Медициналық қызметтің сапасыз көрсетілуі бойынша Комитетке қалай шағым түсіруге болады?
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Кәсіпкерлік кодекске сәйкес келіп түскен шағымдар бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізеді. Тексерулер шағымданушыға медициналық көмек сапасыз көрсетілген жағдайда тағайындалады. Мысалы: диагноздың дұрыс қойылмауы, дұрыс ем жүргізілмеуі, денсаулыққа зиян келтірген медициналық манипуляциялардың жасалуы.
Шағым беру үшін сіз алған медициналық қызметті немесе көмекті растайтын құжаттарды (чек, келісімшарт, эпикриздер) қоса тіркеуіңіз қажет.
Комитетке жүгіну жолдары:
-
жазбаша түрде өз өңіріңіз бойынша аумақтық Департаментке;
-
электронды түрде азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау және өңдеу бойынша бірыңғай платформа – eOtinish арқылы.
Жазбаша өтінішті қалай беру керек?
-
Жеке тұлғаның өтінішінде тегі, аты, сондай-ақ қалау бойынша әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі (бар болған жағдайда), пошталық мекенжайы көрсетіледі;
-
Заңды тұлға – атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі көрсетіледі;
-
Өтінішке жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі қол қоюы тиіс;
-
Шағым беру кезінде шағым жасалып отырған субъектінің атауы немесе лауазымы, лауазымды тұлғалардың тегі мен аты-жөні, өтініштің себептері мен талаптары көрсетіледі;
-
Өтінішті жеке немесе заңды тұлғаның өкілі ұсынуы мүмкін;
-
Өтінішті ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жолдау қажет.
eOtinish арқылы:
-
«Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесін таңдауыңыз қажет (облысыңыз бойынша тиісті Департаментті таңдаңыз);
-
Өтініш жазыңыз, қажетті құжаттарды тіркеңіз және сервис ұсынған қол қою тәсілдерінің бірімен қол қойыңыз;
-
Өтінішті eotinish.kz сайты немесе eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы беруге болады (функция тек жеке тұлғалар үшін қолжетімді).