
Даңқты қолбасшы Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінде 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 78 жыл толуына орай салтанатты мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараны құттықтау сөздерімен ашқан әскери бөлім командирі майор Б. Кенбейлов бөлімнің барлық жеке құрамын және ардагерлер мен құрметті қонақтарды Ұлы Жеңістің 78 жылдығы және Отан қорғаушылар күні мерекелерімен құұтықтап, оларға игі жақсылықтар тіледі. Өз сөзінде командир: «Ұлы Жеңіс мейрамы - Қазақстан халқының ерлігін, батылдығын, абыройын асқақтатумен қатар, бейбіт өмір мен Отан үшін жанын қиған жауынгерлерді еске алатын ерекше маңызды мереке. Осындай мерекенің жалғасып келе жатқанына биыл 78 жыл және оның тойлануының Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толуымен тұспа-тұс келіп жатқаны - біз үшін қосарланған қуаныш» - деп атап өтіп, бұндай ерлік дастанын ешқашан ұмыту мүмкін еместігін паш етті.
Ұдайы жас сарбаздарға патриоттық тәлім-тәрбие беріп келе жатқан әскери бөлімнің ардагерлері запастағы подполковник Қ. Бейсембаев пен запастағы майор М. Мадияров мереке барысында барша әскери қызметшілерді төл мерекелерімен құттықтап, өздерінің жүрекжарды сөздерін арнады.
Бөлім ардагерлерімен қатар мерекелік іс-шараға Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары А. Туматаев, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы майор Э. Жанболатов, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы майор Е. Жагипаров арнайы келіп, Отан қорғаушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі.
Сонымен қатар іс-шара барысында қызметтік міндеттерін адал атқарып, үздік жетістіктерге қол жеткізген әскери қызметшілер ҚР Төтенше жағдайлар министрінің және әскери бөлім командирінің грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды. Айта кетерлігі, іс-шара барысында ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен 28237 әскери бөлім командирі майор Б. Кенбейловке мерзімінен бұрын «Подполковник» әскери шені берілді, оны командирге аудан әкімінің орынбасары А. Туматаев табыстады.
Салтанатты іс-шара соңы әскери бөлімнің әскери қызметші әйелдерінің ұйымдастыруымен, Жамбыл аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблі мен «Жас ұлан» үйінің өнерпаздары ерлер қауымына арнап мерекелік концерт ұйымдастырды.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫН ҚОРҒАУ - ОНЫҢ ӘРБІР АЗАМАТЫНЫҢ ҚАСИЕТТІ БОРЫШЫ!