Жұмысқа кіріспес бұрын қызметкер қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарымен таныстырылуы тиіс екенін білесіз бе?
Кез келген өндірісте, құрылыс алаңында немесе басқа да жұмыс орындарында белгілі бір қауіп-қатерлер болады. Сондықтан уақтылы өткізілетін нұсқама – жай ғана формалдылық емес, жазатайым оқиғалардың алдын алудың маңызды шарасы.
❗ Жұмыс беруші нені қамтамасыз етуге міндетті?
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес жұмыс беруші:
✅ Нұсқама беру және оқытуды жүргізуге – жұмыскерлерге еңбек міндеттерін қауіпсіз орындау қағидаларын түсіндіруге және олардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімін тексеруге;
✅ Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге – кәсіптік тәуекелдерді анықтауға және олардың алдын алу мен төмендету жөнінде шаралар қабылдауға;
✅ Қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге – жұмыскерлерді белгіленген нормаларға сәйкес арнайы киіммен, аяқкиіммен және қажетті жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге;
✅ Қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға – белгіленген қағидалардың орындалуын қадағалауға және анықталған бұзушылықтарды уақтылы жоюға;
✅ Медициналық қарап-тексерулерді ұйымдастыруға – заңнамада көзделген жағдайларда өз қаражаты есебінен медициналық қарап-тексерулер өткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
⚠ Білу маңызды!
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қажетті оқытудан және білімін тексеруден өтпеген жұмыскерлер жұмысқа жіберілмейді.
Сонымен қатар, жұмыскердің өзі де белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға, қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануға және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар туралы уақтылы хабарлауға міндетті.
Нұсқаманы тек формалды түрде өткізу қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Әрбір жұмыскер ықтимал қауіп-қатерлерді түсініп, қауіпті жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуі маңызды.
Есіңізде болсын: жазатайым оқиғаның салдарын жойғаннан гөрі, оның алдын алған әлдеқайда маңызды.
Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – жұмыс берушінің міндеті және әрбір жұмыскердің құқығы!
#ЕңбектіҚорғау #ЕңбекҚауіпсіздігі #ЕңбекИнспекциясы #ЕңбекҚұқықтары #МЕИК
Әрбір жұмыскердің жалақысын уақтылы алуға, қауіпсіз еңбек жағдайларына және еңбек құқықтарының сақталуына құқығы бар.
Алайда іс жүзінде жұмыс берушінің жалақыны кешіктіруі, тиесілі төлемдерді төлемеуі, еңбек шартының талаптарын бұзуы немесе еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтамауы сияқты жағдайлар кездеседі.
Егер еңбек құқықтарыңыз бұзылса, не істеу керек?
📌 1-қадам. Өтініш беріңіз
Жұмыскер жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық департаментіне, оның ішінде e-Otinish порталы арқылы өтініш бере алады.
📌 2-қадам. Өтінішті қарау
Мемлекеттік еңбек инспекторлары өтініште көрсетілген мән-жайларды зерделейді, ұсынылған құжаттарды талдайды және заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда жұмыс берушіге тексеру жүргізеді.
📌 3-қадам. Тиісті шаралар қабылдау
Егер заңбұзушылықтар расталса, мемлекеттік еңбек инспекторы өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды. Атап айтқанда, жұмыс берушіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілуі, ал кінәлі тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
📌 4-қадам. Орындалуын бақылау
Еңбек инспекциясының жұмысы заңбұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмейді. Мемлекеттік еңбек инспекторлары берілген нұсқамалардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады және жұмыскерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.
Біздің міндетіміз – заңбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, жұмыскерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруге ықпал ету.
Егер еңбек құқықтарыңыз бұзылса, бұл жағдайды назардан тыс қалдырмаңыз. Мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгініңіз.
#ЕңбекИнспекциясы #ЕңбекҚұқықтары #ЖұмыскерлердіңҚұқықтарынҚорғау #ЕңбекЗаңнамасы #МЕИК
Демалыс және мереке күндері жұмыс істеуге рұқсат етіледі, алайда жұмыс беруші Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.
📖 ҚР Еңбек кодексінің 85-бабына сәйкес, заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға олардың жазбаша келісімімен немесе өздерінің өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі.
❗ Қызметкер нені білуі маңызды?
✅ Қызметкердің келісімі. Жалпы ереже бойынша жұмыс беруші қызметкерді оның жазбаша келісімінсіз демалыс күні жұмысқа тартуға құқылы емес.
✅ Еңбекақы төлеу. ҚР Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу қызметкердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесін негізге ала отырып, кемінде бір жарым есе мөлшерде жүргізіледі.
✅ Басқа демалыс күні. Қызметкердің қалауы бойынша жоғарылатылған еңбекақы төлеудің орнына басқа демалыс күні берілуі мүмкін.
✅ Ерекше жағдайлар. Заңнамада қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға жол берілетін жекелеген жағдайлар көзделген.
⚖️ Есіңізде болсын: қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартудың белгіленген тәртібін сақтау – жұмыс берушінің міндеті.
📢 Өз еңбек құқықтарыңызды біліңіз және оларды қорғаңыз!
#ЕңбекҚұқықтары #ҚРЕңбекКодексі #ЕңбекИнспекциясы #ҚызметкерлердіңҚұқықтарынҚорғау #МЕИК #ҚРЕңбекМинистрлігі
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті жұмыс берушілердің назарын Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі (ЕШЕАБЖ) еңбек шарттары туралы мәліметтерді уақтылы тексеру және өзектендіру қажеттігіне аударады.
Бүгінде ЕШЕАБЖ-да шамамен 6,9 млн қолданыстағы еңбек шарты туралы мәліметтер қамтылған.
Жұмыс берушілерге енгізілген ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын, оның ішінде қызметкер, лауазымы, еңбек шартының мерзімі, ауыстырулар, еңбек жағдайларының өзгеруі және еңбек қатынастарының тоқтатылуы туралы мәліметтерді тексеру ұсынылады.
ЕШЕАБЖ-дағы өзекті мәліметтер қызметкерлердің еңбек қызметі туралы деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге және ақпараттық жүйелердегі сәйкессіздіктер санын азайтуға мүмкіндік береді.
Заңнамада мынадай жағдайлар үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске саламыз:
Жұмыс берушілерге ЕШЕАБЖ-дағы мәліметтерді тұрақты түрде тексеріп, оларды уақтылы өзектендіруді ұсынамыз.
ЕШЕАБЖ-дағы еңбек шарттары туралы мәліметтерді қазірден тексеріңіз — деректер толық, өзекті және дұрыс болуы тиіс.
Астанада «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» халықаралық форумы аясында мемлекет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар өкілдері «Алгоритмдік бақылау, кәсіподақтардың рөлі, бизнестің жауапкершілігі» атты Астана үшжақты декларациясына қол қойды. Құжат әлеуметтік әріптестердің еңбек саласында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуге қатысты ортақ ұстанымдарын айқындайды. Декларацияда адами капиталды дамыту, еңбек құқықтарын қорғау және жұмыскерлерге қатысты шешімдер қабылдау кезінде адамның рөлін сақтау мәселелеріне басымдық берілген.
Халықаралық форумға мемлекеттік органдардың, кәсіподақтардың, жұмыс берушілердің, халықаралық ұйымдардың және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері қатысты. Қатысушылар жасанды интеллектінің жұмыспен қамту мен кәсіби дағдыларға әсерін, еңбек құқықтарын қорғау, кадрларды қайта даярлау, платформалық экономиканы дамыту және жаңа технологияларды қауіпсіз енгізу мәселелерін талқылады.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев пен вице-министр Бақтияр Жазықпаев қатысты.
«Жасанды интеллект еңбек құралдары мен оны ұйымдастыру тәсілдерін өзгертуі мүмкін. Дегенмен кез келген технологиялық өзгерістің басты назарында адам қалуы тиіс. Жаңа технологиялардың дамуы адами капиталды жетілдірумен, жұмыс орындарының сапасы мен қауіпсіздігін арттырумен және жұмыспен қамту мүмкіндіктерін ұлғайтумен қатар жүруі керек», – деп атап өтті Ербол Тұяқбаев.
Вице-министр Бақтияр Жазықпаев панельдік сессия барысында Министрліктің еңбек саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы практикалық шешімдерін таныстырды. Негізгі тәсіл дәстүрлі электрондық қызметтерден интеллектуалды әрі проактивті сервистерге көшуге негізделген. Мұндай сервистер қолда бар деректер негізінде азаматтардың қажеттіліктерін алдын ала анықтап, оларға тиісті шешімдерді ұсына алады.
Бұл тәсіл қазірдің өзінде Enbek экожүйесінде жүзеге асырылуда. Онда жұмыс істейтін AIDana жасанды интеллекті негізіндегі ассистент азаматтармен 61 мыңнан астам диалог жүргізген. Өтініштердің 77%-ы оператордың қатысуынсыз шешіледі. Сондай-ақ Цифрлық жұмыспен қамту қызметі дамып келеді Ол азаматтың кәсібін, еңбек өтілі мен біліктілігін ескере отырып, бос жұмыс орындарын автоматты түрде іріктейді. Маңғыстау және Павлодар облыстарында жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба аясында екі ай ішінде азаматтарға шамамен 60 мың жеке ұсыныс жолданып, жүйенің ұсынымы бойынша 3 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты.
Жасанды интеллект мамандардың жұмыс тиімділігін арттыру үшін де қолданылуда. ИИ-конфигуратор 150-ден астам дереккөзден алынған ақпаратты талдап, кәсіптік стандарт жобасын бұрынғыдай шамамен үш айда емес, 3–5 күн ішінде әзірлеуге мүмкіндік береді. Жаңа құралдың көмегімен қазірдің өзінде 100 кәсіптік стандарт жобасы дайындалды. Бұл ретте сараптамалық бағалау мен түпкілікті шешімді маман қабылдайды.
Цифрлық технологияларды қолданудың тағы бір бағыты – еңбек құқықтарының бұзылуы мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу. Жасанды интеллект тексерулер, анықталған бұзушылықтар және кәсіби тәуекелдер туралы деректерді талдайды. Қазіргі таңда Еңбек тәуекелдерінің картасы 23 көрсеткіш бойынша 99,5 мың кәсіпорынды қамтиды. Бұл жүйе еңбек заңнамасын бұзу немесе әлеуметтік-еңбек жанжалдарының туындау қаупі жоғары ұйымдарды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінде осындай тәуекелі жоғары шамамен 2,4 мың кәсіпорын анықталды.
Форум барысында алгоритмдік басқару және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау, автоматтандырудың жұмыспен қамтуға ықпалы, кадрларды қайта даярлау, платформалық экономиканы дамыту, сондай-ақ еңбек саласында жасанды интеллектіні қолдануды реттеудің халықаралық тәсілдері де талқыланды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек саласында жасанды интеллектіні қолдану ең алдымен адам үшін нақты нәтижеге бағытталуы керек екенін атап өтеді. Яғни азаматтың тезірек жұмыс табуына, қажетті мемлекеттік қызметті алуына, әкімшілік рәсімдерді қысқартуға және еңбек құқықтарының бұзылу тәуекелдерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік беруі тиіс. Сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты шешімдер міндетті түрде адамның қатысуымен қабылданады.
Республикалық еңбекті қорғау ғылыми-зерттеу институты «Жасыл экономикаға көшу аясындағы еңбек жағдайлары және кәсіптік тәуекелдер: жіктеу, санаттар және топтастыру критерийлері» ғылыми-техникалық бағдарламасының негізгі кезеңінің қорытындысын шығарды.
Бағдарламаның басты міндеті – еңбек жағдайларын бағалау тәсілдерін жетілдіру және зиянды, қауіпті факторлардың бар-жоғын тіркеумен шектелмей, нақты жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдерді уақтылы анықтап, оларды азайту шараларын қабылдауға мүмкіндік беретін жүйеге көшу.
Не әзірленді
Зерттеулер қорытындысы бойынша жұмыс орындарын кәсіптік тәуекел дәрежесіне қарай саралауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларының жіктемесі қалыптастырылды. Сондай-ақ зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің санаттары мен оларды тиісті санаттарға жатқызу критерийлері айқындалды.
Бағдарлама аясында төрт әдістеме әзірленді. Олар тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбек жағдайларын жіктеуді, зиянды және қауіпті жағдайларда жұмыс істейтін қызметкерлердің санаттарын анықтауды, ашық ауада, жер астында және биікте жұмыс істеу кезіндегі кәсіптік тәуекелдерді бағалауды, сондай-ақ кеңейтілген практика мейірбикелерінің еңбек жағдайлары мен кәсіби ортасын бағалауды қамтиды.
Бұдан бөлек, өндірістік орта және еңбек процесі факторларын ескере отырып, еңбек жағдайларын бағалау мен жіктеу бойынша оқу модулі әзірленді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы аясында кәсіптік тәуекелдерді басқару бөлігінде еңбек заңнамасын жетілдіру жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар дайындалды.
Цифрлық құралдар және кәсіпорындарда сынақтан өткізу
«Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» АБЖ(АИС) -да төрт цифрлық анықтама мен құрал әзірленді. Оның ішінде зиянды және қауіпті өндірістік факторлар жіктеуіші, кәсіптік тәуекелдерді бағалау бойынша электрондық есеп және түзету іс-шараларының электрондық жоспары бар.
Әзірленген тәсілдер 9 кәсіпорында пилоттық сынақтан өтті. Нәтижесінде 8 енгізу актісі алынды.
Зерттеулер тау-кен, құрылыс және өңдеу өнеркәсібінің ерекшеліктері ескеріле отырып жүргізілді. Бұл әзірленген тәсілдердің қолданылу мүмкіндігін тікелей өндірістік жағдайда тексеруге мүмкіндік берді.
Бағдарламаның ғылыми нәтижелері Web of Science және Scopus халықаралық базаларында индекстелетін басылымдардағы 5 жарияланым және ҚР ҒЖБССҚК (КОКНВО РК) ұсынған журналдардағы 18 жарияланым жарияланды. Сонымен қатар 6 авторлық куәлік алынды.
Бұл жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге не береді
Жаңа тәсілдердің практикалық мақсаты – еңбек жағдайларын негізінен есепке алудан тәуекелдердің алдын алуға көшу. Жұмыс беруші нақты жұмыс орнындағы қауіптерді дәлірек анықтауға, тәуекел деңгейін бағалауға және қажетті профилактикалық іс-шараларды жоспарлауға арналған құралдарға ие болады.
Жұмыскерлер үшін мұндай тәсіл ең алдымен еңбек қауіпсіздігін арттыруға, жарақат немесе кәсіптік ауруға әкелуі мүмкін факторларды уақтылы анықтауға және жағымсыз салдарлар туындағанға дейін шара қабылдауға бағытталған.
Ғылыми-техникалық бағдарламаның нәтижелері кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесін одан әрі жетілдірудің және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық және әдістемелік базаны өзектендірудің негізін қалыптастырады.
Жүргізілген жұмыс 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының және Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының басымдықтарына сәйкес келеді.
Жалақыны уақытылы әрі толық төлеу – жұмыс берушінің басты міндеттерінің бірі және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, жалақыны айына кемінде бір рет және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуге тиіс. Төлемнің нақты күні еңбек немесе ұжымдық шартта белгіленеді. Егер белгіленген төлем күні демалыс не мереке күніне сәйкес келсе, жалақы одан бұрынғы күндерде төленеді.
Жалақы кешіктірілсе, не істеу керек?
Алдымен жұмыскер жұмыс берушіге жүгініп, кешіктіру себебін анықтап, берешекті өтеуді талап ете алады.
Мәселе шешілмесе, жұмыскер жұмыс берушінің тұрған жеріндегі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге құқылы. Өтінішті eOtinish жүйесі арқылы электрондық форматта да жіберуге болады.
Өтінішке еңбек қатынастарын және жалақы бойынша берешекті растайтын қолда бар құжаттарды қоса тапсыру керек. Ол жерде еңбек шарты, есеп айырысу парақтары, банк көшірмелері, бұйрықтар және өзге де растайтын материалдар болуы мүмкін.
Өтініш қаралғаннан кейін қандай іс-шаралар жүргізіледі?
Қажет болған жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторлары заңнамада белгіленген тәртіппен бақылау іс-шараларын жүргізеді.
Берешек фактісі расталса, жұмыс берушіге бұзушылықты жоюға, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеуге міндетті орындалуға тиіс нұсқама беріледі. Нұсқаманың орындалуын мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылауға алады.
Сонымен қатар жұмыс беруші жұмыскерге жалақы берешегін ғана емес, кешіктірілген әрбір күнтізбелік күн үшін тұрақсыздық айыбын да төлеуге міндетті. Оның мөлшері жалақы төлеу міндеттемесі орындалған күні қолданыста болған ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшері бойынша есептеледі.
Жұмыс берушіге қандай жауапкершілік көзделген?
