ЕАЭО шеңберінде Қазақстанның фармацевтикалық инспектораты фармацевтикалық инспекцияларды жүргізудің бірыңғай тәсілдері мен қағидаларын әзірлеуге қатысады

ЕАЭО шеңберінде Қазақстанның фармацевтикалық инспектораты фармацевтикалық инспекцияларды жүргізудің бірыңғай тәсілдері мен қағидаларын әзірлеуге қатысады

7-8 қыркүйекте Иркутск қаласында халықаралық қатысумен VII Бүкілресейлік GMP-конференциясы өтті. Конференция «GxP: тиісті сапаға деген көзқарастардың бірлігі» ұранымен өтті.

«Қазіргі геосаяси жағдайдағы тиісті практика саласындағы Еуразиялық интеграция» тақырыбындағы панельдік сессия барысында ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің фармацевтикалық инспекторат және интеграция басқармасының басшысы Жанар Ордабекова баяндама жасады.

Ж. Ордабекова өз сөзінде инспекциялаудың ұлттықтан жоғары жүйесіне көшу мәселесі бойынша Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті.

Спикер Қазақстан Республикасында фармацевтикалық инспекцияны 2009 жылы жүргізе бастағанын және осы уақыттан бастап ұлттық инспекторат жүйесі айтарлықтай, оның ішінде заңнамалық деңгейде өзгерістерге ұшырағанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда 33 отандық дәрі-дәрмек өндіруші бар, олардың барлығы GMP сәйкестік сертификатына ие. Бұдан басқа, Қазақстанның фармацевтикалық инспектораты фармацевтикалық инспекцияларды ЕАЭО талаптарына сәйкестігіне өткізуге 47 өтініш қабылдады. Бүгінгі таңда 17 GMP-инспекция өткізілді, ЕАЭО-ның 16 GMP сертификаты берілді және бір инспекциядан теріс қорытынды берілді. Қазақстанның фарминспектораты ЕАЭО шеңберінде фармацевтикалық инспекцияларды жүргізудің бірыңғай тәсілдері мен қағидаларын әзірлеуге белсенді қатысатынын атап өткім келеді», - деді Жанар Ордабекова.

Жанар Ордабекова Қазақстанның реттеуші жүйесінің алдында инспектораттың PIC/S (фармацевтикалық инспекциялардың ынтымақтастық схемасы) кіруі және ДДҰ Бенчмаркингінің 3-ші жетілу деңгейіне жетуі туралы міндеттер тұрғанын атап өтті.

Өз баяндамасының соңында Ж.Ордабекова ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің реттеуші органдары арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту үшін инспекциялау нәтижелері туралы мәліметтер алмасу үшін ақпараттық жүйені жедел енгізуге қол жеткізу маңызды, сондай-ақ ЕАЭО нормативтік-құқықтық актілерін әзірлеу және келісу процесін оңтайландыру қажет деп түйіндеді.