ТЖМ 52859 әскери бөліміне Кеңес Одағының батыры Мартбек Мамыраевтың есімі берілді

ТЖМ 52859 әскери бөліміне Кеңес Одағының батыры Мартбек Мамыраевтың есімі берілді

Әскери ұжымдарға батырлардың есімдерін беру идеясы әскери дәстүрлердің сабақтастығын сақтауға ықпал етеді. Патриотизм, жауынгерлік дәстүрлерді ұстану, аға буыннан үлгі алу – бұл 52859 әскери бөлімнің басты мақсаты.

Әскери бөлімнің саптық алаңында өткен салтанатты шараға Мартбек Мамыраевтың қызы – Клара Мамыраева, немере-шөберелері, Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейханов ауданының әкімдігі, қалалық мәслихат депутаттары, Қарағанды облысы ТЖД басшылығы, азаматтық қорғаныс ардагерлері қатысты.

Шара барасында жиналған қонақтар назарына арнайы құтқару техникалар көрмесі, арнайы әскери киім үлгісі, құтқару құрал-жабдықтары ұсынылды. Сонымен қатар, құтқару бөлімшесі альпинистік құралдарды қолдана отырып зардап шеккендерді ғимараттың жоғары бөлігінен жерге тасымалдау сәтін көрсетті. Іс-шара соңында қонақтарға әскери бөлім бойынша экскурсия өтіп, облыстық Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары әннен шашу шашты.

М.Мамыраев 1908 жылы 7 наурызда Қарқаралы ауданының «1 Май» ауылында қазіргі М.Мамыраев совхозында шаруа отбасында дүниеге келген.12-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Гвардия аға сержанты Мартбек Мамраевқа Днепрден өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін ҚСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумның 1944 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Ол сондай-ақ Ленин орденімен, 1 дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.

Айта кету керек, 52859 әскери бөлімі 1967 жылы 8 мамырда құрылған, мақсаты - табиғи және техногендік сипаттағы апаттарды жою болып табылады.