Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет мүшесі, депутат Максим Николаевич Рожин Алматы облысының Жамбыл ауданына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кеңес Одағының батыры Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөліміне келді.
Ел қалаулысының жұмыс сапарымен келудегі мақсаты әскери бөлімнің күнделікті өмірімен және әскери қызметшілердің тұрмыс-тіршілігімен танысу болды. 28237 әскери бөлімінің командирі подполковник Бағлан Кенбейлов депутат Максим Рожинге әскери бөлімнің қызметтік іс-әрекеттері мен қазіргі жағдайы және болашақтағы жоспарлары туралы мәлімдеме жасады. Ары қарай оған әскери бөлімнің апаттық-құтқару құралдары, арнайы техникалары, әскери киім-кешектері мен сарбаздардың казармалық үй-жайлары таныстырылды және әскери бөлімнің жеке құрамымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында ол жеке құрамға еліміздегі құтқарушылардың әлеуметтік қамтылуы туралы сөз қозғап, жақын арада заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Қызметтік сапар аяғында депутат Максим Рожин әскери бөлімнің «Құрметті келушілер» кітабына өз қолтаңбасын қалдырып, бөлім қолбасшылығымен және аудандық әкімдік басшыларымен естелік фотоға түсті.
Айдос Байшағыров
ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімі
Алматы облысы