Кеден жүйесін дамытудың жаңа сын-тегеуріндері, басым бағыттары мен тенденциялары: әлемдік аспект

Кеден жүйесін дамытудың жаңа сын-тегеуріндері, басым бағыттары мен тенденциялары: әлемдік аспект

        2024 жылғы 30 қазанда Ташкент қаласында кеден жүйесінің даму перспективалары мен өзекті мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы онлайн форматта өтті. Өзбекстанның Кеден комитеті мен Кеден институты ұйымдастырған іс-шараға түрлі елдерден жетекші сарапшылар, ғалымдар және тәжірибелі мамандар кеден қызметін жаңғыртудағы заманауи тәсілдерді, қиындықтарды және стратегияларды талқылау үшін жиналды.

      Конференцияны ресми ашу рәсімінде Өзбекстан Кеден комитеті төрағасының орынбасары және Кеден институтының басшысы қызметін атқарушы, полковник Мираъзам Хамраев құттықтау сөз сөйледі. Пленарлық отырыстың модераторы ретінде Кеден институтының тауарларды сараптау және жіктеу кафедрасының меңгерушісі, профессор, экономика ғылымдарының докторы Шахиста Муратова сөз сөйледі.

      Пленарлық бөлімде келесі жетекші сарапшылар баяндамалар жасады:

      - Экономика ғылымдарының докторы, академик Саидахрор Гулямов Өзбекстанда интеллектуалды кеденді дамыту стратегиясымен таныстырды;

     - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Лаззат Касымкулова контрабанданың алдын алу үшін инспекциялық-сканерлік құрылғыларды қолдану туралы баяндама жасады;

     - Өзбекстан Кеден комитетінің Стратегиялық жоспарлау және кедендік рәсімдерді жеңілдету басқармасының басшысы Фарход Олимжонов ДСҰ-ның сауда рәсімдерін жеңілдету нормаларын енгізу туралы айтты;

     - Әзербайжан Кеден комитетінің профессоры Эльвин Алирзаев жеткізу тізбегінің тұрақтылығы мәселелеріне арналған баяндамасын ұсынды.

      Пленарлық баяндамалардан кейін қатысушылар кедендік қызметтің әртүрлі аспектілеріне арналған секциялық отырыстарда пікір алмасып, өзекті тақырыптарды талқылады. Бұл сессиялар интеграциялық процестер, тарифтік реттеу, тауарларды ғылыми жіктеу әдістері және заманауи басқару әдістеріне арналды.

      Конференция кеден саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетті, заманауи сын-тегеуріндерге жауап бере алатын интеллектуалды кеден жүйесін құрудың және озық технологияларды енгізудің қажеттілігіне назар аударды. Талқылаулар барысында қатысушылар кеден қызметінің құқықтық базасын нығайтуға, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және кеден қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірледі.

      Конференция соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді, ал ұйымдастырушылар жаһандық экономика жағдайында кеден жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында мемлекетаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды жалғастыруға үміт білдірді.