АСТАНАДА МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРИЯЛЫҚ АЛҒАШҚЫ КӨМЕК БОЙЫНША ЖАҺАНДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ БАСТАЛДЫ

АСТАНАДА МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРИЯЛЫҚ АЛҒАШҚЫ КӨМЕК  БОЙЫНША ЖАҺАНДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ БАСТАЛДЫ

Бүгін, 23 қазанда елордада Алматы декларациясының 45 жылдығына және МСАК бойынша Астана декларациясының 5 жылдығына арналған Медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша Жаһандық конференция өтуде.

МСАК бойынша Жаһандық конференцияның пленарлық отырысына Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Президент өз сөзінде денсаулық сақтау және медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің халықаралық жүйесін жетілдіру ісінде Алматы және Астана декларацияларының маңызы зор екенін  атап өтті.

«Осыдан 45 жыл бұрын медициналық-санитариялық алғашқы көмектің әлеуметтік тұрғыда әділетті моделіне негіз болған Алматы декларациясы қабылданды. Бұл декларация әлемдік денсаулық сақтаудың Ұлы Хартиясына айналып, көптеген елдің халық денсаулығын жақсарту үшін шара қабылдауына, оны адамның іргелі құқығы ретінде мойындауына түрткі болды. Алматы декларациясы біраз елде ана мен бала өлімінің деңгейін жүйелі түрде төмендету, болжамды өмір сүру жасын ұзарту үшін шешуші рөл атқарды», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның барлық бала тұрғындары профилактикалық медициналық тексерулермен қамтылғанын атап өтті.

Әрбір ірі елді мекенде жастардың денсаулық орталықтары жұмыс істейді. Жыл сайын үш миллионға жуық ересек адам скрининг және кәсіби тексеру бағдарламасынан өтеді. Ауыл тұрғындарының медициналық қызмет алуына бірдей мүмкіндік жасау үшін бірқатар реформалар жүргізілді. Нәтижесінде, 2018 жылдан бастап ауылдардағы алғашқы көмек көрсету пункттерінің саны 3 еседен астам көбейді. Сонымен қатар телемедицина және қашықтан мониторинг жасау сияқты цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай арттырады

Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ДДСҰ Мемлекеттердің медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі коалициясын құруды ұсынды. Бұл бірлестік денсаулық сақтау және аурудың алдын алу қағидаттарын одан әрі ілгерілетуге, медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту жөніндегі бірлескен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Конференцияның пленарлық отырысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус сөз сөйледі.

ДДСҰ басшысы Қазақстан МСАК бойынша екі тарихи декларацияның отаны ретінде денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамту идеясын ұстанатын және осы бағытта нақты қадамдар жасап жатқан мемлекет болып қала беретініне мақтаныш білдірді. Ол сондай-ақ Қазақстан медициналық қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігі бойынша индекстерін 39-дан 72-орынға көтеріп, нәтижелерін екі есеге арттырғанын атап өтті.

«Біз мұнда мейірімділік туралы айтып отырмыз және адам біздің барлық күш-жігеріміздің орталығында болуы керек. Сапалы денсаулық сақтау сән - салтанат емес, ол қауіпсіздік, даму және бейбітшілік үшін негіз болып табылады», - деп қорытындылады Тедрос Адханом Гебрейесус.

Жаһандық конференция жұмысына ДДСҰ-на мүше мемлекеттердің 80 ресми делегациясы қатысады. Барлығы 600-ге жуық делегат бетпе-бет форматта, сондай-ақ онлайн режимінде 1000-нан астам қатысушы күтілуде.