ҚР-да халықты Pfizer вакцинасымен вакцинациялау бойынша әдістемелік ұсынымдар бекітілді

ҚР-да халықты Pfizer вакцинасымен вакцинациялау бойынша әдістемелік ұсынымдар бекітілді

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 20 қазандағы қаулысымен «Қазақстан Республикасында халықты коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауды «Комирнати» (Пфайзер, АҚШ) мРНҚ-вакцинасымен жүргізу туралы» әдістемелік ұсынымдар бекітілді.
Осы әдістемелік ұсынымдар коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауды жүргізу тәртібін айқындайды.
«Комирнати» – SARS-CoV-2 тудыратын коронавирустық инфекцияның профилактикасына арналған мРНҚ (нуклеозидтермен модификацияланған) негізіндегі КВИ-ге қарсы вакцина. «Комирнати» құрамында иммундық қорғаныш тудыратын вирус жоқ, КВИ инфекциясын тудыруы мүмкін емес.
Бір құтыда сұйылтқаннан кейін 0,3 мл-ден 6 доза бар.
1 дозада (0,3 мл) мРНҚ негізіндегі (липидті нанобөлшектерге капсулаланған) және қосымша заттар негізіндегі КВИ-ге қарсы 30 мкг вакцина (BNT162b2) бар.
Сыйымдылығы 2 мл мөлдір көп дозалы құты, тығынмен тығындалған және «flip-off» типті пластикалық қақпағы бар алюминий қалпақшамен қаусырылған.
КВИ-ге қарсы вакцинациялауға мынадай адамдар жатады:
- 12 жастағы және одан үлкен жасөспірімдер;
- жүкті әйелдер – жүктіліктің 16 аптасынан бастап 37 аптасына дейін;
- лактация кезеңіндегі әйелдер – босанғаннан кейінгі кезең аяқталғаннан кейін (42 күннен кейін).
Вакцинация жүргізу алдында КВИ-дың және коронавирусқа антиденелердің болуына тексеру жүргізілмейді.
КВИ-мен ауырып жазылған адамдар сауыққаннан кейін вакцинациялау алдындағы жай-күйін бағалау ескеріле отырып, 6 айдан соң КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жатады. КВИ-мен ауырып жазылған адамдарды сауыққаннан кейін 3 айдан соң вакцинациялауға жол беріледі.
Халыққа вакцинациялау жүргізудегі маңызды элементтердің бірі вакциналарды тасымалдау мен сақтаудың барлық кезеңінде олардың иммуногенділігін сақтау болып табылады, себебі иммундаудың түпкілікті тиімділігі осы факторға байланысты.
Тоңазытқыш жабдықты вакцинамен толтыру препараттардың жарамдылық мерзімдерін ескере отырып жүзеге асырылады. Бұл ретте жарамдылық мерзімі азырақ вакциналар бірінші кезекте жіберіледі немесе пайдаланылады.
Ашылмаған, мұздатылған құтылардың сақтау мерзімі – өндірілген  сәтінен бастап 9 ай, тек минус 90°C-тан минус 60°C-қа дейінгі температурада.
Вакцина минус 90°C-тан минус 60°C-қа дейін (мұздату деңгейі) температуралық режимнен плюс 2°C-тан плюс 8°C-қа дейін (еріту деңгейі) ауыстырылған кезде вакцинаны сақтау мерзімі ауыстырылған күні мен уақытынан бастап 31 күнді құрайды.
Ұзақтығы 9 ай болатын жарамдылық мерзімі ішінде ашылмаған құтыларды бір кезең ішінде 2 аптаға дейін минус 25°C-тан минус 15°C-қа дейінгі температурада сақтауға және тасымалдауға болады, содан кейін минус 90°C-тан минус 60°C-қа дейінгі температурада сақтау жағдайларына қайта орналастыруға болады.
Вакцина жарықтан қорғау үшін түпнұсқа қаптамасында сақталады.
Вакцинаны сақтау, тасымалдау және пайдалану мәселелеріне тартылған барлық адамдардың іс-қимылы бойынша нұсқама жүргізе отырып, электр энергиясы ажыратылған жағдайда шұғыл шаралар жоспарының болуы қамтамасыз етіледі.

Құжаттың толық мәтінімен мына сілтеме бойынша танысуға болады:
https://www.gov.kz/memleket/entities/kkkbtu/press/news/details/272602?lang=kk