2026 жылғы 12–16 қазан аралығында Дүниежүзілік банктің өкілдері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне техникалық жұмыс сапарымен келді. Сапар Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы (БЭЗБ) шеңберінде ұйымдастырылды.
Сапардың негізгі мақсаты Қазақстанда салық заңнамасының сақталмау тәуекелдерінің қалай анықталып, бағаланатынын зерделеу, сондай-ақ қазіргі заманғы технологиялар, аналитика және жасанды интеллект салықтық әкімшілендірудің дәлдігі мен тиімділігін қалай арттыра алатынын айқындау болды.
Жұмыс кездесулері барысында Дүниежүзілік банктің өкілдері МКК-ның салықтық тәуекелдерді басқару жөніндегі қолданыстағы тәсілдерімен, цифрлық шешімдерімен, деректер архитектурасымен және аналитикалық жүйелерімен танысты.
Деректер мен аналитикалық модельдердің көмегімен салықтық тәуекелдерді уақтылы анықтау, басым назар аударуды қажет ететін бағыттарды айқындау, салықтық аудит жүргізілетін объектілерді неғұрлым дәл іріктеу, қолданылатын шаралардың тиімділігін бағалау, сондай-ақ салық төлеушілердің өтініштерімен, апелляцияларымен және шағымдарымен жұмыс істеуді жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар болжамдық аналитика мен жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Бұл ретте үлкен көлемдегі деректерді тек жасалған құқық бұзушылықтарды анықтау үшін ғана емес, ықтимал тәуекелдерді алдын ала айқындау және превентивті шаралар қабылдау үшін де пайдалану мәселелері қарастырылды.
Сапар аясында МКК басшылығымен кездесулер және Комитеттің бейінді бөлімшелерімен жұмыс сессиялары өткізілді. Қатысушылар Австрияның, Еуропалық одақ елдерінің тәжірибесін және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) тәсілдерін қоса алғанда, халықаралық тәжірибені қарастырды.
Жұмыстың жеке бағыты деректердің сапасы мен интеграциясына, аналитикалық құралдарды дамытуға және салықтық әкімшілендірудің жұмыс процестерін жетілдіруге арналды.
Сапар қорытындысы бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеу және одан әрі ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау жоспарлануда.
Оларды іске асыру салықтық тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруге, МКК-ның аналитикалық әлеуетін дамытуға және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Тараптар алдағы жұмыс кездесулері аясында бірлескен жұмысты және тәжірибе алмасуды жалғастыруға уағдаласты.
Осылайша, Дүниежүзілік банктің сапары тәжірибе алмасумен ғана шектелмей, Қазақстанда деректерге негізделген қазіргі заманғы салықтық әкімшілендіруді одан әрі дамытуға бағытталған нақты шешімдерді іздестіру алаңына айналды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан аумағында жұмыс істейтін шетелдік интернет-платформалардың салық төлеуін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруда.
Салықтық әкімшілендіру нәтижелері бойынша Pinduoduo бюджетке 6,8 млрд. теңге (15,1 млн АҚШ доллары) аударды.
Сонымен қатар, Claude жасанды интеллект көмекшісін әзірлеуші Anthropic, PBC компаниясы өткен салықтық кезеңдер үшін 1,2 млрд. теңге (шамамен 2,6 млн АҚШ доллары) төледі. Компания камералдық бақылау нәтижелері бойынша жолданған хабарламаларды орындады.
Заңнамада шетелдік интернет-платформалар салық заңнамасының талаптарын орындамаған жағдайда олардың интернет-ресурстарына қолжетімділікті шектеу мүмкіндігі көзделген.
Осыған байланысты Комитет Ұлыбританияда тіркелген Farfetch платформасының операторына камералдық бақылау хабарламасын жолдады. Хабарлама орындалмағандықтан, Қазақстан аумағында Farfetch интернет-ресурсына қолжетімділік шектелді.
Farfetch — киім, аяқкиім және аксессуарлар, оның ішінде танымал брендтердің тауарлары сатылатын халықаралық онлайн-платформа.
Комитет мұндай шаралар тиісті талаптар қолданылатын және Қазақстан бюджеті алдындағы салықтық міндеттемелерін орындамайтын барлық шетелдік интернет-платформаларға заңнамада белгіленген тәртіппен қолданылатынын атап өтеді.
2026 жылғы 7-8 қазанда Брюссель қаласында (Бельгия Корольдігі) Дүниежүзілік кеден ұйымы (бұдан әрі - ДКҰ) Қаржы комитетінің кезектен тыс 112-ші сессиясы өтті. Аталған сессияның жұмысына Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің делегациясы қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер ДКҰ-ны тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету, міндетті мүшелік жарналарды есептеу тетігін жетілдіру және донорлық қаржыландыру саласындағы саясатты қайта қарау болды. Ерікті жарналар бойынша есептіліктің ашықтығын арттыруға және қаржы ресурстарын пайдалану тиімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Сессия барысында қатысушылар Қаржы комитеті мен Саяси комиссия жұмысының үйлесімділігін нығайту, халықаралық ұйымдардағы еңбекақы төлеу жүйелеріне қатысты жаңартылған салыстырмалы талдау, сондай-ақ 2026/2027 қаржы жылына арналған қаржылық перспективалар мәселелерін қарастырды.
Қазақстан үшін Ұйымға мүше елдер арасындағы қаржылық жүктемені теңгерімді бөлу, бюджеттік міндеттемелердің болжамдылығын қамтамасыз ету және техникалық көмек бағдарламаларының қолжетімділігін сақтау басымдыққа ие. Аталған тәсілдер ДКҰ бастамаларының тұрақты әрі тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі - Комитет) Төрағасының 26.12.2025 жылғы № 1395 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша семинарларды өткізу жоспарына сәйкес, 2026 жылғы 14 - 16 қазан аралығында ҚР ҚМ МКК Оқу-әдістемелік орталығы мен Комитеттің Заң басқармасы бірлесіп «Мемлекеттік кірістер органдарының әкімшілік істерді қарау жөніндегі сот практикасының ерекшеліктері және әкімшілік тәжірибе мәселелері» тақырыбына ZOOM платформасы арқылы қашықтықтан семинар өткізді.
Іс-шараның мақсаты – әкімшілік сот ісі жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Семинарға тыңдаушылар ретінде мемлекеттік кірістер органдары аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.
Семинар тыңдаушылары үшін ZOOM платформасы арқылы дәріс оқылды, дәріскерлер ретінде:
- ҚР ҚМ МКК Заң басқармасының бас сарапшысы – Кожекенова Венера Вячеславовна;
- ҚР ҚМ МКК Заң басқармасының бас сарапшысы – Умбеталиева Аида Белградовна сөз сөйледі.
Семинарға қатысушылардың тарапынан дәріскерлерге сұрақтар қойылып, оларға толық жауаптар берілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша 106 қатысушы біліктілігін сәтті арттырғандығы туралы электронды сертификаттарын алды.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айлары аралығында 948 кедендік тексеру жүргізілген. Тексеру нәтижелері бойынша қосымша 29,6 млрд. тг. есептеліп, 19,6 млрд. тг. өндіріп алынды.
Өткен жылмен салыстырғанда қосымша есептелген сомалар 195%-ға, ал өндіріп алынған сомалар 247%-ға өсті.
Кедендік тексерулердің 84%-ында бұзушылықтар анықталды.
Бұзушылықтардың түрлері
Кедендік тексерулер жүргізу барысында анықталатын бұзушылықтардың ішінде келесілер ерекшеленеді:
- Кедендік құнды дұрыс айқындамау – 40%.
- Тауарларды СЭҚ ТН бойынша дұрыс сыныптамау – 20%.
- Пайдаланылуы және (немесе) оған билік етуі шектелген тауарларды мақсатсыз пайдалану – 17%.
- Кедендік рәсімдердің шарттарын бұзу – 5%.
Бұл ретте бұзушылықтардың негізгі үлесі цифрлық майнинг қызметін жүзеге асыратын СЭҚ қатысушыларға – 19%, тауарлардың кең ассортиментімен көтерме сауда жасауға – 16,2%, тауарлармен көтерме-бөлшек сауда жасауға – 13,5%, энергетикалық сусындар өндіруге – 4% тиесілі.
Кедендік тексерулердің нәтижелері бойынша кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар қосымша есептеледі, кедендік декларацияларға түзетулер енгізіледі, сондай-ақ құқық бұзушыларды жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылданады.
Кедендік тексерулердің тиімділігін арттыру мақсатында бұзушылықтар схемаларын және кедендік бақылау тәуекелдері бар объектілерді анықтау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіледі.
Қазіргі уақытта ҚХР-нан тәуекел тобына жатқызылған «жалпақ металл прокаты» тауарларын әкелетін бірқатар компанияларға қатысты тексеру іс-шаралары жүргізілуде. Аталған компаниялар демпингке қарсы бажды төлеу жөніндегі міндетті тиісінше орындамау белгілері бойынша тәуекел тобына жатқызылған.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов бастаған қазақстандық делегация «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы Салықтық әкімшілендіру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі 7-ші форумға (BRITACOF) қатысуда. Форум 2026 жылғы 13–15 қазанда Индонезияның Джакарта қаласында өтуде.
Форумға 38 елдің салық әкімшіліктері мен 30 бақылаушы ұйымның өкілдері қатысуда. Кездесудің басты мақсаты – тәжірибе алмасу және салық органдарының жұмысын заманауи талаптарға сай жетілдіруге, ал салық міндеттемелерін орындауды азаматтар мен бизнес үшін түсінікті әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік беретін тиімді шешімдерді іздеу.
