ӨЗІҢІЗДІ ҚЫЗЫЛШАДАН ҚОРҒАҢЫЗ

ӨЗІҢІЗДІ ҚЫЗЫЛШАДАН ҚОРҒАҢЫЗ

Қызылша-бұл өте жұқпалы жедел вирустық ауру, ол ауа тамшылары арқылы таралады және ауыр асқынулар мен өлімге әкелуі мүмкін. 20 жыл ішінде қызылшаға қарсы вакцинация әлемде 56 миллион өлімнің алдын алды. ДДCҰ мәліметтері бойынша, 2022 жылы балалардың бірінші жылында қызылшаға қарсы вакцинанын бір дозасын алған саны әлемде 83%-ын қамтыды. Бұл көрсеткіш 2008 жылдан бері ең төмен болды.

Бүгінде 167 елде қызылша ауруының асқынуы байқалады. Әлемде 415 мыңнан астам жағдай тіркелген, ал Қазақстанда 17 мың жағдай тіркелген. Ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Онын 82% - дан астамы балалар, көбісі вакцинациядан өтпеген.

Бүгінгі таңда елімізде қызылшамен ауырған науқастар үшін инфекциялық ауруханаларда 3,5 мыңнан астам төсек-орын орналастырылған, стационарлық емдеуде 2375 бала ем алуда. Бүгінгі таңда төсек орынмен қамту жүктемесі – 59,5%-ды құрайды, 1 мыңнан астам орын резервте тұр. Емдеуге жатқызылғандардың ішінде 30 бала реанимация бөлімшелерінде ауыр жағдайда жатыр, 1 жасқа дейінгі – 15 бала бар.

Қызылша бұрыннан бар вирус және медицина вакцинацияның арқасында онымен сәтті күресуде. Қызылшаға қарсы вакциналар ондаған жылдар бұрын жасалған және ұзақ уақыт бойы тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Бүгінгі таңда вакцинация жұқпалы аурулармен күресудің ең сенімді әдісі болып табылады.

Жоспарлы иммундаумен 1 жастан 6 жасқа дейінгі 600 мыңнан астам бала қамтылды, бұл вакцинациялауға жататындардың 84%-ын құрайды. Бұл ДДCҰ ұсынымына сәйкес келеді. Жыл соңына дейін осы жас тобындағы 100 мыңнан астам баланы қамту жоспарлануда.

Елге 500 мың дозадан тұратын вакцина партиясы жеткізілді. Оның сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін ДДCҰ біліктілігі бар. Үндістанда жасалған вакцина 60 жылдан бері қолданылып келеді және осы уақыт ішінде қызылшамен күресуде тиімділігі дәлелденді.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ата-аналарды азаматтық жауапкершілікті білдіріп, балаларын вакцинациялауға шақырады. Жұқпалы аурулармен күресу тарихына қарасақ табын иммунитетін дамытудың маңыздылығын көрсетеді. Балаларыңыздың денсаулығын сақтаңыз, ол тек сіздің қолыңызда.