Валюталық бақылаудың алғашқы нәтижелері

Валюталық бақылаудың алғашқы нәтижелері

       2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті валюталық бақылау органдарының біріне айналды. Функцияларды бергеннен кейін қандай жұмыстар атқарылды және алда қандай міндеттер тұрғанын МКК-де өткен баспасөз конференциясы барысында валюталық бақылау басқармасының басшысы Ержан Таниев айтып берді.

      МКК-ге тауарлар/жұмыстар/көрсетілетін қызметтер бойынша ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялауды мониторингтеу және бақылау, құжаттамалық тексерулерді жүзеге асыру, валюталық заңнаманы бұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту, оның ішінде құқық қорғау органдарына істерді жолдау бойынша функция жүктелді.

      Осылайша, «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заңның 9-тармағына сәйкес экспорт/импорт бойынша валютаны репатриациялау деп сыртқы экономикалық қызметке қатысушының банктік шоттарына экспорттан түсетін валюталық түсімді есепке жатқызу немесе егер тауарды жеткізу жөніндегі міндеттемелерді бөтен серіктес (контрагент) орындамаса, импорт бойынша валютаны қайтару түсініледі.

      Бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылды және тиісті заңнамалық өзгерістер енгізілді. Ұлттық банк Мемлекеттік кірістер комитетіне өзінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне қолжетімділік берді.

     Ағымдағы жылдың 2 айының қорытындысымен бақылау іс-шараларын жүргізудің мынадай нәтижелері бар.

     Ұлттық банктен алынған 3 828 материал бойынша тексеру іс-шаралары жүргізілуде, оның нәтижесінде 200-ден астам материал Экономикалық тергеу қызметіне берілді, ӘҚБтК-нің 251-бабымен 9 материал бойынша жалпы сомасы 77 млн.теңгеге әкімшілік айыппұл салынды (валютаны репатриациялау мерзімдерін бұзу).

     1 қаңтардан бастап 936 млн. АҚШ доллары сомасына валютаны репатриациялау мерзімдерін бұзу белгілері бар 3316 материал келіп түсті. Бұзушылықтардың 40%-ы расталмады немесе құжаттамалық тексеру жүргізілуде, қалғандары қарауға дайындалуда.

     ӘҚБтК-нің 244-бабымен (валюталық шарт үшін есептік нөмірді алу тәртібін бұзу) 33 материал бойынша ескертулер берілді.

     Осыған байланысты мемлекеттік кірістер органдары берілген және келіп түскен материалдарды валюталық, әкімшілік және қылмыстық заңнама нормаларын сақтай отырып қарайды.

      Қазіргі уақытта Бірлескен бұйрыққа өзгерістер енгізу арқылы валюталық бақылау бөлігінде Қаржылық мониторинг агенттігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің өзара іс-қимыл тәртібін ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

      Бас прокуратура мен ҚМА Қылмыстық кодекске жаңа «Валюталық құндылықтарды заңсыз әкету, жіберу және аудару» 235-1-бапты қолдану мәселесін талқылауда.

     Мәжілісте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарына валюталық бақылауды күшейту бойынша түзетулер қаралуда.

     МКК алдында жақын арада жүзеге асырылуы тиіс көптеген міндеттер тұр:

  • Ұлттық банк берген материалдарды қарауды аяқтау;
  • валюталық бақылаудың жаңа ақпараттық жүйесін әзірлеп, Ұлттық банктің жүйесімен интеграциялау;
  • Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің нормаларын заман талабына сай келтіру;
  • ҚМА-ға қылмыстық істерді қозғау үшін материалдарды беру бойынша практика әзірлеу;
  • валюталық шарттардың есептік нөмірлері бойынша деректерді көрсету үшін салық есептілігінің нысандарына өзгерістер енгізу;
  • валюталық бақылау бойынша тәуекелдерді басқару жүйесін әзірлеу.

      Осылайша, валюталық бақылау тетігі валютаны репатриациялауға (қайтаруға) және валюталық заңнаманы бұзушылықпен күресуге ғана емес, сонымен қатар заңсыз шығарылған капиталды қайтаруға жәрдемдесуге де бағытталуы тиіс.