоқтатпады. Тек соңғы екі жылдың ішінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі жануарларды (оның ішінде «Қызыл кітапқа» енгізілген) және дериваттарды заңсыз тасымалдаудың 34-тен астам жағдайын анықтады. Экологиялық залал 4 млрд. теңгеден асты.

1996 жылы Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енген киіктерге қайта оралсақ, 2002 жылдан бастап оларға төнген қауіп ең жоғарғы дәрежеде деген мәртебе берілді, яғни «CR» таңбасы, «өте қиын жағдайда» тұр деп танылды.

 

 

Дала бөкендері ерекше жануарлар. Олар шамамен жер бетінде 50-70 мың жыл бұрын пайда болып, мамонттар дәуірінде өмір сүріп және бүгінгі күнге дейін жеткен көне тіршілік иелері. Ертеректе бұл таңғажайып жануарларды Еуропаның шеткі батысынан орталық Аляска мен Канаданың солтүстік-батысына дейінгі жерлерде кездестіруге болатын еді. Алайда, XIX ғасырдың екінші жартысында адамдар дала кеңістігін тез игеріп, қоныстарын кеңейте бастаған соң Еуропада да, Азияда да киіктердің саны күрт төмендеп кетті. Бүгінгі таңда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сәйкес, әлемдегі киіктердің 90%-дан астамы Қазақстан аумағында мекендейді екен. Ғалымдар олардың арасында географиялық ерекшеліктеріне қарай үш: Бетпақдала, Орал және Үстірт популяциялары деп ажыратады. Сондықтан біз жалпы адамзат алдында осы сирек кездесетін аң түрін өз жерімізде сақтап қалуға жауаптымыз.

Соңғы екі онжылдықта киіктердің саны бірнеше рет айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. 2004 жылдарында киік санының апатты түрде, яғни 50 есе (700 мыңнан 21,1 мыңға дейін) қысқаруын байқадық. Кейінгі жылдары аталған түрдің сақталуын қамтамсыз етумен тығыз айналыса отырып, киіктердің саны 295,4 мыңға дейін жеткізілді. Бірақ 2015 жылғы мамырда жұқпалы аурудың салдарынан Қазақстандағы популяциясының үштен екі бөлігі қырылып, аң басы 108 мыңға дейін қысқарып қалды. 2019 жылғы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің деректері бойынша Қазақстандағы киіктердің саны 334 400 басты құрады.

Қазір дала бөкендерін заңсыз аулау, ең алдымен, Қытайдың және Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа елдерінің жануардың құнды мүйіздеріне деген сұранысына байланысты. Олардан жасалған ұсақ ұнтақтар халықтық медицинада кеңінен қолданылады. Емдік қасиеттері жайында кең таралған соқыр сенімнің салдары жануарлар үшін қорқынышты трагедияға айналуда.

Киіктерді зерттеу саласындағы сарапшы – ҚР БҒМ ҒК «Зоология институты» РМК териология зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Юрий Грачевтің айтуынша, киіктің мүйізін кесуге болмайды. Жыл сайын мүйіздерін тастайтын бұғылардан айырмашылығы сол, ақбөкендердің мүйізі өмір бойы өседі және олардың мүйіздерін кесіп алу өмірлеріне қауіп төндіреді.

 

 

Бірақ бұл жағдай браконьерлерді ойландырмаса керек. Сұраныстың болуы ұсынысты тудырады. Бұның дәлелі - статистика. Тек соңғы екі жылдың ішінде қазақстандық шекарашылар 1648 дана киік мүйізін заңсыз тасымалдаудың жолын кесті. Шығын 2 млрд. теңгеден асты.

Осы орайда, ҚР ҰҚК Шекара қызметі мен бірқатар министрліктердің қатысуымен басталған «Ақбөкен» республикалық акциясының арқасында дала киігін сақтап қала аламыз деген үміт бар.

 

 

Бүгінгі таңда ең басты нәрсені түсіну қажет. Браконьерлікпен күресу үшін біздің мемлекет қандай маңызды шаралар қолданса да, ол жеткіліксіз. Ең алдымен, әр адам табиғат Ананы бағалап, құрметтеуі керек. Біз тек ортақ күш-жігерімізбен ғана табиғатымыздың бай алуандығын қорғап қалып, болашақ ұрпақ қазақстандықтар үшін сақтап қала аламыз.