
Ағымдағы жылдың 28 шілдесінде Алматы қаласында ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лязят Қашқымбаева 70-тен астам фармацевтикалық компаниялардың өкілдерімен кездесті.
Кездесуге Алматы қаласы бойынша Комитеттің Департамент басшысы Дамир Дәулетбаев және ҚР фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова қатысты.
Кеңес барысында қатысушылар тиісті дәріхана практикасы стандартын (GPP) енгізу, ұлттық рәсім бойынша стратегиялық маңызды дәрілік заттарды тіркеу мәселелерін талқылады, сондай-ақ фармацевтикалық білімі бар мамандар үшін сертификат алу және көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін дәрілік заттарға жаңа шекті бағаларды бекіту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Сондай-ақ, Лязят Қашқымбаева дәрілік заттардың бағасын қайта реттеу және препараттарды цифрлық таңбалау мен қадағалауды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Кездесу соңында қатысушылар сұрақтар қоюға және толық жауаптар алуға, сондай-ақ жоғарыда аталған мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік алды.