Талқылаудың негізгі тақырыптары – салықтық әкімшілендіруді цифрландыру, экономиканың өзгеріп жатқан нысандарымен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері және салық міндеттемелерін орындауды жеңілдету.
Қазақстан үшін мұндай алаңдар, ең алдымен, басқа елдердің табысты шешімдерін зерделеуге және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, ең тиімді тәжірибелерді қолдануға мүмкіндік беруімен маңызды.
Форум аясында қазақстандық делегация Қытай, Индонезия және Біріккен Араб Әмірліктерінің салық қызметтері басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар салықтық әкімшілендіруді дамыту мәселелерін талқылап, практикалық тәжірибе алмасты.
Халықаралық ынтымақтастық Қазақстанға салық жүйесін одан әрі жетілдіру кезінде, соның ішінде цифрлық сервистерді дамыту, әкімшілік жүктемені азайту және салық төлеушілер үшін неғұрлым ашық әрі қолайлы жағдайлар жасау бағыттарында әлемдік тәжірибені ескеруге мүмкіндік береді.
Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында шетелдік салық әкімшіліктерімен өзара іс-қимылды дамытуды жалғастырып, цифрландыруға, ашықтыққа және салықтық әкімшілендіру сапасын арттыруға ерекше назар аударуда.
2026 жылғы 14 қазанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының орынбасары Жайдар Инкербаевтың «Huawei Technologies Kazakhstan» компаниясының өкілдерімен кездесуі өтті.
Кездесу бұған дейін өткізілген бейнеконференцияның жалғасы болып, мемлекеттік кірістер саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану перспективаларын, сондай-ақ технологиялық ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылауға арналды.
«Huawei Technologies Kazakhstan» - Қазақстандағы халықаралық Huawei технологиялық компаниясының ресми өкілдігі. Компания ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, телекоммуникациялық инфрақұрылымды және цифрлық шешімдерді дамытуға маманданған.
Кездесу барысында тараптар жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді техникалық қамтамасыз ету мәселелерін, оның ішінде есептеу қуаттарын, графикалық процессорларды (GPU) пайдалануды және тиісті инфрақұрылымды ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің қажеттіліктерін ескере отырып, қажетті есептеу ресурстарын қамтамасыз ету тәсілдеріне, технологиялық шешімдерді таңдауға және оларды тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін бағалауға ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ықтимал техникалық шешімдерді одан әрі пысықтау және жасанды интеллект технологияларын енгізу саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
2026 жылғы 12-14 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Оқу-әдістемелік орталығы Комитеттің Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасымен бірлесіп «Жалпыға бірдей декларациялау мәселелері бойынша жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер» тақырыбында семинар өткізді.
Іс-шараның мақсаты - жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру, әділ салық салуды қамтамасыз ету, жеке тұлғалардың кірістерін тиімді бақылау және көлеңкелі экономиканы төмендету.
Семинарға тыңдаушы ретінде аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында ZOOM платформасы арқылы дәрістер оқылып, лектор ретінде:
- Мурзагалиева Лаззат Имангельдиевна – Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары;
- Хасенова Гульден Сейтахметовна - Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы сөз сөйледі.
Семинар барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға лекторлар толыққанды жауаптар берді.
Семинар қорытындысы бойынша 176 қатысушыға біліктілікті арттыру туралы сертификаттар табысталды.
12 қазанда Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің кеден әкімшіліктері басшыларының 12-ші отырысы өтті.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің делегациясын Комитет төрағасы Жандос Дүйсембиев басқарды.
Қырғыз Республикасы Мемлекеттік кеден қызметінің басшысы Улан Кимсановтың төрағалығымен өткен отырысқа Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстан кеден қызметтерінің басшылары, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев және Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Иан Сондерс қатысты. Сондай-ақ Түрікменстан Мемлекеттік кеден қызметі мен Халықаралық автомобиль көлігі одағының (IRU) өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі қорытындыларының бірі - деректермен цифрлық алмасу, кедендік рәсімдерді оңайлату және транзиттік бағыттарды дамыту бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізілуі.
2027 жылғы 1 наурызға дейін кеден қызметтері Оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісім шеңберіндегі ақпарат алмасудың техникалық шарттарын іске асыруды аяқтауды жоспарлап отыр.
Бұл ТМҰ елдерінің кеден қызметтері арасында деректермен электрондық алмасудың пилоттық режиміне көшуге мүмкіндік береді. Оның ресми іске қосылуы Түркияда өтетін келесі отырыста жоспарланып отыр.
