
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінде аумақтық департаменттермен ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал жасау, жанжалды жағдайларды шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өтті. Кездесуге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Зина Байгаскина қатысты. Кеңес барысында Комитеттің Әдеп жөніндегі уәкілі Әлия Жамбаева баяндама жасады.
Ә. Жамбаева мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатынын және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасына жоғары талаптар қоятынын атап өтті.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастардың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және парасаттылық атмосферасын құруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепті емес мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
2023 жылдың қыркүйегінде Комитет қызметкерлеріне сауалнама жүргізілді, олардың нәтижелері бойынша ұжымда қанағаттанарлық моральдық-психологиялық ахуал байқалады.
2023 жылдың 9 айында Комитет және оның аумақтық бөлімшелері 429 жағдайда Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша жеке консультациялық көмек көрсетті.
Мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда оң ахуалды қалыптастыруға елеулі үлес қосқан 35 қызметкер көтермеленді.