
2021 жылдың 27 мамырында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Балалардың жаз мезгіліндегі қауіпсіздігі» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараға ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Сыздықов Бауыржан қатысты.
Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында 38 адам, соның ішінде 4 бала құтқарылды. 53 адам, соның ішінде 26 бала суға батып қайтыс болды. Себептері: жабдықталмаған, тыйым салынған жерлерде шомылу , балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру; су қоймасына құлаған және өз күштерін дұрыс бағаламау; жеке құтқару құралдарынсыз балық аулау; құтқару кеудешесіз жүзу құралдарын (катамаранды) пайдалану.
Елде шомылу маусымы ресми түрде 1 маусымда басталатынына қарамастан, өңірлерде тұрғындар су айдындарында шомылуда.
Өткен аптада 17-23 мамыр аралығында су айдындарында 12 адам, оның ішінде 2 бала суға батып қайтыс болды. Адамдардың қаза болуы Батыс Қазақстан (3), Атырау (2), Маңғыстау (2), Солтүстік қазақстан (2), Ақмола (1), Түркістан облыстарының (1) және Нұр-Сұлтан қаласының (1) су айдындарында тіркелді.
Бүгінгі күні еліміз бойынша шомылуға рұқсат етілген 469 орын анықталды. Еліміздің су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп практикалық және профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізуде.
Су айдындарында 2 500-ден астам ескерту белгісі орнатылған.
Еліміздің барлық өңірлеріндегі су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын сақтау бойынша үгіт өнімдерін тарату, шомылуға тыйым салынған және рұқсат етілген орындарды «2GIS» картографиялық платформасына орналастыру үшін авиациялық және теміржол көлігінің мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері пысықталуда.
ТЖМ құтқару бөлімшелері азаматтар көп пайдаланатын су айдындарының 125 учаскесін бақылайды, онда күн сайын 493 құтқарушы қызмет атқарады.
Су акваторияларын қамтуды ұлғайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су айдындарының қауіпті және күзетілмейтін учаскелерінде қосымша 48 мобильдік құтқару бекеті қойылатын болады.
Әкімдіктер және су маңындағы демалыс орындарының иелері бірлесіп, ТЖМ жедел-құтқару жасақтарында даярлықтан өткен қоғамдық құтқарушылар (250 жасақ-құтқарушы) есебінен 108 объектілік құтқару бекетін құрды.
Су айдындарында адамдардың қайтыс болуына жол бермеу бойынша алдын алу жұмыстарын күшейту үшін демалу орындарында рейдтер жүргізу бойынша жұмыстар басталды. Жалпы 3519 патрульдеу мен рейд жүргізілді. Бұл ретте, халық арасында 70 мыңнан астам үгіт өнімі (үнпарақтар, жадынамалар, брошюралар) таратылды.
Суда зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету үшін коммуналдық және жеке жағажайларда 97 медициналық пункт дайындалды.
Жазғы демалыс уақытының басталуына байланысты, ТЖМ балалардың су қоймалары, арықтар мен каналдарға баруына ата-аналардың жауапты екеніне назар аударуды ұсынады.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі