Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы
Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 28 тамыздағы N 191-IV Заңы.
Осы Заң қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздерін, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы қаржы мониторингі субъектілерінің, уәкілетті органның және Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының құқықтық қатынастарын айқындайды.
Ескерту. Кіріспеге өзгерістер енгізілді - ҚР 2014.06.10 № 206-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ақшамен және (немесе) өзге мүлiкпен күдiктi операция (бұдан әрi – күдiктi операция) – клиенттің операция жасау үшін пайдаланылатын ақша және (немесе) өзге мүлік қылмыстық әрекеттен түскен кіріс болып табылады деп не операцияның өзі қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) немесе терроризмді не өзге қылмыстық әрекетті қаржыландыруға бағытталған деп күдік туындататын операциясы (осындай операцияны жасауға ұмтылысты, жасалу процесіндегі операцияны немесе жасалған операцияны қоса алғанда);
2) ақшамен және (немесе) өзге мүлiкпен операциялар – олармен байланысты азаматтық құқықтарды және мiндеттердi белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған, оларды жүзеге асыру нысаны мен тәсiлiне қарамастан жеке және заңды тұлғалардың ақшамен және (немесе) өзге мүлiкпен әрекеттерi;
2-1) ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды тоқтатып қою – қаржы мониторингінің субъектілері мен мемлекеттік органдар терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген ұйымға және (немесе) жеке тұлғаға не бенефициарлық меншік иесі көрсетілген тізбеге енгізілген жеке тұлға болып табылатын ұйымға тиесілі ақшаның және (немесе) өзге мүліктің берілуін, қайта өзгертілуін, иеліктен шығарылуын немесе орын ауыстыруын тоқтата тұру бойынша қабылдайтын шаралар;
2-2) бағалы металдармен және асыл тастармен, олардан жасалған зергерлік бұйымдармен операцияларды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар – бағалы металдарды, олардың химиялық қосылыстарын, асыл тастарды медициналық мақсаттарда, ғылыми-зерттеу мақсаттарында не құралдардың, аспаптардың, жабдықтардың және өндірістік-техникалық мақсаттағы бұйымдардың құрамында пайдаланатын діни ұйымдарды, музейлерді және ұйымдарды қоспағанда, бағалы металдарды және асыл тастарды, олардан жасалған зергерлік бұйымдарды сатып алуды-сатуды жүзеге асыратын тұлғалар;
3) бенефициарлық меншік иесі – клиент-заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестерінің не орналастырылған акцияларының (артықшылықты және қоғам сатып алған акциялары шегеріле отырып) жиырма бес пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде тиесілі жеке тұлға, сол сияқты клиентті өзгеше бақылауды жүзеге асыратын не оның мүддесінде клиент ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар жасайтын жеке тұлға;
4) клиент – қаржы мониторингі субъектісі көрсететін қызметтерді алатын жеке немесе заңды тұлға;
5) корреспонденттік қатынастар – банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың банктік қызмет көрсетуді жүзеге асыруға байланысты операциялар жасау мақсатында басқа банктерге корреспонденттік шоттарды ашуы кезінде туындайтын шарттық қатынастар;
6) қалқа-банк – банктің тіркелген мемлекетте (аумақта) шоғырландырылған қадағалауға жататын банктік холдингтің тікелей немесе жанама иелігінде болуын қоспағанда, банк ретінде тіркелген және (немесе) банктік қызметті жүзеге асыруға лицензия алған мемлекетте (аумақта) іс жүзіндегі қатысуы жоқ резидент емес банк;
7) қаржы мониторингі – осы Заңға сәйкес уәкілетті орган және қаржы мониторингі субъектісі жүзеге асыратын, ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты жинау, өңдеу, талдау және пайдалану жөніндегі шаралар жиынтығы;
8) қаржы мониторингiне жататын операциялар – осы Заңға сәйкес оларға қатысты қаржы мониторингі белгіленген ақшамен және (немесе) өзге мүлiкпен операциялар;
9) қылмыстық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру – ақшаны заңдастыруға (жылыстатуға) бағытталған жалған мәмiле жасау кезiнде құжаттарды пайдалану арқылы қолма-қол ақшаны алу мақсатында жеке немесе заңды тұлғалар жасайтын әрекеттер;
10) қылмыстық жолмен алынған кірістер – қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған ақша және (немесе) өзге мүлік;
11) қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) – қылмыстық құқық бұзушылықтардан түскен табыстар болып табылатын мүлікті конверсиялау немесе аудару түрінде мәмiлелер жасасу арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлiктi заңды айналымға тарту не мұндай мүлікті иелену және пайдалану, егер мұндай мүліктің қылмыстық құқық бұзушылықтардан түскен табыстар болып табылатыны белгілі болса, оның шынайы сипатын, көзін, орналасқан жерін, оған билік ету, оны ауыстыру тәсілін, мүлікке құқықтарды немесе оның тиесілігін жасыру немесе жасырып қалу, сол сияқты қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлiктi заңдастыруға делдалдық ету;