ТЖМ әскери қызметшілері «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуға қатысты

ТЖМ әскери қызметшілері «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуға қатысты

2023 жылғы 11-12 қыркүйек аралығында Алматы қаласының аумағында «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды, оқу-жаттығуларға Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау қызметтерімен бірлесіп Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің (Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан) құтқару қызметтерінің авариялық-құтқару құралымдары қатысады. Бірлескен іс-қимылдарды әзірлеу және үйлестіру үшін ұйымдастырылған Республикалық штаб Алматы қаласында орналастырылды.

Бұл оқу-жаттығулардың мақсаты – азаматтық қорғау басқару органдары мен күштерінің жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдарға дайындық деңгейін арттыру, жалпы қауіпсіздік мәдениетін арттыру болып табылады.

Оқу-жаттығудың басталуына дайындық барысында құтқару құрамалары мен қызметтерімен командалық-штабтық жаттығулар мен тактикалық тексерулер ұйымдастырылды. Осы міндеттерді шешу кезінде қайталама зақымдаушы факторларды ескере отырып, жер сілкінісінің салдарын жою, техногендік сипаттағы аварияларды оқшаулау және жою мәселелері пысықталды.

Жойқын жер сілкінісінің зардаптарын жоюды жүргізуге шешімдер қабылдау барысында жедел топ басшылары төтенше жағдай ауданындағы жағдай туралы деректерді жинауды, өңдеуді және талдауды жүргізді.

Жедел топтың лауазымды тұлғалары шешім қабылдау үшін уақтылы ұсыныстар дайындады, неғұрлым қолайсыз сейсмикалық жағдайларды, жер асты суларын, аталған аудандағы жер сілкінісінің барынша ықтимал қарқындылығын, төтенше жағдай аймағының ауданын, халық санын, инженерлік, өрт, радиациялық – химиялық және медициналық жағдайды (санитарлық және қайтарымсыз шығындар) ескере отырып, күштер мен құралдардың нақты мүмкіндіктері ескерілді.

Оқу-жаттығу барысында қойылған міндеттер орындалды, мақсатқа қол жеткізілді.