
Бүгін ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өкілдері, сондай-ақ Комитеттің аумақтық департаменттерінің басшылары «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ мен «Үміт» Томотерапия және ядролық медицина орталығына барды.
Өз кезегінде Басқарма Төрағасы Абай Байгенжин қатысушыларды клиника қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды.
Ұлттық ғылыми медициналық орталық 304 төсекке есептелген, онда жоғары технологиялық және мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Орталық медицина ғылымы және ғылыми әріптестік саласындағы денсаулық сақтаудың өзекті және басым бағыттарын дамытуға, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді дамыту және кадрлар даярлау бойынша білім беру қызметін жүзеге асыруға бағытталған.
Айта кетейік, 2003 жылы Ұлттық ғылыми медициналық орталықта кардиохирургия қызметі ашылып, 2004 жылы ашық жүрекке алғашқы операция жасалды.
Сонымен қатар, орталықта 2012 жылдан бастап мүшелер мен жасушаларды трансплантациялау операциялары жүргізілуде.
Комитет делегациясы «Үміт» Томотерапия және ядролық медицина орталығының жұмысымен танысты. Мұнда оларға медициналық техника көрсетіліп, олардың қуаттары туралы айтылды.
Орталық басшылығы бұл жаңа буын онкологиялық орталығы халықаралық стандарттарға сәйкес кешенді сәулелік томотерапияны ұсыну арқылы ересектер мен балалардағы онкологиялық ауруларды емдеудің тиімділігін арттыру мақсатында құрылғанын атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасып, халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша өзекті мәселелерді талқылады.