
2024 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті онлайн форматта өткен IOTA вебинарына қатысты. Вебинардың тақырыбы — “ЕО Кеңесінің 2021/514 Директивасы (DAC7) аясында алынған жаңа ақпаратты тиімді пайдалану”.
Вебинар цифрлық платформалар операторлары ұсынған мәліметтерді тиімді пайдалану және салық заңнамасының бұзушылықтарын анықтау мәселелеріне арналды. Іс-шараға IOTA-ға мүше елдердің салық әкімшіліктерінің өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты.
Вебинардың негізгі тақырыптары:
- Цифрлық платформалар ұсынған деректерді пайдалану арқылы заң бұзушылықтарды анықтау;
- Цифрлық платформалар ұсынған ақпаратты басқару мен ұсыну әдістері;
- Юрисдикциядан тыс жерлерде жұмыс істейтін платформалар мен жеткізушілер жасаған бұзушылықтарға қарсы әдістер;
- ЕО және ЕО-дан тыс елдер арасындағы ақпарат алмасу және эквиваленттілікті қолдану.
Күтілетін нәтижелер:
- Цифрлық платформалардан алынған ақпаратты салық заңнамасының бұзушылықтарын анықтау үшін тиімді пайдалану бойынша тәжірибе алмасу;
- DAC7 шеңберінде ұсынылатын ақпаратты алмасу мен басқару мәселелерін тереңірек түсіну;
- Шетелдік юрисдикцияларда жұмыс істейтін операторлар мен жеткізушілердің бұзушылықтарына қарсы ықтимал шараларды талқылау.
Вебинар барысында салық әкімшіліктері арасындағы тәжірибе алмасу және үздік тәжірибелерді үйрену мүмкіндігі болды. Бұл іс-шара Мемлекеттік кірістер комитетінің цифрлық платформалардан алынған деректерді тиімді пайдалану дағдыларын жақсартуға және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға ықпал етті.