
Жасыратыны жоқ, қазіргі әлемде көптеген адамдар шамалы ауруға шадыққанда еркін сатылатын рецептсіз дәрі-дәрмектерді қолдана отырып, өзін-өзі емдеуге жүгінеді. Бұрынғы аурулардың тәжірибесі немесе таныстарының кеңесі бойынша дәрі-дәрмектерді дәрігерге бармай қабылдайды. Бүгін біз сізге неге олай жасамау керектігін айтқымыз келеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, бүкіл әлемдегі дәрі-дәрмектердің жартысынан көбі дұрыс тағайындалмайды, таратылады немесе дұрыс сатылмайды, ал пациенттердің жартысы дәрі-дәрмектерді дұрыс қабылдамайды. Шамадан тыс, жеткіліксіз және ұтымсыз қолдану дәрі-дәрмектердің емдік әсерінің төмендеуіне әкеледі, сонымен қатар дәрі-дәрмектерге жағымсыз реакциялар тудыруы мүмкін.
Егер сіз дәрі-дәрмектерді өзіңіз тағайындасаңыз және қабылдасаңыз, аурудың белгілерін сөндірсеңіз, оны емдеу қиын болады және созылмалы түрге айналуы мүмкін. Мысалы, адамдар іштің ауыруы кезінде ауырсынуды басатын дәрілерді белсенді қабылдайды. Мұны мүлдем жасауға болмайды, өйткені іште қабыну процестері жүруі мүмкін, хирургиялық патологиялар болуы мүмкін, ал симптомдарды басатын анальгетиктерден кейін жағдайды дұрыс түсінуді қиындатады. Нәтижесінде емдеу және қалпына келтіру процесі кешіктіріледі. Уақыт өте келе ауру нашарлап, созылмалы түрге айналуы мүмкін.
Сондай-ақ, көбінесе вирустық аурулармен антибиотиктерді қолдану жағдайлары жиі кездеседі. Антибиотиктерді дәрігерлер қажет болған жағдайда ғана тағайындайды. Оларды бақылаусыз қолдану сізге тәуелді болуы мүмкін. Нәтижесінде препарат өзінің тиімділігін жоғалтады және емдеу қиынға соғады.
Шығу тегі күмәнді дәрілік заттарға немесе биологиялық қоспаларға ерекше назар аудару керек. Сертификатталған мамандардар арқылы препараттардың қауіпсіздігіне көз жеткізіңіз. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектің тіркелуіне назар аударыңыз. Мұны Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының www.ndda.kz. сайтында, «Дәрілік заттардың мемлекеттік реестрі» бөлімінде тексеруге болады.
Егер сіз қабылдаған препарат сізге жағымсыз реакциялар тудырса, онда ол туралы міндетті түрде хабарлау қажет. Оны DariKZ мобильді қосымшасы арқылы жасауға болады.
Карта-хабарламаны жіберу үшін «Жанама әсері» бөлімін ашу, хабарламаны жөнелтуші, пациент пен препарат туралы мәліметтерді толтыру, сондай-ақ кері байланыс және қажет болған жағдайда ақпаратты нақтылау үшін байланыс деректерін көрсету, одан кейін «Жіберу» тетігін басу қажет. Ақпарат Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына тікелей келіп түседі.
Құрметті азаматтар!
Біз сізді өзін-өзі емдемеуге және дәрі-дәрмектерді өзіңіз тағайындамауға шақырамыз. Дәрі-дәрмектерді тек кеңес бергеннен кейін және дәрігердің нұсқауы бойынша қабылдаңыз. Шығу тегі күмәнді дәрі-дәрмектерді қолданбаңыз және тек кәсіби мамандарға сеніңіз.
Деніңіз сау болсын!