Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Хромтау ауданында «Адал азамат» біртұтас тәрбие: бағдар және болашақ» тақырыбында облыстық көшпелі семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру барысында мектеп, отбасы және қоғам арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту арқылы оқушы тұлғасының жан-жақты әрі үйлесімді дамуына қолайлы тәрбиелік орта қалыптастыруға бағытталған тиімді тәжірибелерді тарату.
Семинарға өңірдің аудандық және қалалық білім беру ұйымдарынан тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері, сондай-ақ Хромтау аудандық білім беру ұйымдарының директорлары қамтылды.
Шара барысында тәрбие және кәсіби бағдар бағытындағы жобалар таныстырылып, қатысушылар Хромтау Жоғары тау-кен техникалық колледжіне кәсіби саяхат жасады. Сонымен бірге «SMART BALA» жобасы аясында тәжірибелік жұмыстар көрсетіліп, ерекше білім беруді қажет ететін оқушылардың көрме жұмыстары ұйымдастырылды. Ата-аналар «Даналық мектебінде» шеберлік сабақтарын өткізді. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалардың жұмысы ұсынылып, Кеңес Одағының батыры, жазушы, әскери жауынгер Бауыржан Момышұлына арналған кеш өтті.
Қатысушылар мектеп, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, ата-ана және оқушы арасындағы бірлескен жұмыстарымен танысып, жаңа жобалар туралы ақпарат алды. Семинар заманауи тәрбие моделінің тиімді тәжірибелерін ортаға салу, пікір алмасу және «Ашық микрофон» форматындағы талқылаумен қорытындыланды.