Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 221 Заңы
МАЗМҰНЫ
Осы Заң жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн iске асыру және қорғау мақсатында олардың өтiнiштерiн беру мен қарауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) арыз - адамның өз құқықтары мен бостандықтарын немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын iске асыруда жәрдем көрсету туралы өтiнiшхаты не заңдардың және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң бұзылуы, өтiнiштердi қарайтын субъектiлердiң, лауазымды тұлғалардың жұмысындағы кемшiлiктер туралы хабарлама не олардың қызметiн сынау;
1-1) бейнеконференцбайланыс – өзара қашық бірнеше абоненттің нақты уақыт режимінде аудио- және бейнеақпарат алмасу мүмкіндігін ала отырып, интерактивтік өзара іс-қимыл жасасуына арналған, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пайдаланылатын байланыс қызметі;
1-2) бейнеөтініш – "Үкімет – азаматтар үшін" мемлекеттік корпорациясы жүзеге асыратын, өтінішті қарайтын субъектіге немесе лауазымды адамға жіберілген бейнеформаттағы жеке немесе ұжымдық ұсыныс, арыз, шағым, сұрау салу немесе үн қосу;
2) иесi бүркемеленген өтiнiш - ол бойынша авторын белгiлеу мүмкiн емес, қолтаңбасы, оның iшiнде электрондық цифрлық қолтаңбасы, арыз берушiнiң почталық мекен-жайы жоқ өтiнiш;
3) қайта жасалған өтiнiш - бiр тұлғадан бiр мәселе бойынша кемiнде екi рет келiп түскен:
осының алдындағы өтiнiш бойынша қабылданған шешiмге шағым жасалған;
егер бұрын жiберiлген өтiнiш келiп түскен уақыттан бастап белгiленген қарау мерзiмi өтiп кетсе, алайда арыз берушi жауап алмаған болса, оның уақтылы қаралмағаны туралы хабарланған;
осының алдындағы өтiнiштi қарау және ол бойынша шешiм қабылдау кезiнде жiберiлген басқа да кемшiлiктер көрсетiлген өтiнiш;
3-1) онлайн-қабылдау – "Үкімет – азаматтар үшін" мемлекеттік корпорациясы жүзеге асыратын, субъектінің, лауазымды адамның жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өтініштерін бейнеконференцбайланыс арқылы қабылдау жөніндегі әрекеті;
4) өтiнiш - өтiнiштi қарайтын субъектiге немесе лауазымды тұлғаға жiберiлген жеке немесе ұжымдық жазбаша, ауызша не электрондық құжат, бейнеконференцбайланыс, бейнеөтініш нысанындағы ұсыныс, арыз, шағым, сауал немесе үн қосу;
5) өтiнiштердi қарайтын субъектiлер (бұдан әрi - субъектiлер) - мемлекеттiк органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, мемлекеттiң қатысуы жүз проценттi құрайтын не мемлекеттiк тапсырыс және (немесе) мемлекеттiк сатып алу шарттарына сәйкес тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) ұсынатын, өздерiнiң құзыреттерiне сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерi бойынша шешiмдердi қарауға және қабылдауға құқылы заңды тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша оларға тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) жеткізуге (орындауға, көрсетуге) шарт жасасқан ірі кәсіпкерлік субъектілері;
6) өтiнiштi есепке алу - өтiнiштi қабылдау және қарау жөнiндегi мәлiметтердi тiркеу және оларды мемлекеттiк құқықтық статистикалық есептiлiкте көрсету;