
Бүгін ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Нұрлан Ысқақов бірнеше мүдделі қауымдастықтардың, "Атамекен" ҰКП және басқа да фармацевтикалық бизнес субъектілерінің өкілдерімен жұмыс талқылауын өткізді.
Кездесу дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізудің өзекті мәселелеріне, сондай-ақ GMP (тиісті өндірістік практика стандарты) растауға байланысты проблемалық мәселелерге арналды.
Комитет төрағасы өз сөзінде дәрі-дәрмектерді таңбалау мен қадағалауды енгізу мақсатында нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ бұл жұмысты бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп жүргізу қажет екенін айтты.
Кеңесте ЕАЭО шеңберінде фармацевтикалық инспекцияларды жүргізудің бірыңғай тәсілдері мен қағидаларын әзірлеуге ерекше назар аударылды.
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап GMP стандартына сәйкестік инспекциялары ЕАЭО қағидалары бойынша жүргізіледі.
«Фармацевтикалық нарықты реттеу үшін Қазақстанда инспекторат позициясынан нормативтік база әзірленіп, жетілдірілуде. Осылайша тиісті фармацевтикалық практика стандарттары (GxP), фармацевтикалық инспекцияларды жүргізу қағидалары, фармацевтикалық инспекторатты қалыптастыру қағидалары және Қазақстан Республикасының фармацевтикалық инспекторларының тізілімін жүргізу бекітілді», - деді Комитеттің фармацевтикалық инспекторат және интеграция басқармасының басшысы Жанар Ордабекова.
Іс-шара соңында Нұрлан Ысқақов барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, Комитет фармацевтикалық нарық субъектілері тарапынан ұсыныстарға ашық екеніне сендірді.