2023 жылғы 8 қарашада Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 28237 әскери бөлімінде белгіленген әскери қызмет мерзімін өткерген 2-2022 жылғы сарбаздардың запасқа шығарылуына орай салтанатты түрде құрмет көрсету іс-шарасы болып өтті.
Мерзімді қызметтің 200-ге жуық сарбазы бір жыл бойы өңірдегі төтенше жағдайлар салдарын ескерту мен жою бойынша қызметтер атқарды, түрлі оқу-жаттығуларға қатысты, сонымен қатар дүлей жер сілкіну апаттарынан зардап шеккен Сириялық Араб Республикасына және Ауғанстанға гуманитарлық көмек жүгін тиеу-арту мен тасымалдау жұмыстарына қатысып, мемлекетіміздің Ата заңында ерекше белгіленген өз Конституциялық борыштарын абыроймен орындады.
Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерумен және Мемлекеттік гимнді орындаумен басталды және Мемлекеттік туды көтеру мәртебесі жауынгерлік даярлық бойынша үздік қырынан көрінген сарбаз қатардағы Нұрболат Жолдасовқа берілді.
Іс-шара барысында әскери бөлім командирінің міндетін уақытша атқарушы подполковник Усаев Ерік Кендералыұлы және әскери бөлімнің Ардагерлер кеңеснінің төрағасы запастағы подполковник Бейсембаев Қуаныш Қалибайұлы сарбаздарға қызметтері үшін зор алғыстарын білдіріп, Төтенше жағдайлар министрлігінің қатарында атқарған қызметтері табандылық пен патриоттық мектебінің үлгісі болғандығына сенім білдірді.
«Бүгін біз, бізбен бірге сапта тұрып әскери қызметтің суығы мен ыстығын бөліскен жауынгерлерді запасқа шығару бойынша оларға құрмет көрсетудеміз. Бүгінгі әскери қызметін өткеріп, Отан алдындағы өз борыштарын өтеген сарбаздардың ертеңгі күні ел басына күн туғанда туған жерінің тіреуішіне айналатынына мен кәміл сенімдімін. 28237 әскери бөлімінің қатарында қызмет ете жүріп, сіздер әскери мектептің бар-қыр-сырын меңгердіңіздер. Бұл жолда сіздер батылдық пен қайсарлық, патриоттық пен Отанын сүю деген қастерлі сөздердің мағынасын терең ұғындыңыздар. Қызметте үйренген дағдыларыңыз өмірлік жолдарыңызда ұстанымға айналар деген ниеттемін. Сәттілік сіздерге, ақ жол!», – деп подполковник Ерік Усаев сарбаздарға сәт-сапар тіледі.
Іс-шара барысында сарбаздар ҚР ТЖМ Азаматық қорғаныс комитеті төрағасы міндетін атқарушының, бөлім командирінің және жергілікті өзара әрекеттестік органдарының грамоталарымен, сондай-ақ алғыс хаттарымен марапатталды.
«Даңқты қолбасшы Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің қатарында әскери міндетімді өткеру мен үшін үлкен мәртебе болды. Отан алдындағы борышымды өтегенім және қызметімді сәтті аяқтағаным – маған мақтаныш, әрі абырой! Өзімнің қатарластарыма айтарым, әскерден қорықпай мен сияқты Отан алдындағы борыштарыңды адал атқарыңдар!», – деп, көкірегін қуаныш сезімі кернеген қатардағы Төлешев Нұрбек Әділбекұлы ағынан жарылды және бір жыл бойы әкесі мен анасындай болып тәлім-тәрбие берген командирлеріне, офицерлер мен сержанттарға сарбаздарға деген ерекше қамқорлығы үшін зор алғысын білдірді.
Әскери қызметті өткерудің тиімділігін арттыру бойынша былтырдан бастап әскер қатарына шақырылған мерзімді әскери қызмет сарбаздары үшін көптеген жаңашылдықтар ашылды. Сондай жаңашылдықтың бірі әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген сарбаздардың запасқа босатылғаннан кейін Қазақстанның Жоғарғы оқу орындарына Ұлттық бірыңғай тестін тапсырусыз және конкурссыз, ақылы негізде түсу, әскери кафедраларға конкурстан тыс түсу, сонымен қатар әскери қызметін өтеу барысында жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтарынан үздік нәтиже көрсеткен, үлгілі тәртібімен ерекше ынта танытқан сарбаздар ақысыз негізде Қазақстанның Жоғарғы азаматтық және әскери оқу орындарына тегін түсу мүмкіндігіне ие болды. Осы орайда Қорғаныс министрлігі 40-тан астам жетекші жоғарғы оқу орындарымен келісім жүргізген болатын.
Осыған байланысты биыл Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің қатарына 2022 жылдың күзінде шақырылған және қазіргі уақытта қызметтерін өткеру барысында жауынгерлік даярлықтан ерекше ынтасымен және алғырлығымен көзге түскен сарбаздар мемлекетіміздің жоғары оқу орындарына түсу бойынша іріктеуден мүдірмей өтіп, даңқты қолбасшы Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің екі мерзімді әскери қызмет сарбазы еліміздің белді жоғарғы оқу орындарында тегін оқу мәртебесін жеңіп алып, грант сертификаттарына ие болды.
Халық даналығында: «Елді қорғау - парыз» - деп, бекер айтылмаса керек. Отанды қорғау - абыройлы іс болса, ол қасиетті парызды абыроймен өткерген сарбаздардың болашағын жарқын қылу - мемлекет мәртебесі.
Айдос Байшағыров,
28237 әскери бөлімі, Алматы облысы