
2025 жылдың 24 ақпанында Астана қаласында «Esil University» базасында «Қазақстан Республикасындағы салық салуды трансформациялау мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға университет ректоры Таубаев Аяпберген Алданаевич құттықтау сөзін айтып, академиялық қауымдастық пен мемлекеттік органдар арасында салықтық реттеу мәселелері бойынша диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Оқу-әдістемелік орталығының басшысының орынбасары Федорова Виктория Сергеевна және аталған орталықтың бөлім басшысының міндетін атқарушы Калиев Жунусбек Артурович, сондай-ақ «Қаржы» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Лукпанова Жанар Оралханқызы және Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Сорбонна-Қазақстан институтының аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Бирмағамбетов Талғат Балтабайұлы қатысты.
Дөңгелек үстел барысында салық салуды және салық әкімшілендіруді трансформациялау мәселелері, кәсіпкерлік қызметті салықтық реттеу, салық әкімшілендіруде жасанды интеллектіні қолдану, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыру және орындау мәселелері талқыланды. Қатысушылар баяндамалар жасап, салықтық реттеу саласындағы пікірлерімен бөлісті.
Дөңгелек үстелден кейін академиялық мәселелер жөніндегі проректор, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мақыш Серік Биханұлы және факультет деканы, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Алина Гульжан Балтабаевнамен екіжақты кездесу өтті. Кездесу барысында ынтымақтастық туралы меморандум жасау мәселелері талқыланды.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдерінің мұндай іс-шараларға қатысуы ғылыми қауымдастықпен белсенді ынтымақтастық орнатуға, үздік тәжірибелермен алмасуға және салықтық әкімшілендіру мен білім беру саласында заманауи тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.