Бизнес пен халықаралық тасымалдаушылар үшін мұндай алмасу кедендік рәсімдерден жедел өтуге және елдер арасындағы жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Кедендік тәуекелдерді басқаруға және кеден зертханалары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды. 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін елдер тәжірибе алмасудың өзекті бағыттары бойынша ұсыныстарын жолдайды, содан кейін ТМҰ Хатшылығы олардың жиынтық тізбесін қалыптастырады.
Қазақстан мен Өзбекстан кеден зертханаларының екіжақты ынтымақтастық тәжірибесін таныстырып, ТМҰ-ның басқа мемлекеттерін осы өзара іс-қимылға қосылуға шақырды.
Сондай-ақ 2027-2031 жылдарға арналған ТМҰ-ның кедендік ынтымақтастығы жөніндегі Іс-қимыл жоспарын («жол картасын») әзірлеудің кезеңдік кестесі және уәкілетті экономикалық операторлар бағдарламалары саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумды дайындау кестесі келісілді.
Қатысушылар цифрландыру және тасымалды оңайлатудың басқа да бағыттарын, соның ішінде eTIR рәсімін енгізу, «бір терезе» қағидатын дамыту және Транскаспий кедендік транзит порталын пайдалану мәселелерін талқылады.
Осы шешімдерді іске асыру шекарадан өтуді одан әрі жеделдетуге, кедендік рәсімдердің тиімділігін арттыруға және ТМҰ елдерінің, оның ішінде Орта дәліз шеңберіндегі транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған.
Отырыс қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар мен оларды іске асыру мерзімдерін бекітетін Хаттамаға қол қойылды.
ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің кеден әкімшіліктері басшыларының 13-ші отырысы 2027 жылы Түркия Республикасында өтеді.
2024 жылғы қараша айынан бастап «КEDEN» цифрлық жүйесінде «КБжС бойынша міндеттемені орындауды қамтамасыз етуді тіркеу» модулі жұмыс істейді. Аталған модуль кедендік рәсімдерді жүзеге асыру кезінде және көзделген өзге де жағдайларда, сондай-ақ заңды тұлғалардың тізілімдік қызметі шеңберінде кедендік баждар мен салықтарды төлеу жөніндегі міндеттемені орындауды қамтамасыз етуді (бұдан әрі - қамтамасыз ету) тіркеуге өтініш беруді көздейді.
Бірыңғай ақпараттық кеңістік шеңберінде мемлекеттік қызмет көрсетудің толық циклі - өтініш беруден және қажетті тексерулерді жүргізуден бастап қамтамасыз етуді тіркеуге және оны кедендік операцияларды жүзеге асыру кезінде одан әрі пайдалануға дейін қамтамасыз етіледі.
Ұсынылатын мәліметтерді тексеруді автоматтандыру мақсатында «КEDEN» ЦЖ ақпараттық жүйелермен интеграциялар іске асырылды. Атап айтқанда, сақтандыру шарттары мен банктік кепілдіктер туралы мәліметтерді алу, сондай-ақ кепіл шарттары бойынша ауыртпалықтың бар-жоғын тексеру қамтамасыз етіледі. Бұл ақпараттық жүйеде СЭҚҚ қосымша сұрау салмай және тиісті құжаттарды ұсынуды талап етпей қажетті тексерулерді жүргізуге мүмкіндік береді.
Жүйеде өтініш пен қамтамасыз етудің мәртебелерін оны қабылдау, тіркеу кезеңдерінде, сондай-ақ тиісті кедендік рәсімдер мен жағдайлар шеңберінде қамтамасыз етуді пайдалану кезінде көрсету көзделген.
Қамтамасыз ету мөлшерін есептеу нысанын (ҚМЕН) пайдалануды көздейтін жағдайларда сыртқы экономикалық қызметке қатысушыға (СЭҚҚ) тауарларға арналған декларацияны (ТД) бергенге дейін одан әрі ТД-мен байланыстыруімен қамтамасыз етуді тіркеуге өтініш беру және таңдалған әрекет ету тәртібіне қарай - ҚМЕН қалыптастырылғаннан кейін өтініш беру мүмкіндігі ұсынылады. Бұл ретте жүйеде қамтамасыз ету сомасының жеткіліктілігін автоматты түрде тексеру іске асырылған. Қамтамасыз ету тіркелгеннен кейін ТД бақылауды аяқтау карточкасында көрсетіледі.
Бұдан басқа, жүйе декларанттың БСН/ЖСН-інің, қамтамасыз етуді қолдану негізінің және оның мәртебесінің қамтамасыз етуді пайдалануға қажетті талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді.
Аталған тетіктерді іске асыру қолмен орындалатын операциялардың санын одан әрі қысқартуға, қамтамасыз етуді ұсыну процесін жеделдетуге және оны «КEDEN» ЦЖ тікелей электрондық форматта ресімдеуді және пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.