Жалақыны толық көлемде, белгіленген мерзімде төлемегені үшін, сондай-ақ жұмыс берушінің кінәсінен тұрақсыздық айыбын есептемегені және төлемегені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабында әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Айыппұл мөлшері:
Жалақының кешіктірілуі жұмыскердің еңбек құқықтарының бұзылуы болып табылатынын еске саламыз. Егер жұмыс беруші жалақыны белгіленген мерзімде төлемесе, жұмыскер заңнамада көзделген шараларды қабылдап, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін мемлекеттік еңбек инспекциясы органдарына жүгіне алады.
Сіз еңбек шартын жасасып, жұмыс істеп жүрсіз, бірақ ол туралы мәліметтер Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (ЕШЕАБЖ) жоқ па?
Бұл жұмыскер үшін белгілі бір тәуекелдер туғызуы мүмкін.
❗ Егер еңбек шарты туралы мәліметтер ЕШЕАБЖ-ға енгізілмесе:
• еңбек қызметіңіз туралы мәліметтер жүйеде көрсетілмейді — жұмыскер жұмыс берушінің еңбек қатынастарын тіркегеніне көз жеткізе алмайды;
• жекелеген мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді алу кезінде қиындықтар туындауы мүмкін, өйткені оларды көрсету барысында мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі еңбек қызметі туралы мәліметтер пайдаланылады;
• жұмыс беруші тарапынан жіберілген бұзушылықтарды уақтылы анықтау қиындайды — мысалы, жұмысқа қабылдау, басқа жұмысқа ауыстыру немесе еңбек шартын тоқтату туралы мәліметтер енгізілмеген не дұрыс енгізілмеген жағдайда;
• еңбек қызметі туралы мәліметтерде сәйкессіздіктер туындауы мүмкін, бұл кейіннен оларды жұмыс берушінің нақтылауын немесе түзетуін талап етеді;
• ЕСЕШЖ-да мәліметтердің болмауы еңбек қызметі туралы жекелеген мәліметтерді растау кезінде қосымша қиындықтар туғызуы мүмкін.
📌 Маңызды: ЕШЕАБЖ-да мәліметтердің болмауы заңнамада белгіленген тәртіппен жасалған еңбек шарты автоматты түрде жарамсыз болып қалады дегенді білдірмейді.
Жұмыс беруші еңбек шартын жасасу және тоқтату туралы, сондай-ақ заңнамада көзделген еңбек шартына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы мәліметтерді ЕШЕАБЖ-ға уақтылы енгізуге міндетті.
🔎 ЕШЕАБЖ-да еңбек шартыңыз туралы мәліметтердің бар-жоғын тексеріңіз.
Егер еңбек шарты жасалған, бірақ ол туралы мәліметтер жүйеде болмаса, тиісті мәліметтерді енгізу үшін жұмыс берушіге жүгініңіз.
Жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптарын бұзған жағдайда жұмыскер аумақтық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне жүгінуге құқылы.
✅ ЕШЕАБЖ-дағы өзекті мәліметтер еңбек қызметін растауға және жұмыскердің еңбек құқықтарын қорғауға көмектеседі.
Астанада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқу-ағарту және корпоративтік мәдениетті дамыту: комплаенс қызметтерінің рөлі» тақырыбында диалог алаңы өтті. Іс-шара барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев еңбек заңнамасындағы жаңа нормалар және оларды іс жүзінде қолдану тәртібі туралы айтып берді. Жиынға мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың және ұйымдардың өкілдері қатысты.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, комплаенс мамандарының жұмысы кәсіби дайындықты, дербестікті және жоғары жауапкершілікті талап етеді. Олар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, заң талаптарының сақталуын бақылайды. Сондай-ақ анықталған мәселелер бойынша ұйым басшылығына ұсыныстар енгізеді.
«Мамандар өз міндеттерін толық орындауы үшін олардың функциялары мен өкілеттіктері нақты белгіленуі керек. Сонымен қатар заңда көзделген еңбек құқықтары мен кепілдіктер іс жүзінде сақталуға тиіс», – деді Ербол Тұяқбаев.
Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтерінің қызметкерлеріне қатысты еңбек қатынастарын реттеудің ерекшеліктерін белгіледі. Бұл нормалар еңбек шартын жасасу және тоқтатуға, еңбекақы төлеуге, тәртіптік жауапкершілікке тартуға және басқа да мәселелерге қатысты.
Жиында квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы комплаенс қызметтерінің тәуелсіздігіне де ерекше назар аударылды. Комплаенс мамандары жұмысын бағалайтын құрылымдық бөлімшелер мен лауазымды тұлғалардың шешімдеріне тәуелді болмауы керек.
Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, комплаенс қызметтерінің тиімді жұмысы заң талаптарына ғана емес, олардың күнделікті іс жүзінде қалай орындалатынына да байланысты. Бұл ретте мамандардың міндеттерін нақты белгілеу, тиісті еңбек жағдайларын жасау және ұйым басшылығының қолдауы маңызды.
«Біздің ортақ міндетіміз комплаенс мамандары өз жұмысын кәсіби деңгейде атқара алатын жағдай жасау. Ал заңда белгіленген кепілдіктер іс жүзінде жұмыс істеуі керек», – деді бірінші вице-министр.
Елімізде Президенттің бастамасымен 2013 жылдан бері аталып өтетін Еңбек күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов «Еңбек – ел мұраты» іс-шарасына қатысып, халықты жұмыспен қамту, кадрлар даярлау және өндірістік қауіпсіздік саласындағы ЖИ элементтері бар заманауи шешімдермен танысты.
Онда жұмыспен қамтылмаған азаматтарды автоматты түрде анықтайтын және оларға жұмыс ұсынатын Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі платформасы көпшілік назарына ұсынылды. Пилоттық жоба Павлодар және Маңғыстау облыстарында 59 мыңнан астам азаматты қамтыды. Қараша айынан бастап жүйе басқа өңірлерге кеңінен таратылмақ.
Астана әкімдігі Joltap бағдарламасының нәтижелерімен таныстырды, жоба шеңберінде бизнесті немесе фрилансты одан әрі іске қосу үшін 22,2 мың адам жұмыс және цифрлық дағдылар бойынша білім алды. Оның 60%-ы жұмысқа орналастырылды, 2 мыңға жуық адам өздерінің шағын бизнесін ашты.
ТжКБ-ның цифрлық дуальды оқыту платформасы жобасы студенттердің, оқытушылар мен жұмыс берушілердің тікелей байланысын қамтамасыз етеді: Астана қаласының қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі түлектерінің білім алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы 93%-ға жетті.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында цифрлық шешімдер кешені, электрондық наряд-рұқсаттар, жүргізушілердің жағдайын бақылау жүйелері, сондай-ақ нысандарды салу кезінде жарақаттанудың алдын алуға арналған бейнеаналитикасы бар «Ақылды каска» сияқты жасанды интеллект шешімдері ұсынылды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 9,4 млн адам еңбек қызметімен қамтылды, жыл басынан бері 475 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты, электрондық еңбек биржасында 800 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Үкімет өндірістің нақты қажеттіліктері мен еңбек нарығындағы өзгерістерді ескере отырып, кадрларды даярлау бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Кәсіптік оқытуды және технологиялық әрі экономикалық өзгерістерді ескере отырып, мамандарды даярлауды озық қарқынмен дамытуды көздейтін жаңа Жұмыспен қамту бағдарламасы әзірленуде. Цифрлық құзыреттілікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл соңына дейін кәсіптік стандарттармен 600 жұмысшы мамандықты қамту жоспарлануда. ТжКБ жүйесінде жұмыс берушілермен бірлесіп мамандар даярлау күшейтіледі. Дуальды оқытуға 552 колледждің 138 мың студенті және 11 мыңға жуық кәсіпорын қатысады, тағы 43 мың студент жұмыс берушілердің мақсатты тапсырысы бойынша білім алуда.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Еңбек адамына ерекше мән беретінін атап өтті. Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әр азаматтың өмірде өз орнын тауып, отбасын адал еңбекпен асырауына және Отанына пайдасын тигізуге жағдай жасау – ортақ міндетіміз» деп айқындап берді. «Адал азамат» тұжырымдамасына сәйкес еңбекқорлық, жауапкершілік және білімге деген ұмтылыс маңызды қасиеттер ретінде анықталды.
Іс-шара қорытындысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан түрлі кәсіп өкілдеріне мемлекеттік наградалар табыс етілді.
Марапатталғандар:
«Құрмет» ордені иегерлері
ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені иегерлері
«Ерен еңбегі үшін» медалі иегерлері