
2025 жылғы 3 ақпанда Астана қаласында Орталық Азия мен Кавказ елдерінің (Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) өкілдерінің қатысуымен Тәуекелдерді басқару бойынша Шебер-жаттықтырушылар бағдарламасы жұмыс тобының 2-отырысы өз жұмысын бастады. Іс-шара ағымдағы жылдың 7 ақпанына дейін жалғасады.
Отырыстың негізгі мақсаты – кеден қызметкерлерінің құзыреттілігін одан әрі нығайту, тәуекелдерді тиімді басқару дағдыларын дамыту, сондай-ақ тауарларды шығару уақытының мониторингі мен талдау механизмдерін жетілдіру.
Іс-шараға кеден ісі саласындағы жетекші мамандар, сондай-ақ түрлі елдерден келген Дүниежүзілік кеден ұйымының тәуекелдерді басқару жөніндегі сарапшылары жиналды.
Құттықтау сөзін:
– ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің атынан Абилова Ботагоз Нурсапаевна – ҚР ҚМ МКК Оқу-әдістемелік орталығы басшысы;
– Дүниежүзілік кеден ұйымы (ДКҰ) Құзыреттілікті арттыру директоратындағы ДКҰ/JICA бірлескен бағдарламасының жетекшісі Мотохиро Фуджимицу
– Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) Жергілікті кеңсесінің жобаларды әзірлеу жөніндегі кеңесшісі Сатоши Цудзи сөйледі.
Ботағоз Абилова бірінші отырыстың тәуекелдерді басқару саласында мамандар даярлаудың тиімді жүйесін құру жолындағы маңызды қадам болғанын, сондай-ақ жоғары деңгейдегі өзара түсіністікті көрсеткенін атап өтті. Ол екінші отырыстың, әдістеме мен оқыту стильдеріне бағыттала отырып, бағдарламаны тиімді іске асыру үшін ең үздік тәсілдерді әзірлеуге көмектесетініне үміт білдірді.
Дүниежүзілік кеден ұйымы (ДКҰ) мен Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) әзірлеген бұл жаттықтырушыларды даярлау бағдарламасы мамандарды қазіргі заманғы тәуекелдерді басқару және талдау әдістерін тиімді енгізу үшін қажетті білім мен дағдылармен қамтамасыз етеді.
Іс-шараны өткізуге техникалық қолдауды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жанындағы Қазақстанның халықаралық даму агенттігі (KazAID) көрсетуде.
2-отырыста біліктілік даярлау жүйесі, ересектерді оқыту қағидаттары, сондай-ақ оқу қажеттіліктерін талдау және білім беру бағдарламаларының мақсаттарын айқындау сияқты бірқатар маңызды тақырыптар қарастырылуда. Ерекше назар шебер-жаттықтырушылар даярлаудың тиімділігін арттыруға және тәуекелдерді басқару саласындағы практикалық дағдыларды жетілдіруге бағытталған оқыту әдістеріне бөлінуде.
Іс-шара әртүрлі елдер арасында өзара тиімді әріптестік қатынастар орнату және кедендік технологиялар мен процестер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін тамаша платформаға айналады.
Толық ақпарат:
https://www.wcoomd.org/en/topics/capacity-building/activities-and-programmes/cooperation-programmes/the-wco-jica-joint-project.aspx (сайт ВТамО/JICA)