
«Ашық НҚА» порталында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға арналған шекті бағаларды және үстеме бағаларды бекіту туралы» бұйрығының жобасы жарияланды.
Бұйрық жобасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі ҚР Кодексінің 7-бабының 95) тармақшасына сәйкес әзірленді.
Нормативтік құқықтық акт дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауына немесе медициналық бұйымның техникалық сипаттамасына, дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның саудалық атауына шекті бағаларды бекітуді, сондай-ақ ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымның үстеме бағасын бекітуді көздейді.
Айта кету керек, жоба Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне сәйкес келеді.
Қазіргі уақытта бұйрық жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамаға және аккредиттелген қауымдастықтар мен қоғамдық кеңеске келісуге жіберілді.
Жобаны қоғамдық талқылау 2021 жылдың 12 шілдесіне дейін жалғасады.
Бұйрық жобасының құжаттарымен мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=9693574