
Инчхон қаласындағы (Корея Республикасы) Йонсей университетінің жанындағы Корея Ұлттық биопроцессингті зерттеу және оқыту институтының (K-NIBRT) базасында Азия даму банкімен, Корея Республикасының Денсаулық сақтау және Экономика және қаржы министрліктері серіктестігінде вакциналардың биоөндірісі бойынша қарқынды оқу курсы өткізілуде.
Оқытуға Таиланд, Бангладеш, Пәкістан, Өзбекстан, Вьетнам, Индонезия, Қазақстан сияқты елдердің фармацевтика саласының қызметкерлері қатысады. Біздің елімізден Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің фармацевтикалық қызметті бақылау басқармасының бас сарапшысы Айнұр Сайым, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының және Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының өкілдері қатысуда.
Бұл 2022 жылдан бері осындай тренингтердің үшінші сериясы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқыту үшін жеке және мемлекеттік сектордан вакциналар мен басқа да биологиялық препараттармен жұмыс істейтін мамандар мұқият таңдалды.
Курс өз қатысушыларына биофармацевтикалық препараттарды өндіру процестері туралы кеңейтілген білімді, вакцина өндірісінде қолданылатын арнайы жабдықпен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын, тиісті өндірістік тәжірибелер мен биоөндіріске қатысты нормативтік талаптарға байланысты мәселелерді, вакциналар мен биофармацевтика өнеркәсібіндегі жетістіктерді талқылау алаңын ұсынады.
Комитеттің бас сарапшысы атап өткендей, мұндай іс-шаралар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге және түрлі елдердің әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.