Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңының 7-бабы 9)-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
- Қоса беріліп отырған Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді шет мемлекеттерге және (немесе) халықаралық ұйымдарға беру қағидалары бекітілсін.
- «Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді шетелдік мемлекеттерге беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 23 қазандағы № 1355 қаулысы күші жойылды деп танылсын.
- Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Ә. Смайылов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы ___________
№ ________ қаулысымен бекітілген
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді
шет мемлекеттерге және (немесе) халықаралық ұйымдарға
беру қағидалары
- Осы Қағидалар «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 7-бабы 9)-тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары болып табылатын мәліметтерді (бұдан әрі - мәліметтер) шет мемлекеттерге және (немесе) халықаралық ұйымдарға беру тәртібін айқындайды.
- Мәліметтерді шет мемлекеттерге және (немесе) халықаралық ұйымдарға беру деп, оларды шет мемлекетке және халықаралық ұйымға ресми жолмен жеткізу түсініледі.
- Мәліметтерді беру әрбір нақты жағдайда, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) оларды беру мүмкіндігі мен орындылығы туралы сараптамалық қорытындысы болған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
- Мәліметтерді беру Қазақстан Республикасы мен шет мемлекет немесе халықаралық ұйым арасындағы халықаралық шарттарды орындау мақсатында жүезеге асырылады. Бұл ретте халықаралық шарттарда міндетті түрде мынадай жәйттер көрсетілуге тиіс:
1) мәліметтерді қабылдауды (беруді), сақтауды және пайдалануды жүзеге асыруға уәкәлетті Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттің құзыретті органдары немесе халықаралық ұйымның бөлімшесі, оларда мәліметтерді пайдалана отырып жұмыстар жүргізуге құқығының болуы;
2) берілетін мәліметтердің Қазақстан Республикасындағы және шет мемлекеттегі немесе халықаралық ұйымдағы құпиялылық белгілерінің (дәрежелерінің) ара қатынасы, берілген мәліметтердің құпиялылық белгісін өзгерту немесе алып тастау тәртібі;
3) қабылдаушы тараптың құзыретті органдарының берілген мәліметтердің салыстырмалы құпиялылық белгілерін белгілеу жөніндегі, сондай-ақ оларды аудару, көшіру немесе таратуға көбейту кезіндегі талаптар;
4) мәліметтерді беру тәртібі, тасымалдау (салып жіберу) тәсілдері, алып жүру нысаны;
5) берілетін мәліметтердің көздерін көбейту (тарату), жою және қайтару тәртібі;
6) берілетін мәліметтерді қабылдаушы тараптың заңнамасына сәйкес қорғау туралы міндеттемелер;
7) берілетін мәліметтерді берген тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа таратпау туралы міндеттемелер;
8) даулы жағдайларды шешу мен берілетін мәліметтерді рұқсатсыз таратудың ықтимал залалды өтеу тәртібі.
- Мәліметтерді беру туралы шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары (бұдан әрі - өтініш беруші орган) басшыларына Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары болып табылатын мәліметтерге билік ету жөнінде өкілеттік берілген мемлекеттік органдарға дәлелді ұсыныс жібереді, онда:
1) мәліметтер кімге берілетіні;
2) беру мақсаты;
3) беруге жоспарланған мәліметтер тізбесі, олардың құпиялылық дәрежесі, оларды кім және қандай негізде құпияландырғаны (құпиялылық дәрежесі айқындалғаны);
4) мәліметтер қандай мерзімге берілетіндігі;
5) мәліметтерді берген жағдайда ықтимал экономикалық нәтиже және (немесе) таратқан жағдайда ықтимал залалды бағалау;
6) қабылдаушы тараптың өзіне алған міндеттемелерді орындамаған жағдайдағы залалды өтеудің болжамды тәртібі жазылады.
Дәлелді ұсыныс алған мемлекеттік орган оны қарайды және бір ай мерзімде өз шешімін өтініш беруші органға жеткізеді.
- Дәлелді ұсыныс, басшыларына Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары болып табылатын мәліметтерге билік ету жөнінде өкілеттік берілген мемлекеттік органдардың шешімдері, сондай-ақ мәліметтерді беруге тікелей қатысы бар халықаралық шарттар және басқа құжаттар сараптамалық қорытынды дайындау үшін уәкілетті органға жіберіледі.
- Уәкілетті орган осы мәліметтерді беру мүмкіндігі мен орындылығы туралы сараптамалық қорытынды шығарады.
- Қазақстан Республикасының мүдделерін сақтауды ескере отырып мәліметтерді беру мүмкіндігі туралы тұжырымдамамен қамтылған уәкілетті органның сараптамалық қорытындысы осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген материалдарды алған кезден бастап бір ай мерзімде өтініш беруші органға жіберіледі. Қосымша сараптама жүргізу қажет болған жағдайда сараптамалық қорытындыны дайындауды уәкілетті орган он күнге дейінгі мерзімге ұзартуы мүмкін, бұл туралы өтініш беруші орган хабарландырылады.
- Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің жобасын уәкілетті органның сараптамалық қорытындысымен, басшыларына Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары болып табылатын мәліметтерге билік ету жөнінде өкілеттік берілген мемлекеттік органдардың шешімдерімен бірге өтініш беруші орган белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
- Егер бұрын жасалған халықаралық шартта осы Қағидалардың
4-тармағында жазылған талаптар көрсетілмеген жағдайда, шет мемлекетке және (немесе) халықаралық ұйымға мәліметтерді беру туралы шешімнің жобасымен бірге Қазақстан Республикасының Үкіметіне халықаралық шарттарды жасасу, орындау және күшін жою тәртібі туралы заңнамаға сәйкес қолданылып жүрген шартқа толықтырулар жобасы енгізіледі.
- Шетелдік мемлекет және (немесе) халықаралық ұйым осы Ереженің 4-тармағында көрсетілген шартты жасасудан бас тартқан жағдайда, мәліметтер беруге жатпайды.
- Мәліметтерді нақты беру халықаралық шартта және Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерінде көзделген рәсімдерге сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметі шешімінің негізінде жүзеге асырылады.
- Мәліметтерді беру қолданыстағы халықаралық шарттарға сәйкес дипломатиялық арналар, фельдъегерлік қызмет немесе әскери-курьерлік қызмет, сондай-ақ құжаттамалық шифрланған байланыс арналары бойынша жүзеге асырылады. Қабылдаушы тараптың тиісті құзыретті органдары мәліметтерді алғандықтарын растайды.
- Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтер көздерінің жеткізгіштерін тасымалдау үшін тиісті құзыретті органдар әрбір нақты жағдайда тасымалдау тәсілдерін, бағытын және алып жүру нысанын, сондай-ақ құпия құжаттарды, егер өзге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделмеген болса жолдауды белгілейді. Құзыретті органдар мұндай тасымалдаудың әрбір жағдайы туралы тиісті ақпарат алмасады.
- Берілетін мәліметтерді қорғау жөніндегі қосымша шаралар мәліметтерді қабылдауды (беруді), сақтауды және пайдалануды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген құзыретті органдармен жасалатын халықаралық шарттарда көзделуі мүмкін.