Мемлекет басшысы отандық QazVac вакцинасын шығаратын биофармацевтика зауытына барды

Мемлекет басшысы отандық QazVac вакцинасын шығаратын биофармацевтика зауытына барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді, онда «Otarbiopharm» иммунобиологиялық препараттар биофармацевтика зауытында барды.
Мемлекет басшысы Қордай ауданының Гвардейск кентінде орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты қарасты QazVac вакциналарын шығаратын биофармацевтика зауыттың жұмысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында Президентке вакцина өндірісінің технологиялық желісі, зертханалық жабдықтар мен мобильді реакторлар көрсетілді.
Сонымен қатар, институттың Бас директоры Күнсұлу Закария Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтын одан әрі дамыту жоспары туралы баяндады.
Зауыт өндірістік тәжірибе бойынша халықаралық стандарттарға (GMP) сай келетін иммунобиологиялық дәрі-дәрмектер, оның ішінде коронавирус індетіне қарсы вакцина, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлы дерматитке және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакциналар шығаратын болады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа 16 қыркүйек күні 100 мың доза көлемінде вакцина құю өндірісі іске қосылғаны туралы мәлімет берілді.
«Баршаңызды құттықтаймын. Шын мәнінде, бұл үлкен жетістік. Еліміз үшін қажетті өндіріс. Негізгі жұмыс орындалды. Бәрі дұрыс. Келесі жылы осы жұмысты жалғастырамыз. Вакцина өте тиімді. Гуманитарлық көмек ретінде бұл вакцинаны Ауғанстанға және басқа да мұсылман елдеріне жібереміз. Вакцинамыз дүние жүзінде мойындалып жатыр. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын! Ризашылығымды білдіремін. Бұл – өте күрделі процесс, өндіріс. Шын мәнінде, дүниежүзінде, шетелде мұндай өндіріс жасау үшін үш-төрт жыл кетеді. Біз тоғыз айдың ішінде жұмысты орындадық. Сондықтан еңбектеріңіз мемлекет тарапынан жоғары бағаланады», - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, ТМД елдері арасында Қазақстан мен Ресей ғана COVID-19 індетіне қарсы вакцина өндірісін жолға қойған.

Дереккөз: ҚР Президентінің ресми сайты