
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 27-бабына сәйкес ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап фармацевтикалық білімі бар мамандар мен фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды сертификаттаудың міндетті нормасы енгізіледі.
Сертификаттау фармацевтикалық нарықта ұсынылатын қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттырады. Сондай-ақ, фармацевтикалық мамандардың кәсіби деңгейін арттыратын бәсекелестік жағдайлар жасалады. Осылайша, сертификатталған қызметкер өзінің функцияларына сәйкес келеді.
Сонымен қатар, бұл норма кадрлық ресурстарды есепке алудың Ұлттық жүйесін немесе кәсіби тіркелімді енгізуді көздейді. Ол дербестендірілген есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында тіркеуге, есепке алуға, көшіру, жөнелту, сондай-ақ денсаулық сақтау қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби дамуына арналған базаны білдіреді.
Осы тіркелім шеңберінде еңбек нарығы мен адами ресурстардың дамуына мониторинг және болжам жасау, кадрлар даярлауды жоспарлау жүргізілетін болады.
Фармацевтикалық қызметкерлерге қатысты сертификаттауды дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган жүргізеді.
Маман сертификаты оны ҚР Бірыңғай ұлттық тізіліміне енгізгеннен кейін жарамды болып саналады.
Сертификат алу үшін «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы келесі құжаттардың тізімін жіберу қажет:
- нысан бойынша өтініш;
- білім туралы құжат;
- соңғы 5 жылдағы біліктілікті арттыру куәлігі (2021 жылға дейін 108 сағат және 2021 жылдан бастап 4 кредит (120 сағат));
- сертификаттауға бағалау нәтижесі (Тәуелсіз емтихан ұлттық орталығы береді);
- еңбек қызметін растайтын құжат.
Мамандығы бойынша еңбек қызметінде 3 жылдан астам үзілісі бар мамандар мәлімделген мамандық бойынша біліктілігін арттырудан және тестілеу арқылы бағалаудан өтеді.
Ал өтінім берілген мамандық бойынша құжаттарды тапсыру сәтінде кемінде 3 жыл үздіксіз жұмыс өтілі бар мамандар өтінім берілген мамандық бойынша сертификаттауға кәсіптік даярлығын бағалаусыз жіберіледі.
Құжаттардың қаралуы оң нәтижелі болса «E-Gov» порталында 5 жыл мерзімге «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласындағы маман сертификаты» беріледі.