
6 - 12 қараша аралығында Уппсала мониторинг орталығы (UMC) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) және Дәрі-дәрмектерді реттеу органдарының халықаралық коалициясының (ICMRA) қолдауымен жыл сайынғы #MedSafetyWeek фармакотерапия қауіпсіздігі апталығын өткізеді. Биыл MedSafetyWeek «Кім хабарлай алады?» ұранымен өтеді. Осылайша, ұйымдастырушылар дәрі-дәрмектерге жағымсыз реакциялар туралы хабарлаудың маңыздылығына, дәрі-дәрмектерді қауіпсіз қолдануға ықпал ететін әр пациенттің, дәрігердің, медбикенің және фармацевттің шешуші рөліне назар аударғысы келеді.
Іс-шараға бүкіл әлемдегі 80-нен астам реттеуші орган мен бірнеше үкіметтік емес ұйымдар қатысады. Оның ішінде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің және Комитеттің аумақтық департаменттерінің қызметкерлері болады.
Комитет сатылатын препараттар тіркеуден кейін де бақылайды. Тіркелген және барлық клиникалық сынақтардан өткен дәрі-дәрмектер адамдарда жағымсыз реакциялар тудыратын немесе тиімсіз болатын жағдайлар бар.
Әрбір нақты жағдай бойынша дәрілік заттардың күдікті жанама әсерлеріне талдау жүргізіледі, жағымсыз реакцияның дамуы мен препаратты қабылдау арасындағы себеп-салдарлық байланыс зерттеледі және сараптамалық қорытынды беріледі.
ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Дәрілік заттар мен медциналық бұйымдар сараптау ұлттық орталығы қорытындылары негізінде қажет болған жағдайда дәрілік препаратты қолдануды шектейді, маркетингті тоқтата тұрады, нарықтан кері қайтарып алады және елде препаратты өндіруге, таратуға және қолдануға тыйым салады.
Жағымсыз реакциялар туралы хабарлаудың бірнеше жолы бар. Емдеуші дәрігерге немесе дәрі-дәрмекті сатып алған фармацевтке хабарласыңыз, олар картаны толтырып, жібереді. Сондай-ақ, үйден шықпай-ақ, сіз өзіңіз DariKZ мобильді қосымшасының «сары карталар» функциясы арқылы хабарлама жібере аласыз.
Жыл сайын дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарға жағымсыз реакциялар немесе күтілетін терапиялық әсердің болмауы туралы 3 мыңға жуық карта-хабарлама келіп түсетінін айта кетейік. Ағымдағы жылдың 9 айында 2118 хабарлама келіп түсті.