Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде «Астана» медициналық-фармацевтикалық кластерін дамытуға арналған жұмыс кеңесі өтті

Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде «Астана» медициналық-фармацевтикалық кластерін дамытуға арналған жұмыс кеңесі өтті

Бүгін Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаевтың төрағалығымен «Астана» медициналық-фармацевтикалық кластерін дамыту мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.

Кеңеске ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин, ҚР ДСМ Дәрілік саясат департаментінің директоры Сауле Ержанова, Назарбаев Университетінің Медицина жөніндегі вице-президенті - Медицина мектебінің Деканы Массимо Пиньятелли, Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің неврология профессоры Дитер Ритмахер, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Еркен Даутбаев, ҚР ДСМ МФБК медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту басқармасының басшысы Айнур Кабираева, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің, NU Медицина мектебінің, «UMC» КҚ және СК-Фармация құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.  

Жандос Бүркітбаев өзінің құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылға қарай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарығындағы отандық өндірушілердің үлесін 50% - ға дейін арттыру қажеттігі туралы тапсырма бергенін атап өтті.

«Алға қойылған мақсаттарды іске асыру шеңберінде 2022 жылғы 21 қыркүйекте Денсаулық сақтау министрлігінің «Инновациялық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әзірлеу бойынша медициналық-фармацевтикалық кластерлерді қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру туралы» бұйрығы бекітілді. Астана, Ақтөбе және Шымкент қалаларында кластерлік аймақтар құру жоспарлануда. Әр кластердің өзіндік ерекшелігі болады. Шымкент кластері дәрілік заттарды өндіруге бағытталған, Ақтөбе бойынша кластерлік аймақ медициналық техниканы өндіруге бағытталған, ал Астана кластері фармацевтика саласын интеллектуалды сүйемелдеуге бағытталатын болады», - деді Вице-министр.

Кеңес барысында Айнур Кабираева өз баяндамасында Астана, Ақтөбе және Шымкент қалаларындағы кластерлік аймақтар осы өңірлерде халыққа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін ірі медициналық және техникалық жоғары оқу орындарының, өндірістік алаңдар мен клиникалық базалардың болуына байланысты таңдалғанын айтты. Ол сондай-ақ кластер отандық фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ кооперациялық өзара іс-қимылды кеңейту арқылы инновациялық технологияларды енгізу мақсатында құрылатынын айтты.

Назарбаев Университетінің Медицина жөніндегі вице-президенті - Медицина мектебінің Деканы Массимо Пиньятелли Қазақстанда фармацевтика саласын дамытудың негізгі элементтерінің бірі аурулардың даму жолдарын зерттеу және түсіну, мақсатты молекулаларды сәйкестендіру, дәрі-дәрмектерді ашу, жобалау және әзірлеу болып табылатынын және мұның барлығын Назарбаев Университетінің зертханалары базасында жүргізуге болатынын атап өтті.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин Денсаулық сақтау министрлігінде Комитет құрылымында алғаш рет Қазақстан Республикасында медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытуды үйлестіру басқармасы құрылғанын атап өтті. Сондай-ақ, Б.Байсеркин бүгінгі күні стратегиялық маңызы бар дәрілік заттардың тізбесін қалыптастыру, елдің осы препараттарға деген қажеттілігін бағалау және оны отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту арқылы іске асыру маңызды екеніне назар аударды.

Жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша Жандос Бүркітбаев әріптестеріне жемісті жұмысы үшін алғысын білдіріп, бүгінгі кеңестің нәтижелері бойынша одан әрі бірлескен іс-шараларды үйлестіру мақсатында медициналық-фармацевтикалық кластерлерді дамыту бойынша Жол картасын қалыптастыру қажеттігін атап өтті.