
Бүгін ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының м.а. Лаурра Ахметнияз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) өкілдерімен онлайн форматта кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар медициналық қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау тетіктерін талқылады. Кездесудің мақсаты медициналық көмек көрсету сапасын бақылау бойынша шетелдік озық тәжірибені зерделеу болды.
Талқылауға Афиныдағы ДДСҰ-ның медициналық көмектің сапасы және пациенттердің қауіпсіздігі жөніндегі географиялық қашықтағы Кеңсесінің Басшысы Joao BREDA, ДДСҰ-ның Афиныдағы географиялық қашықтағы кеңсесінің медициналық көмектің сапасы мәселелері жөніндегі техникалық офицері Válter R Fonseca, ДДСҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің ұлттық техникалық офицері Лаура Өтемісова, ДДСҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің жобалық офицері Ербол Спатаев, сондай-ақ Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары.
Л.Ахметнияз өз сөзінде Қазақстанда медициналық қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау 2005 жылдан бері, яғни Денсаулық сақтау министрлігі құрылымында Комитет алғаш құрылған кезден бастап бар екенін атап өтті.
«Мемлекеттік бақылау ҚР заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге, сондай-ақ денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық қызметтер көрсету саласындағы нормативтік құқықтық актілерді сақтауын бақылауға бағытталған. Отандық медицинаның сапасын арттыру мақсатында ағымдағы жағдайды талдау және озық шетелдік тәжірибені зерделеу арқылы осы тетіктерді жетілдіру қажет», - деді Лаурра Ахметнияз.
Өз кезегінде ДДСҰ өкілдері мемлекеттік бақылау жүйесін талдау және оны жақсарту мақсатында ұсынымдар әзірлеу бойынша бірлескен жұмысқа дайын екендіктерін білдірді.
Өз тарапынан Комитет төрағасының м.а. ДДСҰ өкілдеріне кездескені және көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді, сондай-ақ одан әрі жемісті ынтымақтастық туралы сендірді.
Осы мәселе бойынша келесі кездесу ағымдағы жылдың қыркүйегінде жоспарлануда.