Құрық порты: Қазақстанның көлік әлеуетінің жаңа тынысы

Құрық порты: Қазақстанның көлік әлеуетінің жаңа тынысы

Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов Құрық портының даму мүмкіндіктерімен танысып, маңызды инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын саралады. Сапар аясында аймақтың көлік және логистика саласындағы жетістіктері бағаланды.

Қараша айының басында Құрық портында жылына 1 миллион тонна астықты өңдеуге қабілетті жаңа терминал іске қосылды. Жобаның алғашқы нәтижесі ретінде Иранға 2 800 тонна арпа жөнелтілді. Бұл Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырудағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

Қазіргі уақытта Құрық портының айлақтарындағы кіреберіс каналдың тереңдету жұмыстары толығымен аяқталды. Жыл соңына дейін «Саржа» терминалдарының маңындағы аумақтарда қосымша жұмыстар аяқталады деп күтілуде. Бұл жаңартулар порттың өткізу қабілетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Сапар барысында Жәнібек Тайжанов «Саржа» көпфункционалды терминалының құрылысымен де танысты.

Комитет төрағася кешеннің Қазақстанның астық, контейнерлік, сусымалы және құйылатын жүктерді тасымалдау мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтеріп, аймақ пен елдің транзиттік әлеуетін одан әрі арттыруға септігін тигізетінін айтты.

2024 жылдың мамыр айында іске қосылған «Ерсай» терминалы Өзбекстанға 153 ірі габаритті жүк бірлігін жөнелтті. Сонымен қатар, Құрық портында теңіз кемелерінің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететін кеме қозғалысын басқару жүйесі енгізілді.

Биыл алғашқы он айда Құрық паром кешені арқылы жүк тасымалдау көлемі 22%-ға артып, 23 134 бірлікті құрады. Бұл көрсеткіш Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуына және теңіз көлігі тасымалының артуына зор үлес қосуда.