«NEW SILK WAY» халықаралық бизнес-форумы аясында Трансауған көлік дәлізін дамыту мәселелері бойынша кездесу өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Ауғанстан теміржол басқармасының бас директоры Абдул Карим Фатех, Өзбекстан Республикасы Көлік министрлігі Көлік және логистика мәселелерін зерттеу орталығының директоры Бекзод Холматов, Пәкістан Ислам Республикасы Байланыс министрлігінің федералдық хатшысы Али Шер Мехсуд және Иран Ислам Республикасының Жол және қала құрылысы министрі Фарзане Садег қатысты.
Кездесу барысында Орталық, Оңтүстік және Батыс Азия елдері арасындағы көлік байланысын нығайтуға, тасымалдар географиясын кеңейтуге, сондай-ақ халықаралық нарықтар мен теңіз порттарына шығу үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған «Орталық Азия – Оңтүстік Азия» (CASA) теміржол дәлізін салу жобасын іске асыруға ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар жобаның ағымдағы мәртебесін және оны іске асырудың практикалық аспектілерін, оның ішінде бағытты келісу, қажетті инфрақұрылымды дамыту және жүк базасын қалыптастыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жобаны қаржыландыру тетіктеріне, әлеуетті инвесторлар мен халықаралық қаржы институттарын тартуға, Қазақстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан арасындағы үйлестіруді нығайтуға ерекше назар аударылды.
«Бүгін біз Трансауған көлік дәлізін одан әрі дамыту және CASA теміржол жобасын іске асыруға ниетті екенімізді растадық. Біз үшін талқылаудан нақты іс-қимылдарға көшу маңызды. Бұл жобаны іске асыру өңірлеріміз арасында қосымша көлік қатынасын қалыптастыруға, транзиттік әлеуетті арттыруға, жүк тасымалы мүмкіндіктерін кеңейтуге және мүдделі мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жоба аясында бірлесіп жұмысты жалғастыруға және оны одан әрі ілгерілету үшін практикалық қадамдарды кезең-кезеңімен пысықтауға мүдделі екендерін жеткізді.
Ақтөбе облысында 1945 жылы салынған Қарауылкелді теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нысанды жөндеу Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан еліміздің теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жүргізілді.
Қайта жаңғырту барысында бір қабатты ғимараттың ауданы 112-ден 208 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Жақтау мен шатыр толығымен жаңартылып, қасбеті фиброцемент тақтайшалармен қапталған. Ішкі инженерлік желілер жаңғыртылып, әрлеу жұмыстары жүргізілді, іргелес аумақ абаттандырылды.
Ішкі бөлмелерде қабырғалар су негізіндегі бояумен сәндік сылақпен безендіріліп, «Армстронг» түріндегі аспалы төбелер орнатылған. Едендерді жабу үшін фарфор плиткалары мен модульдік винил тақталары қолданылған. Вокзал жаңа жиһазбен және қажетті жабдықтармен жабдықталған. Жұмыстарды жүргізу кезінде қазақстандық өндірістің материалдары қолданылды.
Қарауылкелді вокзалы 2 типке жатады. Станция арқылы Семей, Маңғыстау, Бейнеу, Атырау, Орал, Ақтөбе, Көкшетау, Бурабай, Қостанай, Шымкент, Түркістан, Тараз және Шумен байланыстыратын 12 пойыз қатынайды.
Қазақстан мен Әзербайжан Транскаспий халықаралық көлік дәлізін (Орта дәліз) дамыту мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат екі ел арасындағы көлік-логистика бағытындағы өзара байланысты нығайтуды, тасымалдардың тиімділігін арттыруды және дәліздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуды көздейді.
Келісімде тараптардың Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) қажетті өткізу қабілетін қамтамасыз ету, сондай-ақ осы бағыт бойынша тасымалдарға арналған тарифтік мөлшерлемелердің тұрақтылығын сақтау жөніндегі өзара міндеттемелері көзделген.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі порттық логистиканы жетілдіру болмақ. Атап айтқанда, порттарда тараптардың желілік кемелеріне басымдықпен қызмет көрсету көзделген. Көлік рәсімдерін жеңілдету мақсатында теміржол-су қатынасын ұйымдастыру кезінде бірыңғай тасымалдау құжатын қолдану, сондай-ақ бірыңғай логистикалық оператордың «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді логистикалық қызметтер көрсетуі жоспарлануда.
Тасымалдардың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттыруға, жүктерді жеткізудің белгіленген мерзімдерін сақтауға және көлік процесіне қатысушылар арасындағы жұмысты үйлестіруді күшейтуге ерекше назар аударылды. Көзделген шараларды іске асыру тасымалдардың сенімділігін арттыруға, логистикалық процестерді оңтайландыруға және Орта дәліздің инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Келісімге басқа мемлекеттердің де қосылуына мүмкіндік қарастырылған. Бұл халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және Азия мен Еуропа арасындағы тиімді көлік байланыстарын қалыптастыруда Орта дәліздің рөлін нығайтуға жағдай жасайды.
Айта кетейік, 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айлары аралығында Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша жүк тасымалдау көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға өсті. Сонымен қатар Қытай – Батыс бағыты бойынша транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемі 64%-ға артты.
«NEW SILK WAY» халықаралық бизнес-форумы аясында Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға, оның транзиттік әлеуетіне және тасымалдар тиімділігін арттыруға арналған панельдік сессия өтті.
Шараға Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов, Дүниежүзілік банктің Қазақстан және Түрікменстан бойынша директоры Андрей Михнев, Өзбекстан Республикасы Көлік министрлігінің Көлік және логистиканы дамыту мәселелерін зерттеу орталығының директоры Бекзод Холматов, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Нұржан Келбұғанов Орта дәліздің Қазақстан үшін стратегиялық маңызын атап өтіп, оның елдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге және транзиттік әлеуетін нығайтуға қосатын үлесіне тоқталды.
«Соңғы бес жылда біз бағытты дамытуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік: жүк ағынының көлемі бес еседен астам өсті, ал жеткізу мерзімі үш есе қысқарды. Бүгінде теміржол бағыттары мен шекаралық өткелдерден бастап Каспий теңізіндегі порттарға дейінгі тасымал тізбегін толық қамтитын көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде», – деп атап өтті ол.
Қазақстан өз тарапынан дәліз бойынша тасымал көлемін одан әрі ұлғайту үшін қажетті инфрақұрылымдық негізді жүйелі түрде нығайтып келеді. Теміржол желісін дамыту, оның ішінде жаңа теміржол желілерін салу және қолданыстағы желілерді жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Ақтау және Құрық порттарының терминалдық қуаттары кеңейтіліп, контейнерлік хаб пайдалануға берілді. Порт инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыру және тасымалдардың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында су түбін тереңдету жұмыстары да жүргізілуде.
Сессия барысында тасымалдау процесін цифрландыруға, электрондық құжат айналымын дамытуға және теміржол әкімшіліктерінің ақпараттық жүйелерін интеграциялауға ерекше назар аударылды.
Талқылауға қатысушылар Орта дәлізді дамытудың келесі кезеңі инфрақұрылымдық қуаттарды арттырумен ғана шектелмей, тасымалдардың сенімділігін, тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Инфрақұрылымды, цифрлық шешімдерді және елдер арасындағы өзара іс-қимылды үйлесімді дамыту ТХКБ-ның халықаралық көлік-логистикалық тізбектердегі рөлін одан әрі нығайтудың маңызды шарты болмақ.
Астанада Қазақстанның Көлік апталығы аясында өтіп жатқан «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты.
«NEW SILK WAY» форумы – көлік-логистика саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Еуразияның көлік дәліздерінің тиімділігін арттыруға арналған негізгі халықаралық алаңдардың бірі.
Биыл форум Қазақстан мен 39 өзге мемлекеттерден келген өкілдердің басын қосты. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, көлік-логистикалық компаниялардың, салалық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының 2 000-ға жуық өкілі қатысады деп күтілуде. Қатысушылар қатарында 338 ұйымның өкілдері бар.
Іскерлік бағдарлама аясында заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге және көлік саласының технологиялық әлеуетін дамытуға арналған «Цифрлық Жібек жолы: жасанды интеллект және логистикадағы тұтас технологиялар» стратегиялық сессиясы өтті.
Сессия спикерлері қатарында Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Пәкістан Ислам Республикасының Федералдық коммуникациялар министрі Абдул Алим Кхан, Түркия Республикасының Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадыр Уралоглу, Өзбекстан Республикасының Көлік министрі Илхом Махкамов, Чехия Республикасының Көлік министрі Иван Беднарик, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының (министрінің) көлік және инфрақұрылым жөніндегі мүшесі Арзыбек Кожошев сөз сөйледі.
Сессияға қатысушылар жүк ағындарын басқару тиімділігін арттыру, халықаралық тасымалдарды оңтайландыру және логистикалық процестерді жетілдіру үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ өзара үйлесімді цифрлық жүйелерді дамытуға, мемлекеттік органдар мен көлік-логистикалық тізбекке қатысушылар арасында деректер алмасуға және тасымалдардың ашықтығын арттыруға ерекше назар аударылды.
Форумның іскерлік бағдарламасы жоғары деңгейдегі кездесулерді, халықаралық көлік дәліздерін дамытуға, өңірдің транзиттік әлеуетін ашуға және Еуразияның көлік байланысын нығайтуға арналған стратегиялық және панельдік сессияларды қамтиды.
Форуммен қатар көлік және логистика саласындағы жетекші компаниялар мен сарапшылардың басын қосатын «TransLogistica Kazakhstan 2026» XXIX Қазақстандық халықаралық көрмесі өтуде.
«NEW SILK WAY» форумын өткізу халықаралық әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстанның көлік-логистика кешенін одан әрі дамытуға, сондай-ақ оның халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін арттыруға бағытталған практикалық шешімдерді әзірлеуге ықпал етеді.
Бүгін EXPO халықаралық көрме орталығында 29-шы Қазақстандық «Көлік және логистика» халықаралық көрмесі – TransLogistica Kazakhstan 2026 көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты.
Көрме халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және көлік-логистика саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған. Ол мемлекеттік органдардың, отандық және шетелдік компаниялардың, салалық бірлестіктер мен сарапшылардың басын қосады.
Биыл көрмеге әлемнің 20 елінен 230 компания қатысуда. Оның 101-і – қазақстандық, 129-ы – шетелдік компаниялар. Қатысушылар қатарында логистикалық операторлар, теміржол және порт инфрақұрылымының өкілдері, көлік және қойма техникасын өндірушілер, сондай-ақ IT-шешімдерді әзірлеушілер бар.
Биылғы көрменің ерекшеліктерінің бірі – 36 жаңа экспоненттің қатысуы. Сонымен қатар құрамына 700-ден астам компания кіретін Түрік қызметтер экспорттаушылары қауымдастығы көрмеге алғаш рет қатысуда. Сондай-ақ сала көшбасшыларымен кәсіби диалог орнатуға арналған «Әлемді алға жылжытатын адамдар» подкаст-аймағы алғаш рет ұйымдастырылды.
14–16 қазан аралығында көрме аясында халықаралық көлік дәліздерін дамыту, логистикалық хабтарды қалыптастыру, қойма логистикасы және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне арналған іскерлік бағдарлама өтеді.
Бағдарлама аясында «Орталық Азия: жаңа логистикалық хаб» панельдік сессиясы, BreakBulk Kazakhstan III конференциясы, Қазақстанның қойма логистикасы жөніндегі V конференциясы және «New Silk Way» IX халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумы өтеді. Сонымен қатар Expert Talks «FUTURE CHECK: Қазақстанның көлігі мен логистикасы – 2035» сараптамалық алаңы ұйымдастырылады.
Көрме Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің және жетекші салалық ұйымдардың ресми қолдауымен өтуде. Ұйымдастырушылары – Iteca және «Атакент-Экспо» компаниялары, халықаралық серіктесі – ICA Events.
TransLogistica Kazakhstan 2026 халықаралық іскерлік байланыстарды нығайтуға, әріптестікті кеңейтуге және көлік-логистика саласындағы заманауи шешімдерді ілгерілетуге бағытталған.
Құрылтай депутаты Елдос Баялышбаев Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің және «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдерімен бірлесіп теміржол вокзалы мен пойызда мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету жағдайларымен танысты.
Іс-шара барысында теміржол инфрақұрылымының қолжетімділігіне, мамандандырылған вагондардың техникалық жабдықталуына және ерекше қажеттіліктері бар жолаушылар үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше назар аударылды.
Штабтық вагондарда мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы купелер қарастырылған. Олар көтергіш құрылғылармен жабдықталған, ал кең тамбур аймақтары мен дәліздер мүгедектер арбасымен еркін қозғалуға мүмкіндік береді. Купелерде мүгедектер арбасындағы жолаушы мен оны алып жүретін адамға арналған орындар, сондай-ақ арбаны сенімді бекітуге арналған арнайы құрылғылар қарастырылған. Санитарлық тораптар тұтқалармен және ыңғайлы биіктікте орналасқан қолжуғыштармен жабдықталған.
Жол жүру кезіндегі қолайлылықты арттыру мақсатында вагондардың тамбурларында жарықдиодты жарықтандыру жүйесі, сондай-ақ купелерде температураны жеке реттеу жүйесі қарастырылған. Бұдан бөлек, жолаушылардың жеке заттарын сақтауға арналған сейфтер орнатылған.
Жол жүрудің жайлылығы мен қауіпсіздігі ауа баптау және бейнебақылау жүйелерімен, айналымдағы ауаны залалсыздандыру құрылғыларымен және биодәретхана кешендерімен қамтамасыз етіледі. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін мобильді құрылғыларды қуаттауға мүмкіндік беретін электр розеткалары мен USB-порттар орнатылған.
Кездесу барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету жағдайларын одан әрі жетілдіру мүмкіндіктері де талқыланды. Елдос Баялышбаев теміржол инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыруға және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды.
