
Бүгінде фармацевтикалық нарықта Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттарды тіркеудің ауыспалы кезеңіне ерекше назар аударылған.
Ауыспалы кезең – бұл ЕАЭО бірыңғай талаптары мен қағидалары бойынша дәрілік заттарды тіркеу біртіндеп жүзеге асырылатын үдеріс.
Мәселен, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің (ЕЭК) шешіміне сәйкес 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа дәрілік заттарды тіркеуге берілетін өтініштерді Одақ қағидалары бойынша уәкілетті органдар қабылдайды.
Бұл ретте бұрыннан тіркелген және ұлттық тізілімдерде бар дәрілік заттар 2025 жыл соңына дейін айналыста болады.
Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО мүше мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы шеңберінде дәрілік заттарға берілген тіркеу куәліктерінің бәрі істен шығарылады.
Сонымен қатар, GMP ауыспалы кезеңінің ЕЭК Кеңесіне сәйкес ұзартылғанын қосайық. ЕЭК Кеңесі ЕАЭО елдерінде GMP ұлттық сертификаттарын алуға өтінімдер беру мерзімін 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіледі, олар қолдану мерзімінің аяқталуына дейін жарамды болады.
Осыған сүйеніп, 2022 жылдан бастап Одаққа мүше мемлекеттердің бәрі өндірістерді инспекциялау нәтижелері бойынша ЕАЭО тиісті өндірістік практикасының қағидаларына сай GMP-сертификаттарын беруге көшеді деп қорытындылауға болады.