Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде еліміздін алдында тұрған негізгі міндеттерді атап өтті. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелерді қозғады. Қазақстан Республикасының Президенті денсаулық сақтаудың тиімді жүйесі адами капиталды дамытудың негізгі құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті.
«Еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажет. Оның жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес. Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланған. Жұмыстың бәрі уақтылы әрі сапалы жасалуы керек. Бұл – өте маңызды. Барлық жауапкершілік әкімдерге жүктеледі», - атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы және олардың әлеуметтік жағдайы туралы мәселелерді қозғады.
«Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлу қажет. Олардың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмауға тиіс. Медицина қызметкерлері заң арқылы қорғалуға тиіс. Парламент осы мәселені ерекше назарға алғаны жөн», - атап өтті ҚР Президенті.
Президенттің сөйлеген сөзінің толық мәтінімен сілтеме арқылы танысуға болады: