Халықтың сенімін арқалаған күштік құрылым

Халықтың сенімін арқалаған күштік құрылым

Әлемде үлкен бір күштік құрылым бар, ол төтенше жағдайлар салдарын жою жүйесіндегі Азаматтық қорғаныс әскерлері. Олардың міндеті айтып келмейтін апаттарға қарсы тұру.

1 наурызда әлем бойынша Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні кеңінен аталып өтіледі. Біздің елімізде де бұл күн тарихи мереке, өйткені Азаматтық қорғаныс саласын қамтамасыз ететін Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі қашан да  халықпен бірге!

Бұл мереке халықты түрлі қауіп-қатерден қорғауда жан аямай күресетін құтқарушылардың құрметіне аталған болатын. 1990 жылы 18 желтоқсанда Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымы Бас Ассамблеясының 9 сессиясы өтті, сонда 1 наурыз – Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күнін атап өту туралы шешім қабылданды. Сол жылы Азаматтық қорғаныс ұйымының жарғысы қабылданды, оны 18 мемлекет қолдады. 1997 жылы «Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс ұйымының Жарғысына Қазақстан Республикасын қосу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жаңа Заң қолданысқа енгізілді. Қазіргі таңда бұл ұйымға 50-ден астам мемлекет мүшелік етеді, соның ішінде Қазақстан Республикасы да бар. Аталған заң аясында Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар саласында өзге мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізді. Дәстүрге айналған бұл мереке жыл сайын түрлі ұранмен өтеді. Биылғы мереке «Азаматтық қорғаныс қызметіндегі инновациялық технологиялар!» ұранымен бастау алды.

Бұл күн Төтенше жағдайлар министрлігінің Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімі үшін ерекше мереке. Өйткені жұртымызда айтып келмейтін апаттар атанып кеткен зілзала, өрт, су басу, алапат дүлей секілді табиғаттың тосын мінезінен туындаған табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдай салдарын жоюға, қамсыз жатқан елді құтқаруға бір жұдырықтай жұмылатын, өзінің заңғар белесінде ғасырға жуық тарихы бар төтенше жағдай салдарын жою мен құтқару қызметтерін атқаратын әскери бөлімнің мемлекетіміздің күштік құрылымдар қатарында өзіндік орны бар.

Бүгін, айтулы мерекеге орай 28237 әскери бөлімінің жеке құрамы Алматы қаласындағы «Астана» алаңында Төтенше жағдайлардың өзге қызметтерімен бірлестікте арнайы техникалары мен құтқару құралдарының көрмесін өткізді. Көрмені қаланың үш мыңнан астам оқушылары мен тұрғындары тамашалады.

Бұнымен қоса Алматы қаласында бөлімнің әскери қызметшілері үшін мерекелік концерт ұйымдастырылды. Концертке өзге құрылымдармен бірге әскери бөлімнің көркемөнерпаздар ұйымы да атсалысты. Сонымен қатар шара барысында бірқатар әскери қызметшілер ҚР Төтенше жағдайлар министрінің және әскери бөлім командирінің марапаттарымен марапатталды.

 

Айдос Байшағыров, 28237 әскери бөлімі

Алматы облысы