Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 28237 әскери бөлімінде жаңа қысқы оқу кезеңі басталды

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 28237 әскери бөлімінде жаңа қысқы оқу кезеңі басталды

Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ еліміздің елді-мекендері, нысандары мен аумағын табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жолындағы Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қ. Тоқаевтың пайымы жаңа оқу кезеңінде әскери қызметшілермен өткізілген алғашқы мемлекеттік-құқықтық дайындық сабағының басты тақырыбына айналды.

Бөлім басқармасының офицерлерімен, сондай-ақ бөлім бөліністерінің офицерлерімен алғашқы тәрбиелік сабақты 28237 әскери бөлімінің командирі майор  Б. Кенбейлов жеке өзі жүргізді. Сабақ барысында ол Ел басшысының бастамасымен елімізде іске асып жатқан ауқымды жобалармен қатар, Ұлттық қауіпсіздік туралы пайымын кеңінен түсіндіріп, мемлекетіміздің жеткен жетістіктерін, оның ішінде Тәуелсіздікті жариялағаннан кейінгі жылдардағы өткен тарихи жолдарының маңыздылығына ерекше тоқталып өтті, сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі әскери бөлімдерінің еліміздің өркендеуі, һәм тыныштығы жолындағы қосқан үлесін де назардан тыс қалдырмады.

Жаңа оқу кезеңінің ашылуына әскери бөлімнің Ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы подполковник Қ. Бейсембаев арнайы келіп, жеке құрамға жалынды тілектерін айтып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Алғашқы тәрбиелік сағаттан кейін саптық алаңда сап түзеген 28237 әскери бөлімінің жауынгерлері қару-жарақ пен әскери техниканы, сондай-ақ әскери мүліктерді дұрыс қолдану, кез келген міндеттерді атқару кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау бойынша тәжірибелік сабақтарға тарасты.

Жаңа оқу кезеңінде еліміздегі айтып келмейтін апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың салдарын жою бойынша «бауыржандық» құтқарушылардың алдында көптеген атқарылар жауапты міндеттер тұр және оларды мүлтіксіз орындауға әскери бөлімнің жауынгерлері қашанда әзір.

         ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімі