2020 жылғы 14 желтоқсанда «Ақтау» авиациялық өткізу пунктінде (Маңғыстау облысы) «Стамбул – Ақтау» қатынасымен № 812 халықаралық рейсті ресімдеу кезінде Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды.
Ұстау себебі жеке тексеру барысында денесінде жасырылған жалпы сомасы шамамен 7 миллион теңгені құрайтын зергерлік бұйымдар болды.
Алдын ала жүргізілген сауалнама іс-шараларының нәтижесінде көрсетілген бұйымдар оларды Ақтау қаласында сату мақсатында Түрік Республикасының Стамбул қаласында сатып алынғаны белгілі болды. Ұсталған азамат тауарларды жасыруын кедендік баж салығын төлеуден жалтару әрекетімен түсіндірді.
ҚР ӘҚБтК-нің 551-бабы «Тауарларды, қолма-қол ақша қаражатын, ақша құралдарын декларацияламау немесе анық емес кедендік декларациялау, кедендік құжаттардағы мәліметтерді анық емес мәлімдеу» бойынша іс жүргізу әрекеттері жүргізілуде.
2020 жылғы 17 желтоқсанда «Сырым» автомобиль өткізу пунктінде (Батыс Қазақстан облысы) Қазақстан-Ресей шекарасы арқылы жалпы сомасы 2 260 000 теңгеге темекі өнімін заңсыз алып өту әрекетінің жолы кесілді.
2020 жылғы 18 желтоқсанда «Жайсаң» автомобиль өткізу пунктінде (Ақтөбе облысы) «Бішкек – Санкт-Петербург» бағдары бойынша Қырғызстан азаматы жүргізіп бара жатқан «Mercedes-Benz» маркалы автокөлігін тексеруді жүзеге асыру кезінде жалпы сомасы 32 720 000 теңге болатын ұялы телефондардың ірі партиясы (409 бірлік) табылды.
Контрабандалық жүк халық тұтынатын тауарлар астындағы ашытылған сүт өнімдерінің қораптарына жасырылған.
Материалдар одан әрі іс жүргізу әрекеттері үшін Ақтөбе облысы бойынша ЭТД қызметкерлеріне тапсырылды.