2023 жылғы 19 мамырда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 28237 әскери бөлімінде белгіленген әскери қызмет мерзімін өткерген 1-2022 жылғы сарбаздардың запасқа шығарылуына орай салтанатты түрде құрмет көрсету іс-шарасы болып өтті.
Жыл бойы 200-ге жуық мерзімді қызмет сарбаздары аймақтағы ТЖ зардаптарының алдын алу және жою бойынша қызметтік міндеттерді орындады, түрлі жаттығуларға қатысты және жойқын жер сілкіністерінен зардап шеккен Сирия Араб Республикасына жіберілген гуманитарлық көмекті тиеуге, тасымалдауға және түсіруге тартылды. Іс-шарада оларды әскери бөлімнің командирі подполковник Бағлан Талғатұлы Кенбейлов, Жамбыл ауданының ТЖ бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Еркін Еділханұлы Жағыпаров, әскери бөлімнің ардагері запастағы аға прапорщик Алмас Кималашұлы Қыпшақов, Жамбыл ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары капитан Әділхан Талғатұлы Асанов құттықтап, сарбаздарға қызметі үшін алғысын білдірді және Төтенше жағдайлар министрлігі қатарындағы қызмет жас балалар үшін патриотизм, батылдық және кәсіби даму мектебіне айналғанына сенім білдірді.
«Бүгін біз, бізбен бірге сапта тұрып әскери қызметтің суығы мен ыстығын бөліскен жауынгерлерді запасқа шығару бойынша оларға құрмет көрсетудеміз. Бүгінгі әскери қызметін өткеріп, Отан алдындағы өз борыштарын өтеген сарбаздардың ертеңгі күні ел басына күн туғанда туған жерінің тіреуішіне айналатынына мен кәміл сенімдімін. 28237 әскери бөлімінің қатарында қызмет ете жүріп, сіздер әскери мектептің бар қыр-сырын меңгердіңіздер. Бұл жолда сіздер батылдық пен қайсарлық, патриоттық пен Отанын сүю деген қастерлі сөздердің мағынасын терең ұғындыңыздар. Қызметте үйренген дағдыларыңыз өмірлік жолдарыңызда ұстанымға айналар деген ниеттемін. Сіздерге сәттілік, ақ жол!» – деп әскери бөлім командирі подполковник Бағлан Кенбейлов сарбаздарға сәт-сапар тіледі.
Іс-шара барысында сарбаздар бөлім командирінің және өзара әрекеттестік органдарының грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
«Даңқты қолбасшы Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің қатарында әскери міндетімді өткеру мен үшін үлкен мәртебе болды. Отан алдындағы борышымды өтегенім және қызметімді сәтті аяқтағаным – маған мақтаныш, әрі абырой! Өзімнің қатарластарыма айтарым, әскерден қорықпай мен сияқты Отан алдындағы борыштарыңды адал атқарыңдар!» – деп көкірегін қуаныш сезімі кернеген қатардағы Төкенов Нұрлыбек Сержанатұлы ағынан жарылды және бір жыл бойы әкесі мен анасындай болып тәлім-тәрбие берген командирлеріне, офицерлер мен сержанттарға сарбаздарға деген ерекше қамқорлығы үшін зор алғысын білдірді.
28237 әскери бөлімі