
Бүгін жұмыс сапары аясында Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы Шығыс Қазақстан облысына келді.
Жұмыс сапары барысында ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында болып, халықпен кездесті, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы бойынша Комитеттің аумақтық департаментінің қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Комитет төрағасы аумақтық Департаментпен кездесуде халық тарапынан көрсетілген медициналық қызметтердің сапасына түскен шағымдарға назар аударды. Б. Байсеркин барлық шағымдарды егжей-тегжейлі талдап, проблемалық мәселелерді анықтап, оларды жергілікті атқарушы органдар мен медициналық ұйымдардың алдына көтеру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, комитет басшысы аналитикалық жұмыс процестерінің жеделдігі, тиімділігі мақсатында денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерін зерделеу және енгізу маңызды екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта емдік әсері жоқ немесе төзімсіздік пен басқа да жағымсыз реакцияларды тудыратын кейбір препараттарға шағымдар түсуде. Осы бағытта біз кешенді медициналық ақпараттық жүйеге медицина қызметкерлері пациенттердің дәрі-дәрмектерге шағымдарын көрсете алатын тиісті индикаторларды қосу туралы мәселені пысықтап жатырмыз. Бұл тиімділікке, қауіпсіздікке және сапаға тексерілетін дәрілік заттардың тізімін анықтауға мүмкіндік береді. Дәрілік препараттарда сәйкессіздіктер анықталған жағдайда оларды республика аумағындағы айналымнан кері қайтарып алу туралы мәселе қаралатын болады», - деді Бауыржан Байсеркин.
Жұмыс кеңесі барысында Комитет төрағасы Департамент қызметкерлерінің барлық толғандыратын мәселелерін талқылады.
10 қарашада жұмыс сапары аясында Бауыржан Байсеркин Абай облысына барады.