Теміржол көлігінде кедергісіз орта қалыптастыру жолаушылардың барлығына қолайлы әрі қауіпсіз қозғалыс жағдайларын және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстың маңызды бағыты болып табылады.
Елімізде 2026 жылдың 9 айында теміржол көлігімен көмір тасымалдау көлемі 77,8 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ға көп (2025 жылдың 9 айында – 76,6 млн тонна). Оның ішінде 25 млн тонна экспортқа жөнелтілсе, 51 млн тоннадан астамы ел ішінде тасымалданды.
Жаңа жылыту маусымына дайындық басталғалы, ағымдағы жылдың 1 мамыры мен 30 қыркүйегі аралығында республика бойынша 28,1 млн тонна көмір тасымалданды. Бұл көлем өткен жылғы тиісті кезеңдегі көрсеткішпен бірдей. Оның ішінде 25,8 млн тонна көмір жылу электр орталықтарына (ЖЭО), 2,3 млн тонна коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге жөнелтілді. Барлық ЖЭО-да отын қоры белгіленген нормативтен жоғары немесе нормативтік деңгейде.
Ағымдағы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге арналған көмірге жоспарлы сұраныс 7,3 млн тоннаны құрайды. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 154 мың тоннаға аз. Сұраныстың төмендеуі елдегі газдандыру деңгейінің артуына байланысты.
Тасымалдауды қамтамасыз ету үшін жалпы паркі 27 мың жартылай вагоннан тұратын «Қазтеміртранс» АҚ-ның 18,5 мың вагоны жұмылдырылды. Жүктеме жоғары кезеңдерде 3 мың вагонға дейін резерв қалыптастырылады. Жылжымалы құрам паркі көмір тасымалдау қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.
Жылыту маусымына көмір тасымалдары штаттық режимде жүзеге асырылуда. Жылжымалы құраммен қамтамасыз ету бойынша шектеулер мен мәселелер байқалмайды.
Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Астана-1 теміржол вокзалының құрылыс алаңына барып, қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып, жобаның іске асырылу қарқынын тексерді.
Жұмыс сапары барысында мердігер ұйымның өкілдері құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу барысы, бекітілген кестенің сақталуы және қайта жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Жаңғыртылып жатқан нысанның жалпы ауданы 8 409 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта ғимарат қаңқасын тұрғызу және шатырын орнату бойынша негізгі жұмыстар аяқталған. Ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, сондай-ақ электрмен жабдықтау, жылыту, желдету, сумен жабдықтау және су бұруды қоса алғанда, инженерлік коммуникациялар мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін монтаждау жалғасуда. Сонымен қатар жолаушылар перроны мен конкорстық өткелдің құрылысы жүргізіліп, іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары қатар атқарылуда.
Тексеру қорытындысы бойынша Жәнібек Тайжанов мердігер ұйымға құрылыс қарқынын қамтамасыз етуді, орындалып жатқан жұмыстардың сапасына бақылауды күшейтуді және бекітілген кестеге сәйкес қайта жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Астана-1 вокзалын қайта жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан еліміздегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүргізілуде.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін вокзал заманауи жайлылық, қауіпсіздік және қолжетімділік талаптарына сай келетін жаңартылған инфрақұрылымға ие болады. Жобаны іске асыру жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға және елордадағы маңызды теміржол нысандарының бірінде қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 241,7 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға артты (233,7 млн тонна).
Оң динамиканың факторларының бірі экспорттық тасымал көлемінің артуы болды. 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында теміржол арқылы экспортқа 69,4 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1%-ға жоғары. Ол кезде экспорттық тасымал көлемі 64,8 млн тоннаны құраған.
Экспорттық тасымалдардың өсімі темір кені, астық, тыңайтқыштар, көмір, құрылыс жүктері және басқа да өнім түрлерінің тасымалдау көлемінің артуына байланысты қамтамасыз етілді.
Темір кенін тасымалдау бойынша айтарлықтай өсім тіркелді. Оның экспорттық тасымалдау көлемі 10,1 млн тоннаны құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,1%-ға артты.
Астықтың экспорттық тасымалы 17,6%-ға өсіп, 8,3 млн тоннаны құрады. Негізгі өсім Орталық Азия елдеріне, Ауғанстанға және Қытайға бағытталған тасымалдар бойынша байқалды.
Сонымен қатар экспортқа 1,2 млн тонна тыңайтқыш тасымалданды, бұл өткен жылдың деңгейінен 9%-ға жоғары. Өсім Беларусь, Бразилия, Өзбекстан, Болгария және Ауғанстанға жөнелтілімдер көлемінің артуына байланысты болды.
Көмірдің экспорттық тасымалдау көлемі 25,8 млн тоннаны құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға артты.