КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫҢ БАҒАСЫН НЕГІЗСІЗ КӨТЕРГЕНІ ҮШІН 240 МЛН ТЕҢГЕГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫҢ БАҒАСЫН НЕГІЗСІЗ КӨТЕРГЕНІ ҮШІН 240 МЛН ТЕҢГЕГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

10 ақпанда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаевтың қатысуымен ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Төрағасының м.а. Лаурра Ахметнияздың, ведомство және ведомстволық бағынысты ұйымдар өкілдерінің қатысуымен «Дәрілік заттардың қауіпсіздігі, тиімділігі, сапасы және олардың халыққа қолжетімділігі» тақырыбында брифинг өтті. Өз баяндамасында Ж. Бүркітбаев Министрліктің ел халқын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары, дәрілік заттардың қолжетімділігі бөлігінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Қазақстанда жылына екі рет көтерме және бөлшек сауда үшін дәрі-дәрмектің шекті бағасы белгіленеді. Дәрі-дәрмектердің шекті бағасын қалыптастыру үшін референттік баға, өндірушілермен келісімшарттар мен импорттық бағаларды-инвойстарды талдау, сапаны бағалау шығындарын, кедендік шығыстарды, көлік шығындарын, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда үшін көзделген маркетингтік шығыстарды есепке алу сияқты тетіктер қарастырылған.

«Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 6 715 дәрі-дәрмектің шекті бағасы бекітілді. Бұл бұйрықта 4 296 позиция бойынша шекті бағалар өткен жылдан бері өзгерген жоқ, 1 918 позиция бойынша өндіруші зауыттың бағасы орта есеппен 30%-ға өсті; 501 позиция бойынша бағалар орта есеппен 7% - ға төмендеді. Дәрі-дәрмектің белгіленген нақты бағасын көтергендер ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 426-бабы бойынша жауапқа тартылады. 2020-2022 жылдары дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын бақылау аясында 911 факт анықталып, 240 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды»,- деп атап өтті вице-министр.

Сондай-ақ, брифингте дәрі-дәрмектерді ел аумағына біржолғы әкелу тақырыбы талқыланды. Ведомство бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайды. ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті өткен жылы 762 дәрілік затты бір жолғы әкелуге 403 рұқсат құжатын берді. Айта кетейік, бір жолғы әкелу үшін рұқсат құжаттарын алу бойынша Мемлекеттік қызмет «  » интернет-порталы арқылы цифрлық форматта ұсынылады.