Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
- «Шетелдіктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат берудің ережесін бекіту туралы» 2002 жылғы 15 ақпан № 222 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат берудің ережесін бекіту туралы».
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы
29-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:»;
1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қоса беріліп отырған Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат берудің ережесі бекітілсін.»;
көрсетілген қаулымен бекітілген Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат берудің ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
- Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Ә. Смайылов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы ___________
№ ________ қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2002 жылғы 15 ақпандағы
№ 222 қаулысымен бекітілген
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат
берудің ережесі
- Осы Ереже «Мемлекеттiк құпиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабы 4-тармағына сәйкес әзiрленiп, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат берудiң тәртiбiн айқындайды.
- Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын iске асыру шеңберiнде ғана, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiлген Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді шетелдік мемлекеттерге және (немесе) халықаралық ұйымдарға беру ережесiнде көзделген рәсiмдер жүзеге асырылғаннан кейiн жiберiледi.
- Шетелдiктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат беру үшiн халықаралық шартта белгiленген шет мемлекеттiң уәкiлеттi органы шетелдiктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат беру жүргiзiлетiн мемлекеттiк органның басшысына өтiнiш жiбередi.
Өтiнiшке шетелдiктiң өкiлеттiктерiн растайтын және шетелдiкте тиiстi құпиялылық дәрежесiнде өз мемлекетiнiң құпия мәлiметтерiне рұқсат етiлуi құқығының барлығы туралы деректер бар куәлiк қоса берiледi.
- Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру жүзеге асырылатын мемлекеттiк органның басшысы нақты шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат берудiң мүмкiндiгi мен орындылығын Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келiседi. Келiсу мерзiмi отыз күннен аспауы тиiс.
- Нақты шетелдiктерге ұлттық қауiпсiздiк тұрғысында мемлекеттiк құпияларға рұқсат берудi келiсуден бас тартылған жағдайда мемлекеттiк органның басшысы шет мемлекеттiң уәкiлеттi органына Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беруге басқа адамдардың кандидатураларын ұсыну туралы хабарлама жiбередi.
- Келiсу оң болған кезде Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органының басшысы шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру туралы бұйрық шығарады.
- Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға рұқсат беру туралы бұйрықта қандай мерзiмге рұқсат берiлгендiгi, рұқсат қандай жұмыстарды орындау үшiн берiлгендiгi, шетелдiк азамат пен азаматтығы жоқ адам қандай нақты мәлiметтермен танысуға тиiс екендiгi, танысу рұқсат етiлген мәлiметтердiң жоғары құпиялылық белгiсi туралы мәлiметтердi қамтуы тиiс.
- Шетелдiк пен азаматтығы жоқ адамға мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру туралы бұйрықтың негiзiнде шетелдiк пен азаматтығы жоқ адамға мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру жүзеге асырылатын мемлекеттiк органның немесе ұйымның мемлекеттiк құпияларды қорғау бөлiмшесінің (бұдан әрi - МҚҚБ) қызметкерлерi немесе мемлекеттiк құпиялармен жүргiзiлетiн жұмыс үшiн жауапты қызметкер (ұйымда МҚҚБ жоқ болған жағдайда) шетелдiк азаматқа және азаматтығы жоқ адамға құпиялылық режимiн сақтау жөнiнде нұсқама жүргiзедi.
- Нұсқама жүргiзiлгеннен кейiн шетелдiк пен азаматтығы жоқ адам өзiне рұқсат берiлген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын жарияламау туралы жазбаша мiндеттеме бередi.
Жазбаша мiндеттеме Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органының немесе ұйымының мемлекеттiк құпияларды қорғау бөлiмшесiнде шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларымен жұмысты тоқтатқаннан кейiн кемiнде бес жыл сақталады.
- Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға нақты рұқсат беру туралы ақпарат әр нақты жағдайда Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдарына жiберiледi.