
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Pfizer» американдық трансұлттық фармацевтикалық компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде Prevenar-20 инновациялық пневмококкты вакцина өндірісін оқшаулау жөніндегі инвестициялық жоба мәселесі талқыланды.
Pfizer компаниясының атынан Таяу Шығыс, Ресей және Африка бойынша аймақтық президент Патрик ван дер Лоо қатысты.
Кеңеске ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Нұрлан Ысқақов, «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев, сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігі мен Pfizer компаниясының құрылымдық бөлімшелерінің басқа да қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында А. Ғиният Pfizer компаниясы іске асырып жатқан біздің еліміздегі заманауи дәрілік препараттарды келісімшарттық өндіру жөніндегі жоба Қазақстанды фармацевтика өндірісінің әлемдік көшбасшыларымен табысты ынтымақтастыққа дайын ел ретінде көрсететінін атап өтті. Қазіргі уақытта «СК-Фармация» ЖШС-мен инновациялық вакцинаны жеткізудің ұзақ мерзімді шартына қол қою жоспарлануда.
«Ұзақ мерзімді шартқа қол қою жобаны табысты іске асырудың кепілі болады, Pfizer - мен өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді және фармацевтикалық өнімдердің басқа да ірі өндірушілері үшін біздің еліміздегі өндірістерді оқшаулауға жақсы үлгі болады», - деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Кездесу барысында тараптар заңнама мәселелерін де талқылады, атап айтқанда ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға қатысты нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмысқа ерекше назар аударылды.
Айта кету керек, 2010 жылы Қазақстан пневмококк инфекциясына қарсы вакцинация Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген ТМД-ның бірінші елі болды. Министр Prevenar 13 қолдану жылдарында Қазақстанда балалардағы пневмониямен сырқаттанушылықтың 50% - ға төмендегенін және балалардағы пневмониямен асқынудан болатын өлім-жітімнің 20% - ға төмендегенін хабарлады.
Ол сондай-ақ Үкімет Pfizer-мен Қазақстан аумағындағы өндірістерді және басқа да инновациялық препараттарды оқшаулауда одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенін айтты. Қорытындылай келе, министр Қазақстанда Pfizer препараттарын өндіруді оқшаулау фармацевтика саласын дамытуға ерекше серпін беретініне сендірді.