GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Байланыс ақпарат
Қызметі
Баспасөз орталығы
Комитет туралы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Кадр саясаты
19 октября 2026
Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановтың Құтқарушылар күнімен құттықтауы

 Құрметті әріптестер, ардагерлер, қадірлі құтқарушылар!

  Сіздерді «Құтқарушы күні» кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Құтқарушы – қазіргі заман қаһарманы. Батылдық пен жанқиярлық қасиеттерге ие тұлға.

  Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен батылдықтарыңыздың арқасында талай адамның өмірі сақталып, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде.

  Қазіргі таңда бірігіп, қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Президентіміз бен Үкімет тарапынан көрсетілген сенім мен қолдаудың арқасында бұдан да биік жетістіктерге жететінімізге сенімдімін.

  Қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан барлық әріптестердің есімдері мәңгі ел есінде. Жылдар бойы ісіне адал қызмет етіп, енді өздерінің бай тәжірибелерімен жас ұрпақты тәрбиелеп отырған ардагерлерімізге ерекше ризашылығымды білдіремін.

  Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, халықтың игілігі мен қауіпсіздігі үшін атқаратын қызметте сәттілік пен табыс тілеймін.

Қазақстан Республикасының

Төтенше жағдайлар министрі

Мұрат Мұханов

ТЖ профилактикасы
Авариялық-құтқару жұмыстары
Төтенше жағдайлар
Азаматтық қорғаныс
Шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі
Өнеркәсіптік қауіпсіздік
Мемлекеттiк материалдық резерв
Кадр саясаты
16 октября 2026
Қазақстан ТЖМ әлеуетін арттыруда: жаңа технологиялар, заманауи техника және құтқару инфрақұрылымын дамыту

  Құтқарушылар өрт сөндіруге және іздестіру-құтқару жұмыстарына аттанып жатқанда, биік таулы бекеттердің мамандары мұздақ көлдерді бақылап, авиациялық экипаждар ұшуға дайындалады, ал кезекші орталықтар тәулік бойы оқиғалар туралы хабарламаларды қабылдайды. Осы күнделікті жұмыстың артында өз мүмкіндіктерін жүйелі түрде кеңейтіп келе жатқан азаматтық қорғау жүйесі тұр. Өңірлерде өрт сөндіру деполары мен құтқару станциялары салынып, техника жаңартылып, цифрлық бақылау жүйелері мен авиациялық инфрақұрылым дамытылуда.

  19 қазанда құтқарушылардың кәсіби мерекесі атап өтіледі. 2026 жылы 1995 жылы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылғанына 31 жыл толады. Бүгінде азаматтық қорғау органдарында 27 мыңнан астам қызметкер қызмет етеді.

  2026 жылдың басынан бері төтенше жағдайлар қызметтері шамамен 82 мың рет шақыртуға шықты. 8,8 мыңнан астам адам құтқарылып, 10,3 мыңнан астам азамат эвакуацияланды, ал 3,2 мыңнан астам зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілді. «112» қызметінің пультіне 4,2 миллионнан астам қоңырау түсті. 

  Әрбір шақыртудың артында қауіп-қатерді жылдам бағалауды, қажетті күштерді жұмылдыруды және көмек көрсетуді талап ететін жеке оқиға тұр. Сонымен қатар министрлік төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында да жұмысты күшейтіп келеді. Мұндағы мақсат – қауіп-қатердің бір бөлігін адамдар мен елді мекендерге зардабын тигізбей тұрып анықтау. Жыл басынан бері өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс бағыттары бойынша шамамен 25 мың тексеру жүргізілді.

  Цифрлық жүйелер қауіп-қатердің алдын алуға көмектеседі

  Азаматтық қорғаудың цифрлық жүйесі біртіндеп орын алған оқиғаларға ден қою құралы ғана емес, күнделікті жұмыстың маңызды бөлігіне айналып келеді. Камералардан алынған деректер, кезекші қызметтердің хабарламалары және модельдеу нәтижелері мамандарға әртүрлі өңірлерден келіп түскен ақпаратты салыстыруға мүмкіндік береді. Су тасқыны қаупі төнген кезде бұл ықтимал су басу аумақтарын алдын ала бағалауға, ал табиғи өрт кезінде өрттің шыққан орнын және оның таралу бағытын жылдам анықтауға көмектеседі.

  Төтенше жағдайлар министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында Дағдарыс орталығы мен тұрақты жұмыс істейтін «Тұран» жедел штабы қызмет етеді. Мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмдері қайта қаралып, төтенше жағдайлар кезінде республикалық азаматтық қорғау қызметтерін тарту тетіктері айқындалды.

  «Табиғат» жүйесі табиғи өрттерді ерте анықтауға арналған. «Тасқын» және «Талсим» жүйелері су тасқыны процестерін модельдеуге көмектеседі. Каспий теңізі мен сейсмикалық белсенділікті цифрлық бақылау құралдары да дамытылып жатыр. Дағдарыс орталығына еліміздің сегіз өңірінде орнатылған орман өрттерін ерте анықтауға арналған 114 камерадан бейнелер келіп түседі.

  Қауіпті өндірістік объектілердегі бейнебақылау жүйелеріне қолжетімділік кеңейтілуде. Қазіргі уақытта мамандар «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс» АҚ және «Шалқия Цинк» ЖШС-нің 18 шахтасы мен кенішінен деректер алып отыр. Мұндай мониторинг кәсіпорындардағы жағдайды жедел бағалауға және оқиғалар кезінде іс-қимылдарды үйлестіруге мүмкіндік береді.

  Азаматтық қорғаудың бірыңғай ведомствоаралық KORDIS радиожелісі құрылды. Ол төтенше жағдайлар қызметтері арасында тұрақты цифрлық байланысты қамтамасыз етуге арналған. Жоба Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның және басқа да мемлекеттік құрылымдардың қатысуымен жүзеге асырылды. Алдағы уақытта жұмысын он мемлекеттік орган үйлестіретін азаматтық қорғаудың барлық 15 қызметін осы желіге қосу көзделген.

  Ұшқышсыз ұшу аппараттары іздестіру және мониторинг жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтеді

  Далада, орманда немесе тау шатқалында адамды іздеу кезінде үлкен қашықтық, қараңғылық және жетуі қиын жер бедері іздестіру жұмыстарын күрделендіреді. Ұшқышсыз ұшу аппараты аумақты әуеден шолып, бейнені іздестіру тобына жіберуге және жерүсті бөлімшелерінің жетуі қиын учаскелерді тексеруге мүмкіндік береді. Бұл ретте одан әрі қандай әрекеттер жасау керектігін құтқарушылар нақты жағдайды ескере отырып, алынған деректер негізінде шешеді.

  Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерінде 242 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Олардың 187-сі жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған. Тағы үш аппарат док-станциялармен бірге алдын ала белгіленген бағыттар бойынша ұшып, автоматты түрде көтерілуге және қонуға қабілетті.

  Ұшқышсыз ұшу аппараттары жоғалған адамдарды іздеуге, табиғи өрттерді, су тасқындарын және су айдындарын бақылауға тартылады. Ажыратымдылығы жоғары камералар мен тепловизорлар тау шатқалдарын, далалық және орманды аумақтарды, соның ішінде түнгі уақытта да тексеруге мүмкіндік береді. Бағдарламалық құралдар адамдарды, көлік құралдарын және жүзу құралдарын танып, олардың қозғалысын бақылайды әрі операторға хабарламалар жібереді.

  Жыл басынан бері ұшқышсыз ұшу аппараттары шамамен бес мың операцияға жұмылдырылды. Олардың көмегімен 28 адам құтқарылды. Әуеден барлау кең аумақтарды жылдам тексеруге және жерүсті топтарын зардап шеккен адамдар болуы мүмкін жерлерге бағыттауға көмектеседі.

  Авиация шалғай және жетуі қиын аудандарға жақындай түсуде

  Шалғай елді мекендер мен таулы аймақтар үшін авиация көбінесе көмек жеткізудің ең жылдам жолы болып табылады. Тікұшақ құтқару тобын, жабдықтарды немесе науқасты автомобиль жолымен жетуге қарағанда әлдеқайда жылдам тасымалдай алады. Сондықтан авиацияны дамыту әуе кемелерінің санын арттырумен ғана емес, сонымен қатар әуеайлақтар, ангарлар және әуе кемелерінің базаларын орналастыру желісін кеңейтумен де байланысты.

  Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациялық паркі 45 әуе кемесінен тұрады. Тікұшақтар мен ұшақтар іздестіру-құтқару операцияларына, табиғи өрттерді сөндіруге, әуеден мониторинг жүргізуге, мамандарды тасымалдауға және медициналық эвакуациялауға қатысады.

  2026 жылдың басынан бері «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелерімен 2 735 ұшу орындалды, оның ішінде 486 ұшу санитариялық авиация желісі бойынша жүзеге асырылды. Барлығы 466 науқас тасымалданды.

  «20 авиациялық отряд» жоспары аясында ангарларды қайта жаңарту және жаңаларын салу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы Ұлытау облысында ангар ашылды, ал 2026 жылы Балқаш пен Павлодар қалаларындағы екі ангарды жаңғырту жұмыстары аяқталды.

  Air 112 тікұшақ алаңдарының желісі де дамып келеді. Биыл «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында, Талғар бөгетінде, «Аюсай» селден қорғау бөгетінде, № 4 қалалық ауруханада және Алматы қаласындағы Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасының филиалында бес алаң салынды.

  Биік таулы аймақтарда тікұшақ алаңдары мамандар мен жабдықтарды мореналық көлдерге жеткізуге көмектеседі. Кейбір су айдындарына дейінгі ұшу уақыты 10-15 минутты құрайды. Алдағы уақытта теңіз деңгейінен шамамен 3 200 метр биіктікте қосымша тікұшақ айлағын салу жоспарланып отыр.

  Селден қорғау тұрақты бақылаудан басталады

  Сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары көп жағдайда назардан тыс қалады, өйткені оның басты нәтижесі – төтенше жағдайдың алдын алу. Биік таулы көлдерді әрбір тексерудің артында су деңгейін, жағалаудағы бөгеттердің жай-күйін және мұздық аймағындағы өзгерістерді бақылау жұмыстары тұр. Мұндай мәліметтер инженерлік шараларды таңдау және халықты уақтылы ескерту үшін қажет.

  Сел қаупі бар маусым бойы «Қазселденқорғау» ММ мамандары мореналық көлдерді, мұздықтарды, өзендер мен сел арналарына тұрақты бақылау жүргізді. Инженерлік жұмыстар атқарылып, су бұру арналарының жағдайы бағаланды. Сонымен қатар су айдындарының тереңдігі мен көлемін анықтау үшін батиметриялық зерттеулер жүргізілді.

  Жарып кету қаупі бар мұздаұ көлдерден 3,5 миллион текше метр су сорғызып шығарылды. Ең қауіпті көлдерде су деңгейін бақыланатын түрде төмендету үшін шамамен 50 сифондық құбыр орнатылды. Маусым қорытындысы бойынша бақыланатын мұздақ көлдердің жарылуына және қауіпті сел ағындарының пайда болуына жол берілген жоқ.

  Алматы облысы мен Алматы қаласының биік таулы аймақтарында ұзақ мерзімді кезекшілікті қамтамасыз ету үшін 12 модульдік тұрғын үй орнатылды. Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында екі модульдік диспетчерлік пункт құрылды. Сондай-ақ «Қарасай ПЭО», «Медеу», «Талғар» және «Алтай» диспетчерлік пункттерінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

  Су айдындарында құтқару бөлімшелерінің желісі кеңейіп келеді

  Ірі су айдындарында төтенше жағдай кезінде әр минуттың маңызы зор. Жылдам жүретін қайық, дайындалған экипаж және жақын маңда орналасқан құтқару станциясы іздестіру жұмыстарын жедел бастап, зардап шеккен адамды жағаға тезірек жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінеді, өйткені жазатайым оқиғалардың едәуір бөлігі шомылуға арнайы бөлінбеген жерлерде орын алады.

  Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, демалыс орындарындағы қауіпсіздік инфрақұрылымын дамытып келеді. Алматы, Астана қалаларында, Абай, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында 13 құтқару бөлімшесі мен бекеті құрылды.

  2026 жылы Астана қаласында, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстарында сегіз құтқару станциясы салынды. Жыл соңына дейін Астана қаласы мен Қарағанды облысында екі жедел-құтқару жасағын салу жоспарланған.

  Соңғы екі жылда құтқару бөлімшелеріне 41 жылдам жүретін қайық берілді. Шомылу маусымында 241 мобильді құтқару тобы кезекшілік атқарды, ал 54 құтқару станциясының күштері мен құралдары дайындықта болды. Ірі су айдындарында 53 әскери қызметшінің қатысуымен қосымша топтар құрылды.

  Шомылу маусымында 376 адам құтқарылды, олардың 125-і – кәмелетке толмағандар. Құтқарылған адамдардың саны өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе көп. Оқиғалардың басым бөлігі жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған орындарда болған. Ең көп адам Маңғыстау облысы мен Жетісу облысында құтқарылды.

  Каспий теңізіндегі теңіз-құтқару қызметінің мүмкіндіктері кеңейтілуде

  Теңіздегі құтқару операциялары өзендер мен көлдердегі жұмыстарға қарағанда өзгеше техника мен дайындықты қажет етеді. Экипаждар су тереңдігін, ауа райы жағдайларын, жағалауға дейінгі қашықтықты және кеме апаты кезінде судың ластану ықтималдығын ескеруі керек. Сондықтан Каспийдегі құтқару жасағын дамыту адамдарды құтқаруға да, су айдынын қорғау жұмыстарына да дайын болуды қамтиды.

  «Теңіз жасағы» үшін іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге, мұнай төгінділеріне және Каспий теңізінің Қазақстан секторындағы төтенше оқиғаларға ден қоюға арналған мамандандырылған кеме сатып алынды.

  Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі және жекелеген учаскелердің таяздануы кеме қатынасының жағдайын өзгертіп, кемелердің қайраңға тұрып қалу қаупін арттырады. Флоттың жаңа кемемен толықтырылуы экипаждарға көмек көрсету және апаттардың салдарын жою мүмкіндіктерін кеңейтеді. Алдағы уақытта мұнай төгінділерін жою жұмыстарына арналған тағы төрт кемені сатып алу жоспарланып отыр.

  Өрт сөндіру бөлімшелері қалалар мен ауылдарға жақындай түсуде

  Елді мекенге жақын орналасқан өрт сөндіру бөлімшесінің болуы өрт туралы хабар түскеннен кейінгі алғашқы минуттарда маңызды рөл атқарады. Ауылдық жерлерде қашықтықтың үлкен болуы өрт сөндіру бекеттерін дамытуды қажет етеді. Сондықтан шағын өрт сөндіру бекеттерін ашу ірі өрт сөндіру деполарын салумен қатар жүзеге асырылуда. Жаңа нысандар қызмет көрсету аумағын кеңейтіп, тұрақты кезекшілікті ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

  Еліміздің өртке қарсы қорғанысын 457 өрт сөндіру бөлімшесі қамтамасыз етеді. 2026 жылы 17 өрт сөндіру депосы салынды. Олардың жетеуі бірыңғай тұжырымдама бойынша қысқа мерзімде тұрғызылатын, қызмет атқаруға және жеке құрамды орналастыруға арналған заманауи жағдайлары бар нысандар.

   Қазақстанда өрт сөндірушілер, құтқарушылар, медицина қызметкерлері мен полиция қызметкерлері кезекшілік атқаратын 14 әмбебап өрт сөндіру депосы жұмыс істейді. Биыл осындай төрт бөлімше Шымкент қаласында, Ұлытау облысындағы Жәйрем кентінде, Талдықорған қаласында және Шымбұлақ курортында құрылды. Сонымен қатар екі өрт сөндіру депосының ғимараты қайта жаңартылып, жеті нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

  Ауылдық аумақтарды қорғау үшін 2025 жылы қабылданған «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Еліміз бойынша 292 өрт сөндіру бекеті құрылып, олардың қызмет көрсету аймағына 900-ден астам елді мекен кіреді. Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін бұл өрт кезінде көмекке келе алатын күштердің жақынырақ орналасуын білдіреді.

   Әскери бөлімдер жаңартылып, қызмет ету жағдайлары жақсартылуда

  Казармалар мен тұрмыстық үй-жайларды жаңарту әскери қызметшілердің күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Жаттығулардан, кезекшіліктен және тапсырмаларды орындаудан кейін жеке құрамға демалуға, тамақтануға және күш-қуатын қалпына келтіруге қолайлы жағдай қажет. Сондықтан инфрақұрылымды жөндеу жұмыстары бөлімшелердің дайындығын арттыру және жауынгерлік әзірлігін сақтау шараларымен қатар жүргізіледі.

  2026 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық бес әскери бөліміндегі казармалар қоры жөндеуден өтті. Үш әскери бөлімде мерзімді әскери қызметшілерге арналған жаңа казармалар пайдалануға берілді.

  Асханалар, тұрмыстық үй-жайлар және әлеуметтік мақсаттағы нысандар жаңартылуда. Алдағы уақытта әскери қызметшілер орналасатын орындарды жөндеу және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын кезең-кезеңімен дамыту көзделген. Бұл жұмыстар жеке құрамның қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда тұруын, тамақтануын және демалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

  Құтқару қызметтері жаңа техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етілуде

  Құтқару техникасы қалалық көшелерден бастап жолсыз жерлер мен су басқан аумақтарға дейін әртүрлі жағдайларда қолданылады. Барлық міндетті бірдей орындайтын әмбебап құрал жоқ. Сондықтан жоғары өтімді автомобильдер, жүзу құралдары және арнайы жабдықтар бірін-бірі толықтырып, төтенше жағдайдың сипатына қарай қажетті құралдарды таңдауға мүмкіндік береді.

  2026 жылы республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен өрт сөндіру, құтқару, авариялық-құтқару және қосалқы мақсаттағы 87 бірлік техника, Marine Marlin, Voyage маркалы жүзу құралдары мен аэролодтарды қоса алғанда, алты заманауи жүзу құралы, сондай-ақ 976 бірлік жабдық пен жарақ сатып алынды.

  Бөлімшелер жол жүру жағдайы күрделі учаскелерде қозғалуға арналған Toyota Hilux автомобильдерімен толықтырылуда. Өрт сөндірушілердің, құтқарушылардың, әскери қызметшілердің және басқа да қызметкерлердің қорғаныш жабдықтары мен арнайы киімдері жаңартылуда. Биыл 243 789 бірлік формалық киім сатып алынды.

  Мемлекеттік резерв ауқымды міндеттерді орындауға дайындалуда

  Ауқымды төтенше жағдайлар кезінде құтқарушыларды жедел жіберіп қана қоймай, зардап шеккен аумақтарды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету де маңызды. Материалдық қорлар, дайындалған қоймалар және халықты орналастыру пункттері осы жұмыстың негізін құрайды. Мемлекеттік резервті дамыту қажетті ресурстарды мұқтаждық туындаған жерге уақтылы жеткізу мүмкіндігімен байланысты.

  «Резерв» РМК инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. «Автоматика» және «Комета» филиалдарында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, ал «Беркут», «Целина», «Орбита» және «Балқаш» нысандарында тиісті жұмыстар жүргізілді. Комитеттің әкімшілік ғимараты қайта жаңартылып, онда Жедел басқару орталығы, спорт кешені және асхана құрылды.

  Арыс қаласында мемлекеттік материалдық резервті сақтауға арналған база салу жобасы басталды. Жоба сақтау қуаттарын кеңейтуге және төтенше жағдайлар кезінде оңтүстік өңірлерге ресурстарды жедел бөлуге бағытталған.

  «Алатау» оңтүстік базасын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Жоба зардап шеккендерді уақытша орналастыру пункттері, қоймалар және күштер мен құралдарды басқаруға арналған республикалық штаб орналасатын автономды көпфункционалды кешен салуды көздейді.

  Қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жетілдірілуде

  Төтенше жағдайлардың алдын алу нысандарды жобалау және пайдалану кезеңдерінен бастап қауіпсіздік талаптарының сақталуынан басталады. Өртке қарсы автоматика жүйелерін, қауіпті өндірістік объектілерді және адамдар көп жиналатын орындарды бақылау апат немесе өрт туындағанға дейін заңбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. 

  Төтенше жағдайлар министрлігіне төтенше жағдайлардың алдын алу, бірегей нысандарға арналған арнайы техникалық шарттарды келісу, сондай-ақ пайдалануға берілер алдында адамдар жаппай жиналатын ғимараттар мен биіктігі 28 метрден асатын көппәтерлі тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігін бағалау салаларында қосымша өкілеттіктер берілді.

  Өртке қарсы автоматика жүйелерін монтаждау және оларға техникалық қызмет көрсету жұмыстарын орындайтын ұйымдар үшін рұқсат беру рәсімдері, сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілерді техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарларын келісу тәртібі көзделген. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында қадағалаудың жаңа тетігі қолданысқа енгізілді, ал 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану саласындағы бақылау кеңейтілді.

  Электромобильдер мен зарядтау станцияларын орналастыруға, қонақүйлер мен хостелдердегі хабарлау жүйелеріне, ғимараттар мен құрылыстарды жобалауға қойылатын талаптар жаңартылды. Өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді, сондай-ақ туристік маршруттар туралы ақпарат беру талаптары көзделді. 

  Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау одан әрі дамып келеді

  Кәсіби дайындық қызметкерлердің өмір сүру және жұмыс істеу жағдайларына да байланысты. Тұрғын үй төлемдері, жатақханаларды жаңарту, отбасымен бірге демалу және спортпен шұғылдану мүмкіндіктері қызметтің тұрақты негізін қалыптастырады. Әлеуметтік қолдау шаралары тәулік бойы кезекшілік атқарып, күрделі операцияларға үнемі шығатын мамандар үшін ерекше маңызды.

  2025 жылғы маусымнан бастап азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері, қызмет бабымен ауысқан кезде көтерме жәрдемақылар, жол жүру және мүлікті тасымалдау шығындарын өтеу қарастырылды. Төтенше жағдай жарияланған аумақта міндеттерді орындағаны үшін ақшалай ынталандыру шаралары да көзделген.

  Ведомстволық тұрғын үйлер мен жатақханаларға күрделі жөндеу жүргізу жалғасуда. Қызметкерлер мен олардың отбасыларына арналған демалыс орындарының желісі қалыптастырылып, оның ішінде «Көлсай» және «Шымбұлақ» бағыттары дамытылуда. Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағалауында «112 Resort Aktau» ведомстволық орталығы ашылды. Жоба аясында 45 капсулалық үй салу қарастырылған, оның алғашқы жетеуі пайдалануға берілді.

  Қалаларда «BATYR TEAM» спорт клубтары құрылды, сондай-ақ 16 «BATYR KIDS» балалар клубы жұмыс істейді. Казармалық жағдайда болған және карантиндік іс-шараларға қатысқан кезде қызметкерлер мен әскери қызметшілерді тамақтандыру мәселелері жекелеген нормативтік шешімдермен реттелді.

  Халықаралық ынтымақтастық азаматтық қорғау мүмкіндіктерін кеңейтеді

  Жер сілкіністері, сел процестері және ірі табиғи өрттер әкімшілік шекаралармен шектелмейді. Бірлескен зерттеулер, бақылау деректерімен алмасу және мамандарды даярлау елдерге ақпаратты салыстыруға әрі төтенше жағдайларға дайындық деңгейін жетілдіруге көмектеседі. Қазақстан үшін сейсмологиялық зерттеулер мен биік таулы көлдердің жарылуы туралы ерте ескерту жүйелерін дамыту ерекше маңызға ие.

  2026 жылғы 26 наурызда Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау жөніндегі Қазақстан Республикасының № 274-VIII ҚРЗ Заңына қол қойылды. Құжат табиғи апаттарға бірлесіп ден қою мүмкіндіктерін дамыту және құтқару бөлімшелерін даярлау шараларын көздейді.

  Алматы қаласында болашақ Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкіністерін зерттеу орталығының ғимараты ашылды. Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының құрылымында үш мамандандырылған зертхана құрылды. Қазақстан мен Қытайдың ғылыми ұйымдары геофизика және сейсмология саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

  2026 жылы Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі мен ЮНЕСКО Орталық Азия халқының мұздық көлдердің жарылу қаупіне осалдығын төмендетуге бағытталған GLOFCA жобасы аясында ерте ескерту жүйелерін дамыту туралы меморандумға қол қойды. Жоба аясында жабдықтар орнату және қауіпті биік таулы су айдындарын бақылау жүйесін дамыту жұмыстары көзделген.

  Барлық өзгерістердің өзегінде адам қауіпсіздігі тұр

  Техникалық жаңғырту, инфрақұрылым салу, цифрлық байланысты дамыту және қызметкерлерді даярлау жүйесін жетілдіру бір ортақ мақсатқа бағытталған. Көмек уақтылы жетуі, табиғи қауіптер алдын ала анықталуы, ал бөлімшелер кез келген жағдайда жұмыс істеуге қажетті күштер мен құралдарға ие болуы тиіс.

  Қазақстанның өртке қарсы және құтқару қызметтерінің тарихында қызметтік міндеттерін атқару кезінде 77 қызметкер қаза тапты. Олардың ерлігі мен қызметтік борышына адалдығы туралы естелік ведомство өмірінде ерекше орын алады.

  Құтқарушылар күніне орай Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмыс нәтижелері еліміздің азаматтық қорғау жүйесінің жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді. Салынған әрбір өрт сөндіру депосының, жаңа қайықтың, тікұшақ алаңының, бақылау бекетінің және енгізілген әрбір техникалық шешімнің артында адам өмірін сақтау мақсаты тұр. Бұл мақсатқа азаматтық қорғау органдарының 27 мыңнан астам қызметкері күнделікті қызметін арнайды.

 

 

Кадр саясаты
11 октября 2026
Қазақстан ТЖМ-нің үш командасы «100 SARBAZ» жобасына қатысты

  Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені ұйымдастырған «100 SARBAZ» әскери-патриоттық телевизиялық реалити-шоуына Төтенше жағдайлар министрлігінің үш командасы қатысып, жоба жүлдегерлері атанды.

  ТЖМ атынан «Құтқарушылар», «Сағадат батыр» және «Batyr Team» командалары өнер көрсетті. Жобаға қатысу олардың кәсіби даярлығын, командалық рухын, төзімділігін және күрделі міндеттерді орындауға дайындығын көрсетуге мүмкіндік берді.

  «100 SARBAZ» жобасы әскери қызметтің беделін арттыруға, жастарға патриоттық тәрбие беруге және оларды әскери борышын абыроймен өтеуге ынталандыруға бағытталған.

  ТЖМ командаларына қолдау көрсетіңіздер!

  Бүгін сағат 15:00-де «Жібек жолы» телеарнасынан жобаны тамашалаңыздар!

ТЖ профилактикасы
01 октября 2026
ТЖМ-де жойқын жер сілкінісі кезіндегі мемлекеттік органдардың іс-қимылдары пысықталды

  ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында Алматы қаласында жойқын жер сілкінісі болған жағдайда мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын пысықтау бойынша бірлескен оқу-жаттығу өткізілді.

  Оқу-жаттығуға Республикалық жедел штаб құрамына кіретін азаматтық қорғаудың 16 қызметінің өкілдері қатысты. Оқу-жаттығу барысында жойқын жер сілкінісі туындаған кездегі негізгі іс-қимыл алгоритмдері пысықталды. Атап айтқанда, жедел штабты жинау және оның жұмысын ұйымдастыру, жедел ақпаратты беру және алмасу, қалыптасқан жағдайды бағалау, басқарушылық шешімдер қабылдау және төтенше жағдай салдарын жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу мәселелеріне назар аударылды.

  Мұндай оқу-жаттығулар ауқымды төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылға дайындығын бағалауға, өзара іс-қимыл барысында туындауы мүмкін мәселелерді уақтылы анықтауға және қолданыстағы ден қою алгоритмдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

 

Кадр саясаты
13 сентября 2026
ТЖМ басшысы Ақтөбе облысындағы әскери бөлімнің жұмысымен танысты

  Жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов пен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласына жақын Құрашасай ауылындағы Есет батыр Көкіұлы атындағы 20982 әскери бөліміне барды.

  Оларға қызметтің ұйымдастырылуы және бөлімшенің төтенше жағдайлар кезіндегі жұмысқа дайындығы көрсетілді. Әскери бөлімнің қарамағында жаңа арнайы техника мен заманауи құтқару құралдары бар.

  Сапар барысында инфрақұрылымды жаңарту мәселесіне де назар аударылды. Әскери қызметшілердің қызмет атқаруы мен даярлық жағдайларын, сондай-ақ техниканы орналастыру мүмкіндіктерін жақсарту мәселелері талқыланды.

  ТЖМ әскери құтқарушылары төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысады. Кездесуде гарнизонның басқа бөлімшелерімен бірлескен оқу-жаттығулар өткізу мәселесі де сөз болды. Мұндай дайындық нақты жағдайларда жедел әрі нақты әрекет етуге мүмкіндік береді.

 

11 сентября 2026
8 айда азаматтық қорғау саласында 1,4 мыңнан астам маман оқытылды

  Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғау саласындағы мамандардың кәсіби даярлығын арттыру бағытындағы жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.

  Есепті кезеңнің 8 айында ҚР ТЖМ «Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, даярлау және оқыту ұлттық орталығы» АҚ-да 1 473 адам оқудан өтті.

  Жалпы жоспар бойынша 1 671 тыңдаушыны оқыту көзделген. Осылайша, есепті кезеңде жоспардың 88,2 пайызы орындалды.

  Оқыту азаматтық қорғау саласындағы жауапты басшылар мен мамандарды даярлау мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері үшін ұйымдастырылды. Атап айтқанда, орталық мемлекеттік органдардың 620 өкілі оқытылды, жоспар бойынша 777 адам, жергілікті атқарушы органдардың 853 өкілі оқытылды, жоспар бойынша – 894 адам.

  Оқу барысында азаматтық қорғау іс-шараларын ұйымдастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, төтенше жағдайлар кезінде басқару органдарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, сондай-ақ халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылады.

  Мамандарды даярлау азаматтық қорғау саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізіледі. Оқыту барысында тыңдаушыларға төтенше жағдайлар туындаған кезде дұрыс шешім қабылдау, азаматтық қорғау күштері мен құралдарының жұмысын ұйымдастыру және авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу бойынша қажетті білім мен практикалық дағдылар беріледі.

  Азаматтық қорғау саласындағы басшылар мен мамандардың кәсіби даярлығы – төтенше жағдайларға ден қою жүйесінің тиімділігін арттырудың маңызды факторларының бірі.

  ҚР ТЖМ азаматтық қорғау саласындағы кадрлардың біліктілігін арттыру және кәсіби даярлау бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастырады.

Кадр саясаты
10 сентября 2026
Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановты қабылдады

  Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметіндегі басым бағыттарды айқындап, ведомство алдына бірқатар нақты міндеттер қойды.

  Мемлекет басшысы маусымдық төтенше жағдайларға дайындықты қамтамасыз етуді, аудандық және ауылдық бөлімшелерді одан әрі дамытуды, олардың техникалық жарақтандырылу деңгейін арттыруды тапсырды.

  Өрт, өнеркәсіптік және сейсмологиялық қауіпсіздік мәселелеріне, халықты хабардар ету жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ қатерлерді болжау және ерте анықтау үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізуге ерекше назар аударылды.

  Сонымен қатар Президент ведомствоның кадрлық әлеуетін нығайтып, құтқарушылардың кәсіби даярлық деңгейін арттыруды тапсырды.

 

ТЖ профилактикасы
Авариялық-құтқару жұмыстары
Азаматтық қорғаныс
Шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі
Өнеркәсіптік қауіпсіздік
Мемлекеттiк материалдық резерв
Кадр саясаты
Азаматтық қорғау академиясы
Азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесі
03 сентября 2026
ТЖМ 2.0: 940 күндік жүйелі жаңғырту

  2024 жылғы 6 ақпаннан 2026 жылғы 3 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігін Шыңғыс Әріноа басқарды. Ұзақтығы 940 күнді құраған бұл кезең азаматтық қорғау жүйесін кешенді жаңғыртудың маңызды кезеңіне айналды.

  Өзгерістердің негізіне «ТЖМ 2.0» тұжырымдамасы алынды. Ол төтенше жағдайлардың салдарын жоюға ден қоюдан тәуекелдерді болжауға, қауіптердің алдын алуға және күштерді бірыңғай ақпараттық кеңістікте басқаруға көшуді көздеді. Жұмыс күн сайын нақты нәтижеге қол жеткізу қағидатына негізделді. Өрт сөндіру және құтқару бөлімшелеріне, әскери бөлімдерге, авиацияға, апаттар медицинасына, судағы қауіпсіздікке, өнеркәсіптік және сейсмикалық қауіпсіздікке, кадр даярлауға және ведомстволық бағынысты ұйымдарды дамытуға бірдей көңіл бөлінді. Басты басымдық адам өмірі мен жеке құрамның дер кезінде көмек көрсетуге дайындығы болып қала берді. Барлық нәтижеге ТЖМ ұжымының бірлескен жұмысы, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы, мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен және еріктілермен өзара іс-қимылдың арқасында қол жеткізілді.

 Су тасқындарының тәжірибесінен басқарудың жаңа жүйесіне

 2024 жылғы ауқымды су тасқындары азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі үшін үлкен сынақ болды. Авариялық-құтқару және эвакуациялық іс-шараларға ТЖМ, Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, ішкі істер органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, медициналық қызметтердің бөлімшелері мен еріктілер қатысты.

  Қауіпті аймақтардан 120 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Адамдар жүзу құралдарымен, арнайы техникамен және әуе кемелерімен шығарылып, су басып қалған елді мекендерден жеткізіліп, қауіпсіз жерлерге орналастырылды.

 Су тасқындарының тәжірибесін ескере отырып, тұрақты байланыс пен ведомствоаралық үйлестіруге ерекше көңіл бөлінді. Азаматтық қорғау жүйесінде бөлімшелердің, соның ішінде кәдімгі ұялы байланыс жоқ аумақтардағы сенімді өзара іс-қимылына арналған радиожелісі құрылды.

  ТЖМ Командалық орталығы жаңғыртылды. Кезекші қызметтердің жұмыс алгоритмдері қайта қаралып, тәулік бойы мониторинг күшейтілді және өңірлік бөлімшелермен өзара іс-қимыл жетілдірілді. Өңірлерден келетін ақпарат бірыңғай жедел ахуалға біріктіріле бастады.

 Жағдайды бағалау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарынан онлайн трансляциялар, спутниктік деректер, геоақпараттық жүйелер және қауіпті аймақтардың цифрлық карталары қолданыла бастады. Жасанды интеллект технологиялары ақпаратты өңдеу, табиғи қауіптерді талдау және ықтимал қауіпті учаскелерді анықтау үшін енгізілді. Цифрландыру болжамдардың дәлдігін арттыруға, қажетті күштер мен құралдарды алдын ала анықтауға және ден қою уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Төтенше жағдайлар туралы Mass Alert жедел хабарлау жүйесін енгізу жалғасты.

  Аумақтық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты ұйымдар бірыңғай басқару вертикаліне біріктірілді. Бұл ресурстарды орталықтандыруға, үйлестіруді жеңілдетуге және шешім қабылдауды жеделдетуге мүмкіндік берді.

 Техника және заманауи инфрақұрылым

  2024 жылдан 2026 жылға дейін ТЖМ автопаркі 1 468 бірлік түрлі техникамен толықты. Оның ішінде 700 бірлік өрт сөндіру техникасы бар.

  Бөлімшелер арнайы автомобильдермен, заманауи құтқару жабдықтарымен, байланыс құралдарымен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен, роботтандырылған техникамен және өрт-техникалық қару-жарақпен қамтамасыз етілді. Техниканы жаңарту бөлімшелердің мобильдігін арттырып, жетуі қиын жерлерде жұмыстар жүргізу мүмкіндігін кеңейтті.

  2024 жылдың басынан бастап 2026 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша 45 өрт сөндіру депосы және 16 құтқару бөлімшесі салынды. Барлығы 61 жаңа өрт сөндіру және құтқару нысаны пайдалануға берілді. Еліміз бойынша 350-ден астам нысан жаңғыртылып, жөндеуден өтті.

  Құрылыс тәсілі де өзгерді. Жаңа нысандар тәулік бойы қызмет атқаруға арналған толыққанды кешендер ретінде салына бастады. Олардың құрамында оқу сыныптары, медициналық кабинеттер, демалыс және тамақтану бөлмелері, жаттығу алаңдары, спорт алаңдары мен жылы ангарлар қарастырылды. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған бөлімшелерге реновация жүргізілді. Ел бойынша жүздеген нысан түрлі жөндеу жұмыстарымен қамтылды.

  Ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігі

  «ТЖМ 2.0» бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі кәсіби өрт сөндіру бөлімшелерінен шалғай орналасқан ауылдарды өрттен қорғау болды.

  «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында елімізде 255 ерікті өртке қарсы құралымы құрылды. Оларға өрт сөндіру автомобильдері, байланыс құралдары, жабдықтар, өрт-техникалық қару-жарақ және арнайы киім берілді. Еріктілер ТЖМ аумақтық бөлімшелерінде даярлықтан өтті. Ерікті құралымдарды дамыту негізгі күштер келгенге дейін өртті сөндіруге және алғашқы кезектегі құтқару жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді. Жаңа бекеттер өздері орналасқан елді мекендерді ғана емес, көршілес ауылдарды да қорғауды қамтамасыз етеді.

  Авиация және апаттар медицинасы

  ТЖМ тарихында алғаш рет ұшақтар мен басқа да әуе кемелері сатып алынды. Авиациялық парк 13 заманауи әуе кемесімен толықты. Авиация құтқару топтарын жедел жеткізу, жабдықтар мен гуманитарлық жүктерді тасымалдау, табиғи өрттерді сөндіру, әуеден барлау, іздестіру-құтқару жұмыстары және медициналық эвакуация үшін пайдаланылды.

  Өңірлік авиациялық отрядтарды қалыптастыру, ангарлар салу және тікұшақ алаңдарын құру басталды. Жеке авиациялық инфрақұрылымды дамыту ден қою жүйесінің дербестігі мен мобильдігін арттырды.

  Санитарлық авиация шалғай және жетуі қиын елді мекендерден пациенттерді шұғыл тасымалдауды қамтамасыз етті. «Қазавиақұтқару» АҚ экипаждары медициналық бригадалармен бірлесіп, медициналық көмектің уақтылы көрсетілуі шешуші маңызға ие болған жағдайларда тапсырмаларды орындады.

  Апаттар медицинасы орталығының материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Реанимобильдер, санитарлық көлік, медициналық техника, байланыс құралдары және трассалық медициналық-құтқару бекеттері жаңартылды. Медициналық қызметкерлер бірнеше бағыттағы мамандарды біріктіретін әмбебап құтқару бөлімшелерінің құрамына енгізілді.

  Судағы және Каспий теңізіндегі қауіпсіздік

  Құтқару станциялары мен жүзу құралдарын жаңарту жұмыстары жалғастырылып, жедел әрекет ету мобильді топтары құрылды. Жағалау аймақтарында жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, бейнебақылау жүйесін енгізу басталды.

  2024 жылы адамдарды құтқаруға, апатқа ұшыраған кемелерге көмек көрсетуге және мұнайдың авариялық төгілуінің салдарын жоюға арналған «Теңіз жасағы» мамандандырылған бөлімшесі құрылды. Мұнайдың авариялық төгілуінің салдарын жою, өрт сөндіру, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу және Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы төтенше жағдайларға ден қоюға арналған көпфункционалды кеме сатып алынды. Жобаны іске асыру жұмыстары жалғасуда.

  2026 жылғы 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелерге мемлекеттік бақылау және қадағалау функциялары Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді. Бұл профилактикалық, бақылау және құтқару функцияларын бір жүйеге біріктіруге мүмкіндік берді.

  Әскери бөлімдер және жеке құрамды даярлау

  Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің казармалық қоры жаңартылды, әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайы жақсартылды, арнайы техника, экипировка және құтқару жабдықтары жаңартылды. Мобильділікті арттыру мақсатында өңірлерде ірі төтенше жағдайлар аймақтарына жедел шыға алатын құтқару батальондары құрылды. Мерзімді әскери қызметшілер азаматтық мамандықтарды меңгеру мүмкіндігіне ие болды. Мұндай даярлық қызмет аяқталғаннан кейін алған білімдері мен дағдыларын пайдалануға мүмкіндік береді.

  «Алатау» жедел мақсаттағы Оңтүстік базасын дамыту жалғасты. Ол жойқын жер сілкінісі немесе басқа да ірі төтенше жағдай кезінде құтқару күштерін орналастыруға, жұмыстарды үйлестіруге және халыққа көмек көрсетуге арналған.

   Қызметкерлерді әлеуметтік қорғау

  Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында тұрғын үй төлемдері, қызмет бойынша ауысқан кезде көтерме жәрдемақылар, төтенше жағдайлар кезінде міндеттерді орындағаны үшін қосымша төлемдер және еңбек сіңірген жылдарды жеңілдікпен есептеу енгізілді.

  Ведомстволық тұрғын үй қорына реновация жүргізілді, жеке құрамның тұрмыстық жағдайы жақсартылды, жаңа қызметтік тұрғын үй құрылысы басталды.

  Министрлік тарихында алғаш рет құтқарушылар мен олардың отбасы мүшелеріне арналған «112 Resort Aktau» жеке демалыс базасы пайдалануға берілді. Сонымен қатар қызметкерлер үшін басқа демалыс базаларында тегін отбасылық демалыс ұйымдастырылды.

  Тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылым және санаторийлік-курорттық емдеу жүйесін дамыту қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға және күрделі міндеттерді орындағаннан кейін олардың қалпына келуіне жағдай жасауға бағытталды.

  Тәуекелдердің алдын алу, ғылым және ведомстволық бағынысты ұйымдар

  Сейсмикалық станциялар, гидрологиялық және бақылау бекеттері жаңғыртылды, ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйелері енгізілді. Қазақстан-Қытай жер сілкіністерін бірлесіп зерттеу орталығын құру бойынша жұмыс басталды.

  Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында бақылау мен профилактика күшейтілді. Тау-кен кәсіпорындарында бақылау, авариялық хабарлау, позициялау және жұмысшыларды іздеу жүйелері енгізілді. Қауіпті өндірістік нысандар кезең-кезеңімен ТЖМ Ситуациялық орталығына қосылды.

  Өрт, өнеркәсіптік және сейсмикалық қауіпсіздік салаларындағы талаптар, құрылыс нормалары, сақтандыру тетіктері және тәуекелдерді бағалау тәсілдері жетілдірілді.

  Мемлекеттік материалдық резерв жүйесі де жаңғыртылды. Материалдық құндылықтардың номенклатурасы өзектендірілді, сақтау нысандары жаңартылып, қойма инфрақұрылымы дамытылды.

  Сел және опырылу салдарын алдын алуға және жоюға бағытталған арнайы инженерлік іс-шараларды жүзеге асыратын «Селденқорғау құрылыс» кәсіпорнының қызметі қайта жанданды. Оның техникасы мен өндірістік базасы жаңартылды.

  Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясын дамыту жалғасты. Заманауи оқу корпустары, жатақханалар және спорт инфрақұрылымы бар жаңа оқу кешенін салуға дайындық басталды.

  Дамудың келесі кезеңі

  «ТЖМ 2.0» азаматтық қорғаудың тәуекелдердің алдын алуға және халыққа жедел көмек көрсетуге бағытталған бірыңғай, технологиялық және мобильді жүйесіне көшу кезеңі болды.

  Шыңғыс Әріновтың министрлік басшылығындағы кезеңі техника мен инфрақұрылымды жаңартумен, авиациялық және теңіз мүмкіндіктерін дамытумен, басқаруды цифрландырумен, ауылдардың қауіпсіздігін күшейтумен және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттырумен байланысты болды.

   Басталған жобалар одан әрі дамытуға бағытталған. Олардың ортақ мақсаты мемлекеттің төтенше жағдайларға дайындығын арттыру, халықты қорғау және бөлімшелердің кәсіби әлеуетін нығайту болып табылады.

  940 күн жүйелі өзгерістер кезеңіне айналды. Бұл өзгерістердің нәтижелері адамдардың қауіпсіздігі мен Қазақстанның болашағы үшін қызмет етуді жалғастыра береді.

Азаматтық қорғаныс
Кадр саясаты
31 августа 2026
Қазақстан ТЖМ-де әскери қызметшілердің дене дайындығына заманауи жағдай жасалуда

  ТЖМ-нің 55209 әскери бөлімінде жаңа гимнастикалық қалашық, әскери қызметші әйелдерге арналған фитнес-зал және әскери қызметші ерлерге арналған жаттығу залы ашылды. Заманауи спорт инфрақұрылымын құру жеке құрамның дене дайындығын нығайтуға, төзімділігін арттыруға және әскери қызмет өткеруге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

  Жаңа гимнастикалық қалашық әскери қызметшілерге дене дайындығын тұрақты түрде жетілдіруге, денсаулығын нығайтуға және қызметке қажетті қасиеттерін дамытуға мүмкіндік беретін заманауи тренажерлермен жабдықталған. Спорт алаңы қойылған міндеттерді орындауға дайындықтың жоғары деңгейін сақтауға қосымша мүмкіндік береді.

  Әскери қызметші әйелдерге арналған фитнес-зал мен ерлерге арналған тренажер залы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Олар дене шынықтырумен тұрақты айналысуға, дене дайындығын қалыпта ұстауға және жеке құрамның жұмыс қабілетін арттыруға арналған. Жаңа спорт нысандарының ашылуы әскери қызметшілерге қолайлы жағдай жасауға, олардың денсаулығын нығайтуға және жан-жақты дамуына бағытталған кезекті қадам болды.

  Жоғары деңгейдегі дене дайындығы құтқарушылар мен ТЖМ әскери қызметшілерінің кәсіби қызметіндегі маңызды құрамдас бөлік. Жаттығу, төзімділік пен мықты мінез оларға кез келген сын-қатерге дайын болуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиімді орындауға көмектеседі.

 

 

ТЖ профилактикасы
28 августа 2026
Ақмола облысында шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыс күшейтілді

  ТЖМ ТЖ алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Ә.Д. Жылқайдаров пен Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Қ.С. Темірбековтың жұмыс сапары аясында Бурабай және Зеренді аудандарының акваторияларында ТЖД және жедел-құтқару жасағының жеке құрамымен нұсқаулықтар, сондай-ақ рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізілді.

  Шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану талаптарын сақтауға, құтқару құралдарының болуы мен жарамдылығына, жолаушыларды тасымалдау ережелерін сақтауға, техникалық ақаулы кемелерді пайдалануға жол бермеуге және алкогольдік мас күйінде су көлігін басқаруға ерекше назар аударылды.

  Кеме иелеріне заңнаманың талаптары және жолаушылардың қауіпсіздігі үшін дербес жауапкершілік шаралары түсіндірілді. Рейдтік іс-шаралардың қорытындысы бойынша шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерінің бұзылуы анықталды, кінәлі тұлғаларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.

  Жүргізіліп жатқан жұмыс судағы оқиғалардың алдын алуға, кеме иелерінің жауапкершілігін арттыруға және Ақмола облысының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

 

 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы